Жаздың үш айы – адамдар үшін қызық пен қуанышқа кенелетін, жылына бір айналып келетін демалысты барынша тиімді де тартымды өткізуге тырысатын уақыт. Жазғы қызықтың бірі өзендер мен көлдерде екені бәрімізге аян. Өкінішке қарай, бұл уақытта талай адамның ажалы осы судан келіп жатқаны да жасырын емес. Ендеше, облыста адамдар шомылуға арналған қанша су айдыны бар? Қандай жағалауға баруға болмайды? Тыйым салынған жерге барған тұрғындарға қандай шара қолданылады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабы Instagram-дағы «Saryarqa_samaly» парақшасында өткен «Тікелей желіде» толық айтылды. Эфир қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.
Тілші сауалы:
— Темірлан Мейрамбекұлы, облыс аумағында шомылуға рұқсат берілген қанша су айдыны бар? Сұхбатты осыдан бастасақ…
— Жергілікті әкімдіктердің құжаты бойынша бекітіліп, рұқсат етілген 47 су айдыны бар. Оның 27-сі коммуналдық, 20-сы жекеменшік жағажай болып есептеледі.
— Ал рұқсат етілмеген қанша жағалау бар? Оларды тұрғындар қалай ажыратады?
— Облыс көлемінде өзендер мен көлдерде мүлдем шомылуға болмайтын 128 жағалау бар. Бұл орындарға байланысты әкімшілікпен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп арнайы жұмыстар жүргізіледі. Енді «Қандай белгілер бар?» деген сұраққа келер болсақ, алдымен шомылуға болмайды дегенді білдіретін арнайы белгілер толық орнатылған. Барлығы көзге көрініп тұр. Сонымен қатар, 2 ГИС мобильді қосымшасына да су айдындары туралы ақпарат енгізілген. Яғни, шомылуға болады немесе болмайды деген мәліметтерді осы қосымшадан да білуге болады. Одан бөлек, жағажайдағы белгілерде QR-код орнатылған. Сол кодты сканерлеу арқылы сол аумақтағы жағалаудың қандай жағдайда, қандай тереңдікте екенін білуге болады. Онда шомылуға тыйым салынған орындарға неге шомылуға болмайтыны туралы ақпараттар бар. Себебі, адамдарға ауызша айтсаңыз, сенбеуі мүмкін. Сондықтан, өздері көздерін жеткізіп барып, әлгіндей қауіпті жағалаулардан алыс жүрсін деген мақсатта жасалған. Тіпті, сол аумақта бұған дейін қандай да бір оқыс оқиға тіркелген болса сол деректерді де дәлел ретінде көрсетіп қояды. Біздің тарапымыздан жүргізілетін сақтық шараларының екінші тәсілі – әлеуметтік желілер арқылы хабар тарату. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Instagram-дағы және telegram-дағы ресми парақшаларында қажетті аққпараттарды беріп отырамыз. Одан бөлек, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, халыққа қажетті мәліметтер таратылуда.
Марат, Ақсу қаласы:
— Рұқсат етілмеген жерге шомылған тұрғындарға қандай шара қолданылады?
— Рейдтік шаралар барысында тыйым салынған жағалауда шомылу дерегі жиі тіркеліп жатыр. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды өзенге қараусыз жіберу жағдайы да жиі кездесуде. Мұндай жағдайда ескертуді елемей, тәртіп бұзған азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 412- бабына сәйкес 7 (АЕК) айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Биылғы шомылу маусымы басталғалы 36 хаттама толтырылды. Одан бөлек, су аттракциондары мен катамарандарды қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған адамдар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Арман, Павлодар қаласы тұрғыны:
— Темірлан мырза, Павлодар қаласының аумағындағы суға шомылуға рұқсат етілген жағалаулар туралы айтып берсеңіз…
— Павлодар қаласының аумағында тұрғындарға суға шомылуға рұқсат берілген жеті жағалау бар. Оның төртеуі — коммуналдық, үшеуі — жекеменшік. Шомылуға арналған су айдынының екеуі – Усолка шағын ауданының тұсында, екеуі – орталық жағажайда, ал үшеуі – Ертіс өзенінің арғы жағасында. Яғни, ол жаққа қайық арқылы өтіп барып, демалуға болады.
Тілші сауалы:
— Павлодар қаласының тұрғындары тыйым салынған болса да қандай жағалауларға жиі барады?
— Біз жазғы шомылу маусымы басталғаннан кейін адамдардың жиі баратын орындары туралы рейтинг жасадық. Соның барысында анықталғандай, облыс орталығында адамдар демалуға жиі баратын бірнеше орын бар. Яғни, көпшілік шомылуға тыйым салынған белгілерге қарамайды. Соның бірі –
Усолка өзені, екіншісі — «Зеленая роща» демалыс аймағы. Бірақ бұл аумақтардың қай-қайсысын алсаңыз да суға шомылуға рұқсат берілмеген. Олар адамдар суға көп бататын қауіпті аймақтар саналады.
— Жаз мезгілі – облыстық төтенше жағдайлар депар-таментіне, соның ішінде құтқарушылар жасағына ең көп салмақ түсіретін уақыт. Жалпы, тұрғындарды судан құтқару жұмысы қалай ұйымдастырылған? Мамандар жеткілікті ме?
— Министрліктің қолдауымен жыл сайын техникаларды жаңартып отырамыз. Оның ішінде қайықтар, құтқару жасағына қажетті құралдар, сүңгуірлердің құрал-жабдықтары бар. Біздің департаментке қарасты жедел құтқару жасағының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Павлодар қаласында екі станция орнатылған. Оның бірі –
орталық жағалауда, екіншісі – Усолка шағын ауданының тұсында. Құтқару жасағының құрамында 95 адам жұмыс істейді. Оның 85-і құтқарушы болып қызмет етеді. Яғни, кадрлар жеткілікті. Шомылу маусымы басталмас бұрын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылып, сақадай-сай дайындықпен кірісті. Осылайша, жаз уақытында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары барынша жоғары деңгейде жүргізілуде. Жақында облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, оқушыларға практикалық іс-шаралар өткізілді. Онда су айдындары туралы мәлімет беріліп, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді.
— Осы уақытқа дейін құтқа-рушылар қанша адамның өмірін сақтап қалды және қанша оқыс оқиға тіркелді?
— Шомылу маусымы ашылғаннан бері біздің құтқарушылар үш адамды суға батудан құтқарып қалды. Барлық оқыс жағдай Павлодар қаласының аумағындағы жағалауларда тіркелді. Яғни, көбі өзен жағасына алкогольді ішімдік ішіп, мас күйінде барған. Бұл өте қауіпті. Олар ішімдікке «тойып» алған соң бойларындағы күштері тасып, судың ортасына қарай кетеді. Бұл — өз өмірін өзі қатерге тігу деген сөз. Судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында Ертіс өзені бойында төрт мобильді бекет орнатылған. Құтқарушылар осы бекеттер арасында әр 1,5-2 сағат сайын ауысып, бақылап жүреді. Сонымен қатар, екі оқыс оқиға тіркеліп, екі адам су ішінде қаза болды. Оның бірі – Павлодар қаласында, екіншісі Екібастұз ауылдық аймағында болды. Біріншісі ересек адам болса, екіншісі — 2009 жылғы жасөспірім бала. Бұл бала Шаңдақсор ауылы аумағындағы жасанды су тоғанына шомылуға барған…
Мәриям, Ақтоғай ауданы:
— Тұрғындарға жаз мезгі-лінде қандай ескерту айтар едіңіз?
— Жалпы, адам баласы өзінің өмірі үшін өзі жауапты болуы керек. Сондықтан, алдымен өзенге, көлге барар кезде шомылатын орынды дұрыс таңдаңыздар. Екіншіден, алькоголді ішімдік ішкеннен кейін суға баруға болмайды. Үшіншіден, суға шомылу кезінде арнайы белгілерден аспау керек, яғни, өзіңізге сенімсіз болсаңыз, өзеннің терең жеріне баруға болмайды. Төртінші, өзен-судың жағасына барған кезде кішкентай балалардың әр қадамын байқап жүру керек. Себебі, ойынның қызығына кірген балалар байқаусызда судың ортасына қарай кетіп қалады.
— Жоғарыда оқыс оқиға-лардың бірі Екібастұз ауылдық аймағында тіркелді дедіңіз. Жалпы, Ақсу және Екібастұз аумағын басып өтетін Ертіс-Қарағанды кана-лында шомылуға арналған жағалаулар бар ма?
— Ертіс-Қарағанды каналын мүлдем қолдануға болмайды. Яғни, шомылуға, су алуға, көлік жууға, мал суаруға тыйым салынған. Өкінішке қарай, ауыл адамдары оған мән бермейді, балаларына да дұрыс түсіндірмейді. Әсіресе, канал жағалауында орналасқан елді мекеннің жастары жиі барады. Өкінішке қарай, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Бұның барлығы ескертуді елемегеннің, сақтық шарасына мән бермегеннің кесірі деп білеміз.
— Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
«Тікелей желіні» жүргізген – Тілеуберді САХАБА.