Қыс мезгілінде оқушылар мен студенттер көп уақытын мұз айдындарында өткізетіні анық. Осы орайда облыста сырғанақ пен мұз айдындарын көптеп жабдықтау бойынша қандай жұмыстар істелуде? Бұл сауалдарға Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық дене тәрбиесі жұмысы бөлімінің басшысы Талғат Сәкен жауап берді.
– Талғат Оразұлы, облыс бойынша 2025-2026 қыс маусымында демалыс орындарында қандай жұмыс жүргізілуде?
– Өңірімізде 2026-2027 жылдары Павлодар және Екібастұз қаласында мұз сарайын салу жоспарланған. Сондай-ақ, жыл басында Ақсу қаласында дәл осы жоба іске асырылып, қолданысқа тапсырылды. Ал Железинка ауданында қазіргі таңда 8 метрлі шаңғы-роллер алаңы жұмыс атқаруда. Қаладағы «Зеленая роща» демалыс орнында киім ауыстыру ғимараты жаңартылды. Сонымен қатар Баянауыл ауданында шаңғы-роллер трассасын салу бойынша құжаттар әзірленуде. Екібастұз қаласында «Снежинка» демалыс орны іске қосылмақ. Қысқы уақытты тиімді пайдалануға кәсіпкерлер де өз үлесін қосуда.
– Биыл өңірімізде қыс келгелі неше сырғанақ, мұз айдыны іске қосылды?
– Жалпы өңірде 197 мұз айдыны, 43 төбешік және 14 жалға беру пункті орнатылған. Онымен қоса, қаланың әртүрлі бөліктерінде 24 мұз айдыны орнатылады. Биыл алғаш рет орталық алаңда қосымша екі жаңа мұз айдыны пайда болады.
Мұз алаңдары Орталық алаң (екі мұз айдыны), Ш.Құдайбердиев көшесі, 6, Гагарин көшесі, 30, Ломов көшесі, 159, Катаев, 101, Ак.Сәтбаев, 243, Павлов, 44, Н.Назарбаев, 20, Айманов, 29, Н.Назарбаев, 42, Нұрмағамбетов, 130, Торайғыров, 44/1, Айманов, 52, Қамзин, 68, Астана, 10, Бектұров, 15, Н.Назарбаев, 6/3, Ткачев, 15 аулаларында және Павлодар ауылы Заводская көшесі, 1, «Ertis» шаңғы базасы, жабық сот «Шығыс» Малайсары көшесі, 39, Қалалық бақ және Гагарин саябағы мекенжайларында орналасқан.
– Сырғанақ, мұз айдындарының қызметінде шектеу бар ма? Мысалы белгілі бір жағдайға байланысты рұқсат етілмейтін орындар бар ма?
– Мұздың сапасын Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі қамтамасыз етеді. Бастапқы кезеңде мұздың қалыңдығы 17-20 сантиметрді қамтамасыз ету үшін мұз айдындары аптасына 3-4 рет құйылады, кейін күнделікті бақылау жүргізіледі. Алаңдардағы мұз айдындарының жұмысы кезінде қызметкерлер кезекшілік етіп, конькилерді тегін беру көзделген жерлерде алдын ала қызметкерлерді бекітеді. Аула ішіндегі мұз айдындарында сырғанау толығымен тегін. Одан бөлек, Орталық алаңда, Қалалық бақта, Гагарин саябағында және Малайсары көшесі, 39 үйіндегі жабық хоккей кортында конькилер тегін беріледі.
Биыл Павлодар қаласында қыс маусымында 24 мұз айдыны іске қосылған. Сондай-ақ, алғаш рет Орталық алаңда қосымша екі мұз айдыны орнатылды. Ашық аспан астында уақытты тиімді пайдаланып, қысқы уақытты қызықты өткізуге бар мүмкіндік жасалған.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – С.ҒАББАС.
