Осыдан тура 35 жыл бұрын, 25 қазанда Егемендік декларациясының қабылдануы – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу жолындағы алғашқы тарихи қадамы. Дәл осы декларацияның негізінде азат ел атандық. Бұл күн – қазақ халқының жаңа дәуірге бет бұрған, тағдырдың таразысында өз жолын айқындаған сәті, еркіндікке деген мәңгілік аңсарының нақты көрінісі, ұлт рухын асқақтатқан тарихи бетбұрыс. Осы орайда өңір тұрғындарына «Сіз үшін декларацияның мән-маңызы неде?» деген сауалды қойған едік.
Дәурен ШӘРІПОВ, «Қазақстан студенттерінің альянсы» РСҚ Павлодар облыстық штабының төрағасы:
— Кез келген мемлекеттің пайда болуы Егемендік туралы декларация қабылдаудан басталады. Себебі бұл — егемен ел болудың мақсаты мен мәнін көрсететін маңызды құжат. Біздің елде де 1990 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларацияның қабылдануы заңды түрде дербес мемлекет атанғанымыздың айғағы болды. Бұл тек ата-балаларымыз аңсап күткен азаттыққа қол жеткізудің көрінісі ғана емес, нағыз, толыққанды мемлекеттің іргетасының қалауының негізі болған кезең деп білемін. Бұл – өткенге тағзым, болашаққа сенім. Яғни, осы құжаттың негізінде елдің бюджеті, халықаралық саяси аренадағы орны, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуеті – барлығы белгіленді. Ел билігінің тармақтары да белгіленді. Өткенге оралатын болсақ, дәл осы құжатта мемлекеттік өкімет билігі заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принциптері бойынша жүзеге асырылатыны нақты белгіленген. Заман алмасып, уақыт зырғып өтіп жатса да осы үш таған 35 жыл аралығында елімізді алға ілгерілетіп, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартып, әділетті Қазақстанды құрып, әлемге өркениетті ел ретінде танытып келеді. Сондықтан мен үшін Егемендік декларациясы –
елдің басты құжаты. Бүгінгі ұрпақ соның маңызын терең түсініп, мемлекеттілік идеясын жүрегімен сезінуі керек деп ойлаймын.
Жанақ ЗАЯТОВ, Торайғыров университеті «Жастар рухы» ұйымының төрағасы:
— Шынымды айтсам, бала күнімде Республика күні мерекесінің мәніне үңілмеппін. Себебі біз оқушы болып жүрген кезде, яғни бұдан 7-8 жыл бұрын бұл мереке кең көлемде атап өтілмейтін. Оның тарихы, маңызы туралы да көп айтыла бермейтін еді. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Құрылтай кезінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, қазанның 25-і күнін жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек екенін тілге тиек еткен кезде ғана өткенге тереңірек үңілдім. Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылы
25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларацияның қабылдануы еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болған екен. 1992 жылдан бастап бұл күн Республика күні ретінде атап өтілді. Кейін бұл дәстүр үзіліп қалып, 2022 жылы мереке қайта жаңғырды. Осыдан-ақ, Декларация қабылданған күннің еліміз үшін орны ерекше екенін айқын аңғаруға болады. Меніңше, егемендік мемлекеттің билігі ел ішінде үстем екенін, барлық салаға таралатынын, ал сыртқы саясатта оның кез келген өзге мемлекеттен тәуелсіз қимылдайтынын білдіреді. Яғни, толығымен дербес екенін көрсетеді. Азат елдің алғашқы құжатының мән-маңызы мен үшін осымен де құнды.
Гузель ҚАПЕНОВА, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ұйымының мүшесі:
— Декларация – азаттықтың бастауы, ел еркіндігінің нышаны. Ол — Қазақстанның өз болашағын өзі таңдай алатынын дәлелдеген тарихи құжат. Сондықтан бұл құжат қабылданған күнін атап өту, оның орны мен рөлін қатарластарымызға, бізден кейінгі буынға түсіндіріп, жеткізу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан Республика күні қарсаңында отансүйгіштік қасиетімізді арттыратын, тарихтан сыр шертетін шаралардың өтуі маңызды деп ойлаймын.
Сонымен қатар, әр адам декларациядағы негізгі бағыттардың жүзеге асуына, оларды сақтауға үлес қосуы тиіс. Мәселен, құжаттың 9-ыншы бөлімінде «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал —
Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады» деп нақты көрсетілген. Демек, біз қазынамызды қызғыштай қорғап, оларды аялай білуіміз керек. Біздің ұйымның негізгі мақсаты да осыған саяды. Қоршаған ортаны қорғау, елді көркейтуге өз үлесімізді қоссақ дейміз. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында мектептер мен колледждерде ақпараттық кездесулер мен акциялар өткіземіз. Сол сияқты барша отандастар елімізді өркендетуге шама-шарқынша үлес қосып, ықпал етсе, еліне деген сүйіспеншіліктің көрінісі сол болмақ деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген — Нұрайым ҚАЛЫБЕК.