Жаз уақытында шомылу тақырыбының орны ерекше. Қала тұрғындарының қауіпсіз жерде демалып, белгіленген ережелерді ұстануына орай жазатайым оқиғалардың саны да азаймақ. Бұл жайлы азаматтық қорғаныс басқармасының өкілдері брифинг барысында сөз етті.
Шомылу маусымына дайындық туралы баспасөз мәслихатында құзырлы мекеме облыс аумағында 47 жағажай бар екенін мәлім етті. Оның ішінде 27-сі — коммуналдық, 20-сы — жеке меншікке тиесілі. Биыл жазда жағажайда бос уақыттарын өткізетін тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық және тәжірибелік кешенді жоспар іске асырылады.
Өңірлік азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы подполковник Қыдыржан Нәскенов тұрғындардың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша көктем мезгілінен бастап 1164 рейдтік шара, оның ішінде түнгі уақытта 6844 жадынама нұсқау беріліп, білім басқармасымен бірлесіп оқу орындарында ашық сабақ пен тәрбие сағаттары өткізіліп, сондай-ақ, 526 қауіпсіздік бұрышы орнатылғанын айтты.
Одан бөлек, жаз маусымында Ertis Promenade сахнасында «Бақытты балалық шақ» қауіпсіздік мектебі қайта іске қосылды. Онда Орталық жағалауға келген балалар мен ересектер апта сайын судағы қауіпсіздік ережелерін, жүзу қабілетін және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуді үйренеді.
Сонымен қатар, былтыр облыс аумағындағы 123 каркасты-модульдік бассейндерде 5200 оқушы жүзуін үйренген. Өңір бойынша учаскенің сипаттамасы берілген 45 тыйым салу QR-кодтары орнатылды.
Салтанат ҒАББАС.