Кеңестік кезең – қазақ баспасөзі үшін тарихи тұрғыдан күрделі, тағдырлы дәуір. Әр жолы, әр сөйлемі қатаң идеологиялық сүзгіден өтетін сол уақытта баспасөз тек ақпарат құралы емес, халықтың ішкі үніне айналды. Қоғамдық ойды ашық айту мүмкін болмаған шақта, журналистер астарлы сөзбен, ишарамен, кейде үнсіздік арқылы да жеткізе білді. Міне, осындай кезеңде қалам ұстау үлкен ерлікпен пара-пар еді. Бұл жолды таңдағандардан тек кәсіби шеберлік емес, азаматтық ар мен рухани беріктік талап етілді. Сол жауапты майданда қазақ әйелдері де ерлермен бір сапта тұрып, баспасөз арқылы халыққа адал қызмет етті. Солардың бірі – облыстық басылымда көп жыл еңбек еткен журналист, ақын Гүлбаршын Дүрманова.
Табандылықтан туған таңдау
Өнер мен еркін ойды өмірлік ұстаным еткен әулеттен тараған Гүлбаршын Дүрманова – қазақтың әйгілі сал-серісі, әнші-композитор Жаяу Мұса Байжанұлының Анна есімді қызының немересі. Ол Павлодар қаласында дүниеге келіп, осы өңірде өсіп-жетілді. Бала күнінен қайсар мінезімен, турашылдығымен танылған қызды ел адамдары еркелете «қасқыр қыз» деп атады.
Бұл теңеу оның әлсіздігін емес, қайта жігерін, ішкі қуаты мен қайтпас рухын аңғартатын.
Гүлбаршын Орханқызы руханиятты биік қойған ортада өсіп-жетілді. Әулетінде газет пен кітап, журнал атаулы қастерлі қазына саналды. Қазақ баспасөзі үзбей оқылып, тігінділері рет-ретімен ұқыппен сақталды. Әсіресе, сол кезеңдегі облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің әр санын асыға күту үй ішіндегі берік дәстүрге айналған еді.
Осындай тағылымды орта оның сөзге бай, ойы ұшқыр, шығармашылыққа жақын болып қалыптасуына берік негіз қалады.
Гүлбаршын апай Павлодар қаласындағы №10-ншы мектепте 8 жылдық білім алды.
Ұстаздықтан басталған жол
Сөйтіп, Гүлбаршын Орханқызының еңбек жолы ұстаздықтан басталды. Павлодар қаласындағы училищені тәмамдаған соң, Жолқұдық ауылында бір жылдай жас ұрпаққа білім берді. Кейін қызметтік бабымен Май ауданына ауысып, сырттай Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы институтқа оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерді. Сол тұста Павлодар қаласында гуманитарлық бағыттағы мамандықтар жоқ болғандықтан, бұл қадам оның тағдырында шешуші рөл атқарды.
Ауыл мектебінде өткен жылдар Гүлбаршын апайдың адам ретінде де, қаламгер ретінде де қалыптасуына ерекше ықпал етті. Ол үшін әр шәкірт – жеке бір әлем, әр сабақ – жүрекпен атқарылатын маңызды іс еді. Ұстаздық қызметінде ол тек білім берумен шектелмей, балалардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруды да басты міндет санады.
Сол ауылда өмірлік жолдасын кездестіріп, отбасын құрды. Қаланың қызы ауылдың келіні атанған сәттен бастап оның бойындағы шығармашылық қуаты жаңа арнаға түсті.
«Шамшырақтың» шырағы
Май ауданындағы «Шамшырақ» газетіне бас редактор болып тағайындалуы Гүлбаршын Орханқызы үшін журналистік жолдағы маңызды белес болды. Сол кезеңде қазақ тіліндегі басылымдар аз, әр беті – бағалы қазына еді. Бұл жылдар оның қаламын шыңдап, мінезін де қатайтты. Ол ауыл өмірін, еңбек адамын, қоғамдағы түйткілдерді шынайы жеткізуге тырысты.
– Мені аудандық әкімдікке шақырып, «Шамшырақ» газетінің бас редакторы етіп тағайындады. Өзім газетпен бала кезден таныспын. Отбасымызбен оны қастерлі құндылық деп санадық. Сондықтан жұмысқа бірден кірісіп кеттім. Қызметтік жылдары мектеп оқушыларынан бастап егде жастағы адамдармен де тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болдым. Мықты, тәжірибелі журналист-ақындармен бірге жұмыс істедім. Олардың арасынан Совет Жақыпов, Серік Мұхтаров сынды азаматтарды ерекше атап өтуге болады.
– Кіндік қаным тамған жер – Баянауыл өңірі. Ал Май ауданы мені шыңдап, кәсіби тұрғыда маман ретінде қалыптастырды. Мұнда алған тәжірибем мен маған кездескен адамдардың әр сөзі, әр көрінісі менің қаламымның дамуына айрықша әсер етті. Осылайша, отбасы мен еңбек жолым бір-бірімен үндесіп, менің өмірімде тұтас, мәнді бейнеге ие болды, – деп еске алады кейіпкеріміз.
Облыстық басылымдағы белес
Кейін облыстық деңгейдегі қазақ тілді басылым – «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетіне қызмет бабымен ауысты. Редакцияның босағасын алғаш аттаған сәттегі толқынысты көңіл күйі мен жауапкершілік жүгін ол бүгінге дейін ұмытқан емес. Облыстық басылымдағы еңбек жолы оның шығармашылық қалыптасуына, кәсіби шыңдалуына айрықша ықпал еткен кезең ретінде есте қалды. Газет редакциясы оның мінезін шыңдады, азаматтық позициясын айқындады. Мұнда ол тек әріптес емес, рухтас жандармен бірге еңбек етті. Қаламгер үшін мұндай орта – үлкен мектеп, өмірлік университет.
– Аудандық газеттен облыстық басылымға ауысу – кез келген журналист үшін зор абырой, жауапкершілігі де салмақты белес. Мен де сол сенім үдесінен шығуға тырысып, жаңа қызметке бірден кірісіп кеттім. Ол кезеңде редакцияда Бақи Әбдіқадыров, Тұрсынбай Ибадуллин, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов сынды тәжірибелі ақын-жазушылар мен журналистер еңбек етті. Ал Фарида Бықай, Нұртөре Жүсіп, Ғалымбек Жұматов сияқты жас мамандар оқуын жаңа тәмамдап, шығармашылық ортаға енді араласып жатқан кезі болатын. Ақын Шолпан Байғалымен бір бөлмеде отырып, қатар еңбек еттік. Редакция бір отбасыдай ұйысып, шығармашылық орта қалыптасты. Кәсіподақ жұмысына да белсене араластым. Ол уақытта газеттің бас редакторы қызметін Әлқожа Мұхамеджанов атқаратын. Осылайша, сол бір тағылымды жылдардан бастап зейнет жасыма дейін табанды еңбек етіп, журналистика саласында ұзақ жолдан өттім, – деп еске алады Гүлбаршын Орханқызы.
Бұл кезеңде ол қарапайым халықтың үніне айналып, ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы үн көтерді. Өз заманының күрделі мәселелерін батыл қозғап, әділдік іздеген, тағдыр тауқыметін тартқан талай жанның мұң-мұқтажын жүрек сүзгісінен өткізе отырып көпшілікке жеткізді. Оның сөзі халықтың ойы мен үмітін білдіріп, қоғам санасының оянуына ықпал етті.
Шолпан Байғалы әріптесін кәсіби деңгейі жоғары, өз ісіне адал журналист болғанын айтып, ерекше жылулықпен еске алады. Ол әрдайым жұмысына шынайы беріліп, әріптестерімен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орната білген.
– Гүлбаршын Орханқызын Май аудандық «Шамшырақ» газетінің журналисі ретінде білетінмін. Бұл 70-інші жылдар болатын. Ол жылдары біз үшін Ертіс-Баян, Кереку өңіріндегі санаулы қыз журналистерді білмеу мүмкін емес еді. Ол кезде қазақ тілінде өлең жазатын қыздардың өлеңдерін газет бетінен көріп қалсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанатынбыз. Бірде Павлодар телеарнасынан «Майра» әдеби-музыкалық хабарына Май ауданы өнерпаздарын шақырды. Қазақ редакциясының режиссері Әнуар Қалиев аудан көркемөнерпаздар ұжымының белді мүшесі, сөзге дес бермейтін, күміс көмей әнші Гүлбаршын Дүрманованы «Менің бөлем, Жаяу Мұсаның жиеншары» деп таныстырғаны есімде. Ол кезде «Ақ сиса» өлеңінің авторы Жаяу Мұсаның әндерін айтып жүргенімізбен, жазушы Зейтін Ақышевтің кітабының кейіпкері Жаяу Мұсаның жұрағатымен қызметтес болып жүргенімізді білмеппіз. Кейін осы Гүлбаршынмен облыстық редакцияда, қарсы кабинетте отыратынымызды кім білген? Мен Гүлбаршынды осы кезден бастап жақын таныдым. Тектінің тегіне қарап, оның сұлулығына, әдемі мінезіне, көпшілдігіне, жомарттығына, білімділігіне, сөзшеңдігіне, көп білетіндігіне, бірбеткейлігіне, бекзаттығына қызығатын болдым, —
деп еске алады Шолпан Байғалы.
Гүлбаршын Дүрманованың ғұмыр жолы алдын ала түзілген нақты жоспармен емес, өмірге деген берік сеніммен, ішкі жауапкершілікпен және табандылықпен қалыптасты. Ол үшін қалам – жай ғана еңбек құралы емес, шындықты айтуға жүктелген аманат, халық алдындағы парыз болды.
Бүгінде ол қазақ баспасөзіндегі адалдықтың, сөз қадірін терең түсінетін жауапкершіліктің үлгісіне айналды. Артында – тағылым алған шәкірттері, сыйластыққа негізделген әріптестерінің құрметі. Алда – әлі де өз оқырманын табатын, ойға жетелейтін, қоғаммен сырласатын салмақты дүниелері бар.
Заманнан қалыспайтын жан
Жуырда мерейлі 85 жасын атап өткен Гүлбаршын апай ешқашан бос отырған емес. Бүгінде әлеуметтік желілерде де белсенді. Қоғамда орын алып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, өз ойын жазбалар арқылы бөлісіп отырады.
– Көп адам жасы келген сайын, заманынан қалыс қалып қойып жатады. Бұл – дұрыс емес. «Қызылын басам ба, әлде көгін басам ба?» деп телефонның бетіне телмріп отыратын замандастарымды аяймын. Маған олар бірдеңеден кем қалғандай болып тұрады. Қазір бүкіл әлем осы алақандай ғана смартфонның ішінде емес пе?! Төрткүл дүние былай тұрсын, алыстағы ағайыныңмен, дос-жараныңмен байланысып, хабарласып тұруға мүмкіндік беріп отырған технологиядан біздің қарттар неге мақұрым болып отырғанын түсіне алар емеспін, – деп күрсінеді ол.
Заманынан қалыспайтын Гүлбаршын апай жастарға да айтар ақылын аямайды. Оның айтуынша, бастысы, еңбекқорлық пен жауапкершілік. «Жасым ұлғайды деп бір орында тоқтап қалмау керек. Үнемі қозғалыста болып, жаңалықтан қашпау, білім алудан жалықпау – ұзақ та мәнді өмірдің кепілі», – дейді ол.
– Қазіргі таңда қоғаммен байланысымды үзбей көпшілікке «Дана апа» ретінде танылып, «Қазақша, жаңаша, қазыналы, әдемі қартаю» атты жобаммен жұмыс істеудемін. Қолымнан қаламым түскен жоқ. Әлеуметтік желілерде оқырмандардан тарапынан «Сізден үйренеріміз көп. Өзіңізді үлгі тұтамыз» деген жылы лебіздері мені одан әрі қуаттандырады.
Осы жетістіктерімнің бәрінде мені қайраған, шыңдаған жетілдірген осы «Saryarqa samaly» газеті, – деп сөзін түйіндеді Гүлбаршын Орханқызы.
Гүлбаршын Орханқызы қаламмен ғана емес, өз ісімен, әрбір қадамымен адалдықты, табандылықты, азаматтықты, заман ағымына бейімделуді көрсетіп келеді. Өмірлік жолында кездескен қиындықтар мен сынақтар оны ешқашан тоқтатпаған, керісінше, жігерін арттырған. Оның үлгісі – өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір, ал сөзі мен ісі әрбір оқырманға үміт, жігер, жаңа белестерге ұмтылуға шабыт берері анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
