Ертіс-Баян өңірінің халқын Жаратушының хақ жолына шақырып, ислам дінін насихаттаған ағартушы-ұстаздардың бірі — Сәрсен молда Исаұлы. Өмірін ұстаздыққа арнаған ол көптеген шәкірт тәрбиелеп, оларды имандылықпен қатар адамгершілікке
баулыды.

Сәрсен Исаұлы 1891 жылы Ақтоғай ауданы Жоламан ауылында дүниеге келген. Ол жасынан зерек, ұғымтал әрі еңбекқор болған. Осындай қасиетімен көзге түскен баланы әкесі Иса оқып, білім алуына жағдай жасайды. Алдымен орыс мектебіне оқуға береді. Білімге құштар Сәрсен оқуды жақсы оқып, 2-сыныпты үздік бітіреді. Одан кейін мұсылман діни оқу орнына жібереді. Онда да алғырлығымен алға түсіп, үздік шәкірт атанады.

Ол кезінде Троицкіде білім алған атақты ғұлама Сейділлә қажы Түйтебекұлынан дәріс алып, «Сейділдәнің шәкірті» деген абыройлы атқа ие болды. Шәкіртінің діни ілімге жан-тәнімен беріліп, ден қойғанына риза болған ұстазы оның болашағынан үлкен үміт күтті. Үнемі қасына ертіп жүріп, өзінің білімі мен өмірден түйгенін үйретті. Сәрсен Исаұлы кейін Қызылжар медресесіне оқуға қабылданып, есімдері елге танымал болған Шахман молда, Ғұбайдолла молдалармен қатарлас бітірген.

Сәрсен молда – араб, парсы тілдерін жетік меңгерген адам. Сонымен қатар, орысшаға да жүйрік болды. Ол өмірінің көп бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнады. Өзі тұрған ауылдың балаларын жинап, оларды имандылыққа, адамгершілікке, қайырым мен мейірімділікке баулыды. Туған жері – қазіргі Жоламан ауылының тұрғындары Сәрсен молдаға «Біздің балаларымызды оқыт!» деп мешіт салып берген екен. Ол сол мешітте молда әрі ұстаз болып, халықты Алланың ақ жолына шақырды, ауыл балаларына имандылық сабақтарын жүргізді, дініміздің қадір-қасиетін түсіндірді. Сәрсен ұстаз алдына келген шәкірттеріне Құдайға құлшылық етумен қатар, асыл дініміздің тарихын оқытып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін жаттатып, адал, тәрбиелі адам болуға шақырды. Алайда, Сәрсен молданың ел игілігі үшін істеп жүрген жұмыстары Кеңес билігіне ұнаған жоқ. Кеңес үкіметі алғаш орнаған жылдары дінге деген көзқарас өзгеріп, дін таратушы молдаларды қудалау басталғаны баршаға мәлім. Осы кезде Сәрсен Исаұлы да қудалана бастағанда қазақ жерінен бойын жасырып, Ресейге қарай кетуге мәжбүр болды. 1937 жылы сталиндік репрессияның құрығына ілінді. Мектеп оқушысының мойнынан түсіп қалған тұмарды «Сәрсен бермегенде кім берді?» деп оны үш жылға соттап жіберді. Сөйтіп, Қиыр Шығыстың Владивосток өңірінде жазасын өтейді. Одан аман-есен елге оралған соң ауылда бос жүрген балаларды оқытуды қайта қолға алады. Ол колхоздың жалғыз түйесіне арба жегіп, сондағы қазақ балаларын қазақ мектебі бар Кайманачиха ауылына апарып, әкеліп оқытады. Бала оқытудан бөлек колхоздың жұмысына белсене қатысады.

Сәрсен ұстаз бес уақыт намазын қаза қылмайтын, Рамазан оразасын ауыз бекітпей өткізбейтін тақуа адам болды. Сол маңдағы ауылдарда дүниеден өткендердің жаназасын шығаруға барады. Көпшілік жиналған жерлерде имандылықты насихаттайды. Бірақ бес уақыт намазын оқығанда үйінің есік-терезесін жауып қояды екен. Өйткені «халықтың санасын улайды» деген желеумен ауылдағы молдаларды партия комитеті қатаң бақылауда ұстайтын. Дегенмен, партияның тосқауылына тап болдым деп өз қызметін тоқтатқан жоқ. Жасырын түрде болса да діни уағыздарын жүргізді. Көпшілік қайтыс болған жақындарының жаназасын шығартуға Сәрсен молданы шақыртатын еді. Ол шақырған жерден бас тартпайтын.

Ол жастарға діни білім беріп қана қоймай, өзіне ізбасар ретінде молдалыққа да дайындады. Алғабас ауылында тұратын Сағындық Жүрсінұлы деген азаматты өзінің қамқорлығына алып, Құран кітаптарын беріп, имандылық жолына түсіреді. Сонымен қатар, «Молда бол, халқыңа қызмет қыл» деп батасын береді. Сағындық ұстазының аманатын шын ниетімен орындап, дүниеден озғанша Алланың ақ жолын насихаттаумен болды. Сондай-ақ, осы ауылдың азаматы Тойған Мұстафинді де молдалыққа баулып, дін жолына түсіреді. Коминтерн кеңшарына барғанда Солтан деген азаматқа «Мен қартайдым, енді ел арасына дінімізді тарататын, имандылық уағызын айтып, дін жолына түсіретін сендерсіңдер. Діни оқуың аз болса да молда бол» деп батасын беріп кетеді. Осылайша, Солтан да Сәрсен молданың ізін жалғады.

Сәрсен молда – өңірімізге ислам дінінің шапағатын әкелген Исабек ишанның ұрпағы. Ел арасында ерекше қасиетімен танымал болған Жандарбек қожамен дос болған адам. Өмірден өткенше бір-бірін құрметтеп, сыйласып өткен адамдар. Сәрсен Исаұлының діни білімін Жандарбек қожа жоғары бағалаған. Сонымен бірге, ол облыс өңіріне аты әйгілі дін қайраткері Шахман молдамен де жақсы қарым-қатынаста болған екен. Екеуі Ертіс өзенінің екі жағалауында тұрса да, қарым-қатынасын үзбей, бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етті. Шахман молда: «Дүниеден озсам, жаназамды Сәрсен молда шығарсын» деп баласына өсиет айтып кеткен екен. Баласы Қабдолда әкесінің жаназасын шығартуға Ертістің арғы жағынан Сәрсен молданы іздеп келеді. Сәрсен молда да замандасының өсиетін орындап, жаназасын өзі шығарып, соңғы сапарына аттандырады. Ал Сәрсен молда: «Менің жаназамды Жандарбек қожа шығаруы керек» деп өсиет айтқан екен. Балалары әкелерінің бұл тілегін де орындаған, дейді білетіндер.

 

Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.