«Шыр еткенге» зар болып отырған отбасының арманын орындауда отандық медицина жүктілікке жеткізудің түрлі тәсілін қолданады.  Бедеулік пен белсіздікке душар болған ерлі-зайыпты көп жағдайда әлдебіреудің донорлық ұрығына зәру болады. Өкініштісі, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған барлық жұпқа бұйыра бермейді. Бақыттың төресі – бала сүю үшін ері мен әйелі жат адамның жатырын «жалға» алуға да келіседі. Яғни, сәбилі болудан үміті үзілгендер нәресте туып беретін суррогат ананың көмегіне мұқтаж болады.

Заңмен реттелген 

Естеріңізде болса, 50 жасында екі бірдей сәби сүйген танымал продюсер Баян Алагөзова дүйім жұртты таңқалдырды. Қыздарының  өмірге қалай келгенін ашық айтқан сәттен бастап, елімізде суррогат анаға деген қызығушылық арта түскен. Осы орайда, көкейде мыңдаған сауал туындайды. Суррогат ананың табысы қанша? Оның қызметі заңмен реттелген бе? Ерлі-зайыпты суррогат ананы қалай іздейді?

Батыс елдерінде дене бітімін бұзғысы келмейтін, мансаптан қол үзбес үшін 9 ай құрсағында сәбиді көтеруді қаламайтын  әйелдер бірден суррогат ананың қызметін пайдалана алады. Ал Қазақстанда мұндайға рұқсат жоқ.

Елімізде суррогат ана ұғымы 2004 жылы ҚР «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы»  Заңға енгізілді. Осы уақыттан бастап әйелдерге құрсағын «жалға» беруге рұқсат етілді. Бірақ суррогат анаға қойылатын талап қатал. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Кодексінің 56-бабында бөтен отбасыға бала бақытын сыйлайтын әйелдердің міндеті бекітілген. Құжатқа сүйенсек, суррогат ана 20-35 жас аралығында болуы тиіс. Дені сау және өзінің табиғи жолмен босанған кем дегенде бір баласы болуы шарт. Өзін зиянды әдеттерден аулақ ұстауы қажет. Физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы медициналық ұйымның қорытындысымен расталған жағдайда әйел құрсақ ана бола алады.

Қазақстанда суррогат ана қызметі заңдастырылғалы бері  20 мыңнан астам бала өмірге келген.

Жатырды бәрі бірдей «жалдамайды»

Павлодар облысында 2 мыңнан астам ерлі-зайыпты экстра-корпоральді ұрықтандыру арқылы сәбилі болу үшін квота кезегінде тұр. Жыл сайын бедеулік және белсіздік мәселесі бойынша 200 жұп тіркеледі. Соңғы үш жыл көлемінде аймақта «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жыл сайын  300-ге жуық тегін квота бөлініп келеді. Яғни, ерлі-зайыпты мемлекеттің ақшасы арқылы ЭКҰ әдісіне жүгініп келеді. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлнәр Жармакина суррогат ананың қызметіне жүгінетін жұптарға квота берілмейтінін айтады.

— Суррогат ананың көмегіне жүгіну мәселесін тек ерлі-зайыпты жеке шешеді. Бұл жағдай отбасының жеке мәселесі болып саналады. Мұндай жұптар суррогат ананы өздері табады, қаражатын өзара келіседі. Сол себепті облыста суррогат ананың көмегіне жүгінген отбасылар бойынша статистика
жоқ. Жүктілік бойынша есепке тұрған аналар суррогат ана екендерін ешкімге айтпайды. Барлық мәселе келіскен отбасы екеуі арасында заң аясында жүргізіледі, — деді Гүлнәр Зейнел-Қабиденқызы.

Аймақта жылдар бойы бала сүйе алмаған отбасылар үшін Ғ.Сұлтанов атындағы аурухана жанынан ашылған  отбасы денсаулығын дамыту және жоспарлау орталығының репродуктологтары көмек көрсетеді. ЭКҰ-ға іріктеу шарасы да осы жерде жүргізіледі. Аталған орталықтың репродуктологы Алма Қатпина суррогат ананың көмегіне  өздігінен бала сүйе алмайтын жұптар ғана жүгінетінін айтады.

— Суррогат ананың көмегін пайдаланатын ерлі-зайыпты міндетті түрде некеге тұрған болуы тиіс.  Мұндай жұптардың ағзасында репродуктивті әдіске қарама-қарсы көрсеткіш болуы шарт. Мәселен, әйелде жатыр болмаған жағдайда, яғни бала көтеру мүмкін емес болса, құрсақ ананың көмегіне жүгінуге  мәжбүр. Жатыр медициналық жолмен алынып тасталған немесе туабітті жатырдың жоқ болуы мүмкін. Енді бір жағдайда – жатыры да, аналық жасушасы да бар, бірақ бала көтеруге денсаулығы жарамайтын әйелдер болады. Олардың қан қысымының жоғары болуы, жүрек, бүйрек және басқа да ауруларға шалдығуы бала көтеруге мүмкіндік бермейді. Бұдан кейін жатыры болғанымен, онда эмбриондар өніп-өспейтін жағдайлар кездеседі. Эмбрион құнарлы топыраққа түскен дән сияқты нәр алып өсуі керек, ал ол кейбір әйелдердің жатырында саз балшыққа түскен дән сияқты дамымай қалады. Сондықтан осындай мәселелерге тап келген әйелдерге, яғни жатырішілік патологиясы бар келіншектер суррогат ана қызметін пайдалана алады, — дейді Алма Салауатқызы.

Биологиялық ата-ананың міндеті

Суррогат ана қызметі заңгер-лердің бақылауымен жүзеге асырылады. ЭКҰ жасамас бұрын тапсырыс берген ерлі-зайыпты мен құрсақ ана заңгерге барып, заңды түрде келісімшартқа отырады. Егер келісімшарт болмаса, ЭКҰ бағдарламасы жүргізілмейді. Суррогат ана босанғаннан кейін баланы міндетті түрде тапсырыс берген ерлі-зайыптыға, яғни биологиялық ата-анаға береді, сәбиді өзіне алып қалуға құқығы жоқ.

Ең алдымен ерлі-зайыптылар экстракорпоральді ұрықтандыру клиникасына жүгінеді. Әйелдің жұмыртқа жасушасы күйеуінің биологиялық материалдарымен ұрықтандырылады. Эмбрион дайын болған кезде суррогат ананың жатырына салынады. Бір отбасына ұрпақ сыйлауға келісім берген әйел 9 ай сәбиді құрсағында көтеріп, өмірге әкелген сәтте нәрестені биологиялық ата-анасына табыс-тайды.

Репродуктологтар құрсақ ананың гені балаға берілмейтінін айтады. Өйткені эмбрион хромосомасы ерлі-зайыптылардан алынады. Сондықтан сәбиді өмірге әкелген ананың құрсақтағы балаға  туыстық қатынасы мүлде болмайды. Оны туғаннан кейін  медициналық жолмен де дәлелдей алмайды екен.

Бала өмірге келу үшін биологиялық ата-анаға зор міндет жүктеледі. Олар суррогат анамен нотариалды куәландырылған келісімшарт жасайды.  ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодексінің 57-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар суррогат ананың медициналық тексерістен өтуі, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануы кезіндегі материалдық шығындарды, физикалық, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытынды, медико-генетикалық тексеріс нәтижелеріне жұмсалған шығынды көтеруге міндетті. Сонымен қатар, бала туғаннан кейін 56 күн,
егер де жүктілік және бала тууға байланысты қиындықтар туындап қалса, бала туғаннан кейін 70 күн суррогат ананың медициналық қызмет бойынша шығындарын төлеуге міндетті. Ал суррогат ана жүйелі түрде дәрігерге қаралуға және оның ұсынымдары мен тағайындауларын қатаң тәртіпте орындауға, жүктіліктің өтуі туралы онымен шарт жасасқан тұлғаларды ақпараттандыруға, туылған баланы биологиялық ата-анасына беруге міндетті.

Құрсақ ананың құны қанша?

Ғаламтор арқылы суррогат ана қызметін іздесеңіз, жарнамадан көз сүрінеді. Бір отбасыға ұрпақ сыйлау бақытын ұсынатын қыз-келіншек көп екенін анық көре аласыз. Тіпті, суррогат ананы тауып беруден бастап баланы қолға алғанға дейінгі барлық шараға көмектесетін, құжаттарды заңды түрде түгендеп беретін агенттіктер де көбейген. Ондай агенттіктер арасында бәсеке қызу, «Ребенок под ключ» деген жарнамалар жер жарады. Мұндай қызметті ұсынатындардың қатарында  Алматы қаласында орналасқан  Legal Surrogacy агенттігі бар. Мекеме репродуктологиямен айналысатын медициналық клиникалармен жұмыс істейді. Агенттік сенімді суррогат ананы тауып бергені үшін 1 млн теңге сұрайды. Ал жатырын «жалға» беретін әйелге бала көтерген сәттен бастап  9 ай
көлемінде айына 200  мың теңге жалақы, киім-кешек алу үшін 150 мың теңге көлемінде бірреттік төлем төлеу қажет. Ал сәби өмірге келген күні қолына 6 млн теңгені санап беру керек. Сонымен қатар, ЭКҰ шаралары мен дәрі-дәрмек шығынын да өтеу қажет. Осылайша, суррогат анаға кем дегенде 10 млн теңге қаражат жұмсалады.

Елімізде беделді суррогат орталықтың бірі – «Болашақ». Мұнда алғаш рет суррогат ана қызметіне келген келіншектің сыйақысы ең аз дегенде — 5 млн теңге. Ал бұған дейін осындай қызметті ұсынған тәжірибесі бар суррогат ана сәби көтергені үшін 7 млн теңге сұрайды. Отбасылық жұп суррогат ананы 9 ай көлемінде тұрғын үймен қамтуы тиіс. Сәби өмірге келгеннен кейін суррогат ананың денсаулығы қалыпқа келу үшін шамамен 500 мың теңге көлемінде қаражат алады. Егер әйелге кесарь тілігі жасалса, өтемақы сомасы 1 млн теңгеден басталады. Ал егіз туса, мұндай өтемақы көлемі 2 млн теңге шамасында болады.

Бұдан бөлек, елімізде алғаш құрылған «Экомед» клиникасы суррогат ана болғысы келетін әйелдерді қабылдап, толық тексерістен өткізеді. Сонымен қатар, суррогат ана қызметіне жүгінгісі келетіндер аталған медициналық орталыққа хабарласып, көмек сұрай алады.

Айта кетейік, суррогат ана қызметін ерлі-зайыптылардың туысқандары да атқара алады. Бәрі — отбасылық жұптың шешіміне байланысты.

Баланы некесіз тууға болмайды

Әлемнің көп елінде суррогаттық қызметке заңмен шектеу қойылған. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Қытай, Швецияда суррогаттық ана қызметіне қатаң тыйым салынған.  Үндістанда бұл қызмет енді ғана қолданысқа енуде. Бірақ елдегі құрсақ аналар заңмен тыйым салынған мемлекеттердің азаматтарына қызмет көрсетпейді. Украинада, Ресейде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған. Мұсылман елдерінде суррогат ана қызметі ислам дініне қайшы деп танылған. Сондықтан ресми түрде тек Иранда ғана рұқсат етілген. Елімізде имамдар дін бойынша суррогат ана қызметі дұрыс емес екенін айтады. Павлодар қаласындағы Умар Әл Фарух мешітінің имамы Ақтөре Әліпбайұлы шариғатта некесіз бала туылмайтынын айтады.

— Суррогат ана — ерлі-зайып-тылардан кейінгі үшінші адам. Оның жатырын некесіз қолдануға болмайды. Құрсақ ананың қызметін некесіз пайдаланғандар  ауыр  зина күнәсін көтереді. Сондықтан шариғатта суррогат анаға рұқсат етілмейді. Егер әйел денсаулығына байланысты  жүктілікке жете алмаса, жолдасы суррогат анамен неке қиюы қажет. Осындай жағдайда ерлі-зайыптылардың ұрығы суррогат анаға салынатын болса, рұқсат етіледі, — дейді Ақтөре Әліпбайұлы.

Танымайтын отбасының шаңырағына сәби үнін сыйлауға көмектескен Әлия (есімін жасыруды жөн көрді) бұл әрекетін қайырымды іске балайды.
30 жастан енді асқан келіншек екі отбасыға перзент сыйлағанын айтады.

— Суррогат ана қызметін ұсынуға жолдасым келісімін берді. Екеуіміздің ортақ екі сәбиіміз бар. Суррогат ана қызметі арқылы бір отбасыға ұл бала сыйладым. Қызметім үшін 4 млн теңге қаражат алдым. Осыдан екі жыл бұрын тағы бір ерлі-зайыптының арманын орындадым.  Бұл қызметім үшін бір бөлмелі пәтерге ие болдық.

Эмбрионды жатырға салған сәттен бастап оған бауыр баспай, бөтен бала ретінде қабылдаймын. Өмірге әкелген сәтте дәрігерлер баланы маған көрсетпей, бірден биологиялық ата-анасына табыстайды. Мұндай келісімге қажет-тіліктен бардым. Екіншіден, жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға көмектескім келді. Денсаулығым жарап тұрса, онда тұрған не бар? Мұндай отбасылар үміті үзілген кезде ғана балалы болудың осындай жолына келіседі. Бірақ олардың ішкі жан дүниесін тек сәбилі бола алмай жүрген жұптар ғана түсінеді. Екі әулеттің арманын орындаудың өзі қайырымды іс деп білемін, — дейді суррогат ана.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты табиғи жолмен перзент сүйе алмайды. Бұл — әрбір алтыншы отбасы бір балаға зар дегенді білдіреді. Сәби үнін аңсаған жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру технологиясының көмегіне жүгінеді. Үміті үзілген қалған 55 пайызы бала асырап алады немесе суррогат ананың көмегін пайдаланады. Осы статис-тикадан құрсақ ананың көмегіне зәру жұптардың үлесін анық көруге болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.