Жыл басынан бері облыста 10 адам суға кеткен. Оның ішінде 9 адам шомылу маусымы кезінде ажал құшты. Өкінішке қарай, олардың қатарында 2 бала бар. Бақилық болғандардың дені рұқсат етілмеген орындарда суға түскен.
Ал өткен жылы шомылу маусымы кезінде облыста 7 адам суға кеткен. Оның біреуі – бала. Бұл туралы Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті. Оның айтуынша, өткен жылы орталық жағажайда 2 «ақылды» бейнебақылау камерасы жұмыс істеген. Суға түскен адам шомылу ережесін бұзып, оның өміріне қауіп төнген сәтте әлгі құрылғы құтқарушыларға сигнал берген. Яғни, жағажайдағы қоғамдық құтқарушы оқыс жағдайды көрмей қалса, департаменттегі құтқарушылар бірден хабар алып отырған.
— 2023 жылы пилоттық жоба негізінде екі бейнебақылау камерасы жұмыс істеді. Оның көмегімен су айдындарында 60-қа жуық құқықбұзушылық анықталды. Өкінішке қарай, биыл бұл жоба әлі қолға алынған жоқ. Құрылғылардың орнатылуы немесе орнатылмауы жергілікті билікке байланысты. Қала әкімдігі қаражат бөлсе ғана жұмыс істейтін болады. Департамент оны өз еркімен орната алмайды. Бізде ондай құқық жоқ, —
деді Т.Жапалбай.
Темірлан Мейрамбекұлы облыста 128 рұқсат етілмеген су айдыны барын айтты. Жергілікті әкімдіктерге жағажайды ресми түрде ашу жөнінде хаттар жолданған. Өйткені рұқсат етілмегеніне қарамастан тұрғындар аталған орындарда суға түсуді тоқтатпайды. Су айдындарындағы қайғылы жағдайларға тұрғындардың рұқсат етілмеген орындарда шомылуы, ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы себеп.
— Аймағымызда 47 жағажай жұмыс істейді. Оның 20-сы — жекеменшік, 27-сі — коммуналдық. Шомылу маусымы кезінде облыстық полиция департаменті, облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, 5 мыңнан астам рейдтік шара ұйымдастырдық. Оның аясында тұрғындарға суда жүзу ережесі жазылған жадынама таратылып, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Сонымен қатар, «Ertis Promenade» сахнасында «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында әр жұма сайын балаларға суда жүзу ережесі үйретіледі, құтқару құрылғыларымен танысады. Өрт сөндіру ережелерін де меңгереді, — дейді Темірлан Мейрамбекұлы.
Бұдан бөлек, мектептерде оқушыларды суда жүзуге үйрету мақсатында 123 модульді-каркасты бассейн жұмыс істейді. Жаз мезгілінде облыста 13 мың бала жүзуді үйренген.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.