Биыл Павлодар қаласында «Супер халыққа қызмет көрсету орталығы» ашылады. Жаңа форматтағы инновациялық орталық мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жақсартуға бағытталған. Тұрғындар көп мекеменің есігін қақпай, бір орыннан қажетті қызметті алатын болады әрі уақыт үнемдейді. Жұртшылықтың мәселесін шешуге мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың мамандары көмектеседі.
Мұндай жаңалықты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті. Оның айтуынша, еліміз бойынша 4-ші мәрте ашылатын заманауи орталық Павлодар қаласындағы Генерал Дүйсенов көшесі, 80-үй мекенжайында орын тебеді. Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай келеді. Кең әрі жайлы орын, заманауи дизайн және цифрлық технологиялар халыққа қызмет көрсетуді айтарлықтай жеңілдетеді.
— Өткен жылы аймағымыздағы 4 ХҚКО бөлімі жаңартылды. Павлодар және Ақсу қалаларында неке қию қызметін көрсетуге арналған 2 салтанат залы ашылып, бүгінде 25 жұптың некесі салтанатты жағдайда тіркелді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды алуға арналған постаматтар орнатылды және олар тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндай қызметті 100-ден астам адам пайдаланды. Бұдан бөлек, орталықтарда Видео ХҚКО қызметі қосылған. Яғни, тұрғындар қажетті қызметті мамандардың көмегімен қашықтан да ала алады, — дейді А.Сапарбек.
Асылбек Сапарбекұлының сөзінше, өткен жылы облыс тұрғындарына 564 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. 576 мыңнан астам қызметті тұрғындар өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алған. Жұртшылық көп жағдайда электронды цифрлық қолтаңба, жеке куәлік пен төлқұжат, жүргізуші куәліктерін алу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және автокөліктерді қайта тіркеу қызметтерін жиі пайдаланады. Былтыр орталық мамандары 2010 мемлекеттік қызметті азаматтардың үйлеріне барып көрсеткен. Оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар.
2024 жылы облыста 100 мыңнан астам адам жаңа жеке куәлік пен төлқұжат алған. 21 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігіне ие болған. Оның ішінде 6 мыңнан астам қызмет онлайн режимде рәсімделген. Автокөлік иелері «әдемі» нөмір үшін 395 млн теңгеге жуық ақша жұмсаған.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.