Журналистика – қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайтын сала. Ал газет тілшілері болашаққа бағдар жасап, бүгінгінің түйінін тарқатумен қатар, ертеңгі күннің тарихын жазады. Кезінде «Кеңес туы» атауымен қалың оқырманға жол тартқан аймақтың басты басылымы ғасырға жуық уақыт аралығында сөздің парқын түсінетін, өзекті ақпаратты саралай білетін, талдамалық мақаладан ой түйетін бұқарамен бірге жасасып келеді. Осы орайда көпшіліктің көзіне көріне бермейтін, бірақ редакция ішінде «қыз-қыз» қайнап жатқан қауырт қызмет туралы кеңірек айтуды жөн көрдік.
Қызметке адалдық
15 ақпан – қазақ журналистикасы үшін елеулі күндердің бірі. Себебі 1929 жылдың дәл осы күні Павлодар облысында алғаш рет «Кеңес туы» газеті жарық көрді. Кейінгі жылдары «Қызыл ту» атауымен танылса, 1991 жылдан бері «Saryarqa samaly» болып көзі қарақты оқырман қауымға жол тартып келеді.
Әлбетте, әр ұжымның өткені мол, тарихы терең. Оған ешкім дау келтіре қоймас. Біз де басылымның бастапқы кезеңдерінде қоян-қолтық қызмет еткен алдыңғы буын ағалар, кеңестік уақытта түрлі қиындыққа қарамастан тұрақты түрде газет шығарған тілшілер туралы жақсы білеміз, олардың еңбегін ұмытпаймыз да. Өмір мен еңбек жолы туралы басылым бетінде зерттеу материалдарының тұрақты түрде ұсынылуы – соның бір айғағы.
Бұл қара шаңырақтың басты байлығы – оқырмандар болса, негізгі тірегі – қызметкерлері. Редакцияны өз үйіндей санайтын журналистер мен газеттің беттеліп, қатталуына жауапты қызметкерлер қалың көпшілікке тұшымды дүние ұсыну үшін аянып қалмақ емес. Газетіміздің «туған күні» қарсаңында белгілі ақын, журналист Қасым Аманжоловша айтсақ, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда, Жүрегім жалын атқан сөз дайында» дегендей, қалам мен қағазды серік еткен қаламдастарды таныстыруды құп көрдік.
Жалпы, қазақ редакциясының ішкі аурасы, таным-түсінігі, дүниетанымы, көзқарасы бөлек. Барлығы бір үйдің баласындай болып кеткен. Сондықтан да болар, біздің басылымға еңбек етуге келген жандардың дені осында ұзақ уақытқа қалады. Жас маман болып жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі осы қара шаңырақтан құрметті демалысқа шықты. Бүгінгі күні де зейнеткер атанғанымен, жастарға бағыт-бағдар беріп, бар білгенімен бөлісіп жүрген тәжірибелі маманымыз бар. Ол –
беттеуші Нұрлан Жанарбаев. 1998 жылдың күзінде редакциядағы еңбек жолын бастап, алғашында жарнама бөлімінде жұмыс істесе, кейін оператор–беттеуші қызметіне ауысты. Содан бері тынымсыз қызмет етіп келеді.
Біздің ұжым Нұрлан ағаны «Газеттің мұрағатшысы» деп атайды. Себебі облысқа қатысы бар азаматтардың, қандай да бір мекемелердің суреттерінің барлығын тап-тұйнақтай етіп жинайды. Тау тұлғаларға арналған мақалаларды, арнайы жобаларды газет бетіне орналастырып, көркемдеу де көбінесе осы кісіге жүктеледі. Себебі мұндай терең мақалалардың тақырыбын шебер аша біледі. Сіздер оқитын негізгі беттердегі ресми жаңалықтардың дені де Нұрлан ағаның қолынан өтеді.
Бүгінде басылымның әр нөмірін жоспарлап, беттеушілер тобының журналистер жазған мақалаларды әрлеп, сәндеп, тартымды етіп қаттауына жетекшілік етіп жүрген Санитас Иманғазинаның редакцияда қызмет етіп жүргеніне тура ширек ғасыр толды.
— 1999 жылы Торайғыров университетінің (бұрынғы ПМУ) соңғы курсында оқып жүріп, осы қара шаңырақта тәжірибеден өттім. Ұзақ жыл газетте суретші-беттеуші болған Николай Ступников тікелей жетекшілік етіп, басылымды беттеудің қыр-сырын үйретті. Корректор апайлар — Күләш Темірболатова, Балшекер Қалимолдина және марқұм Жұмаш Жұмаділовалар әпкелік қамқорлығын көрсетті. Аға-апайлар бауырына басқан соң мұндағы тәжірибелік жұмыс та бірден ұнады. Сөйтіп, беттеуші ретінде еңбек ететін болдым. Ол кезде журналистердің материалдарын қазіргідей ортақ жүйе арқылы алу атымен жоқ. Әр тілші материалын дискетке, кейін флэш-картаға салып әкелетін. Бірі ашылады, бірі ашылмайды. Аптасына үш нөмір дайындап, қазан «қайнап» жатқан уақытта оның өзі кәдімгідей әбігерге салатын. Бүгінде мұндай қиындық жоқ. Беттеуші-лердің жұмысы да айтарлықтай оңтайландырылған. Қосымша құралдарды қажет етпейді, — дейді жауапты хатшы.
Сол тұста тілшілік қызметті бастаған журналистердің бірі – Нұржайна Шодыр. Қазір әріптесіміздің есімі білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау салаларымен тығыз байланысты әрі осы сала мамандарына жақсы таныс. Нұржайна Шодырдың білім беру саласындағы өзекті мәселелерді газет бетінде көтеруі арқылы бірталай түйткілдің түйіні тарқады. Айталық, өңірдегі тілшілердің қатарында алғашқылардың бірі болып Екібастұздағы мектептерді жөндеу керек екенін айтып, дабыл қақты. Былтыр тиісті қаржы бөлініп, оқу ордалары жаңарды. Сол сияқты Павлодар ауданы Бірлік ауылындағы, Аққулы ауданы Тілектес ауылындағы ата-аналардың базынасын басылым арқылы билікке жеткізіп, аталмыш елді мекендерге заманауи мектеп қажеттігіне назар аударды. Алдағы уақытта бұл ауылдарда жаңа білім беру мекемелері бой көтеретін болды. Мұндай мәселелерді шырылдап тұрып жеткізіп, нәтижесіз қалдырмау жоғары кәсібилік пен біліктілікті қажет етеді. Ал бұл тәжірибе оңай жиналған жоқ.
— Мен 2003 жылдың тамыз айында «Сарыарқа самалы» газетіне тілші болып жұмысқа қабылданған тұста жас журналистерде компьютер болған жоқ. Мақаланы қолмен жазатынбыз. Редакция есебінен А-4 форматындағы жұқа сары қағаздар үлестірілетін. Газетке беретін барлық материалды соған жазып, кейде қате кетіп қалса, қайтадан таза бетке көшіріп, терушілер отыратын бөлмедегі екі папканың біріне салып кететінбіз. Мұндағы қызыл түсті папкаға шұғыл түрде басылуы тиіс материалдар, яғни әкімдікте өткен ресми іс-шаралардың есебі, нөмірге баратын дүниелер салынса, жасыл түсті папкаға ескірмейді-ау деген мақалалар салынатын. Терушілер де алдымен қызыл папкадағы материалдарды басатын. Сондықтан бәріміз мақаламыз тез терілуі үшін әлгі қызыл папкаға салуға асығатынбыз.
Сол кезде қазіргідегідей ұялы телефон да, интернет те болған жоқ. Ақпарат алу өте қиын еді. Қаладағы мекемелерден ақпарат қажет болса, бетпе-бет жүздесіп қана алатынбыз. Ал ауыл-аудандарға бас редактор орынбасарының кабинетіндегі телефоннан ғана қоңырау шалатын едік. Өйткені, журналистер отыратын бөлмелердегі телефондар тек қала ішіне ғана жарайтын.
Кейін бірнеше жылдан соң редакцияға компьютерлер алына бастады. Бірақ бас-басымызға жеке компьютер жетпеді. Сол себепті 3-4 журналистке бір компьютерден ғана берілді. Шарасыздан ескі әдет бойынша мақаламызды сары қағазға жазып, әлгі компьютерді тек соны теру үшін пайдаландық. Уақыт өте келе әр журналистке жеке компьютерден үлестірілді. Қуанышымызда шек болған жоқ. Бірақ әбден қағазға жазып үйреніп қалғандықтан, бірден компьютерде отырып мақала жазу бастапқыда қиынға соқты. Оның үстіне қолымыз клавиатураға, көзіміз экранға, миымыз ойымызды компьютерде қорытуға үйренбегендіктен қиналған кездер болды. Бізбен салыстырғанда қазіргі жастар бақытты деп ойлаймын. Жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндік бар. Тек еңбек етуге деген ниет пен қабілеті болса болғаны, — дейді тәжірибелі маман.
Цифрлық технологиялар қарыштап дамып жатқан қазіргі жаһандану заманында жас журналистерге компьютерсіз уақытты бастан өткеру түгілі елестетудің өзі қиын. Бүгінде түрлі ақпаратты кез келген жерден ұялы телефон арқылы-ақ дүйім жұртқа таратып жүрміз. Ал осыдан небары 20-25 жыл бұрын мұндай игілік сол тұстағы газет тілшілерінің үш ұйықтаса түсіне де кірмеген болуы керек. Соған қарамастан, басты миссия – шынайы ақпарат тарату, сараптамалық мақалалар ұсынуды өз деңгейінде орындай білді.
Әріптесіміз Гүлжайна Түгелбай да компьютерсіз, интернетсіз журналистік жұмыстың шетін көрді. Қолға диплом алған соң еңбек жолын бастаған алғашқы жұмыс орны – облыстық басылым редакциясында 20 жылға жуық уақыт елеулі еңбек етіп келеді. Әсіресе, саясат, экономика, өндіріс салаларының «жілігін шағып, майын ішкен» мықты маман. Ол «төрт қабырғадағы» жұмыстың өнімді бола қоймасын жақсы біледі. Сондықтан сыртқа шығып, ел-жер аралап, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігін көріп келгенді жөн көреді.
— «Журналисті аяғы асырайды» деген тіркес бар. Газетке жұмысқа келгелі аймағымыздың аудан-қалаларын, ауыл-ауылын аралап, талай іс-сапарда жүреміз. Өз басыма жұмыс сонысымен қызық. Жаңа адамдармен танысу, облыстың шалғай елді мекендеріне дейін барып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау — журналистік жұмысымыздың бір бөлшегі. Мұндайда уақытпен санасу жоқ. Кейде облыс басшылығымен таң алаң-елеңде жолға шығып, түн ауа кері қайтатын кездер болады. Мұндай сапарларда алыстан біле бермейтін ауылдағы ағайынның айтарын, бұйымтайын біліп қайтамыз. Бірде егін алқаптарын аралап, кең даладағы ерен еңбектің куәсі болсақ, бірде басымызға каска киіп, алып зауыттардың аяқ алысын көріп қайтамыз. Бұл — бір дәурен. Қазір ақпараттың көбін технологиялардың арқасында жедел алып, шұғыл таратқанымызбен, жүзбе-жүз кездесудің жөні бөлек. Тікелей тілдесудің орны ерекше. Сондықтан, газетіміздің мазмұнына мазмұн қосар мақала әкелетін сапарымыз үзілмегей! – дейді әріптесіміз.
Басылым бетіндегі әр әріп қатені тексеріп, журналистердің, авторлардың материалдарын електен өткізетін корректорлар – Айман Иманғазина мен Зәмзәгүл Оспанованың да редакциядағы қызметіне 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында оқырман қауымға сауатты жазылған дүниенің ұсынылуын қадағалап келеді.
— «Газет – тәрбие құралы» деп бекер айтылмаса керек. Басылым бір жағынан оқырманның білім көкжиегін, ақыл-өрісін кеңейтуге әсер етсе, бір жағынан сауатты болуына көп ықпал жасайды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір жастарымыз түгілі әлеуметтік желілердегі парақшалардың қате жазып, бұрыс сөйлеп жүргенін көріп жүрміз. Мұның барлығы — газет-журнал, кітап оқымаудың салдары. Білімді, сауатты адам ғана көшті сүйрейтінін ескерсек, кейінгі ұрпаққа аймақтың ата басылымының тұрақты оқырманы болғаны артық етпес, — дейді корректор Зәмзәгүл Оспанова.
Міне, біздің редакцияда кемінде 20 жыл еңбек етіп жүрген аға-апайларымыздың бастан өткергені, тәжірибесі осындай. Осы уақыт аралығында бұқаралық ақпарат саласында көп өзгеріс орын алды. Ақпаратты алу, оны тарату, спикерлермен жұмыс істеу стилі де өзгерді. Ал оқырман алдындағы адалдық пен жауапкершілік бәз баяғыдай салмақты әрі жүгі зор.
Зор жауапкершілік
Алдыңғы буын ағалар салған сара жолды жалғастыру – қатарға кейін қосылған тілшілер қауымына міндет. Олардың да қара шаңырақтың табалдырығын аттап, қызметке кіріскеніне 10 жылдай уақыт болған екен. Бүгінде әрқайсысы белгіленген саласын тереңінен талдап, оқырмандарға талдамалық, сараптамалық мақалалар ұсынуға асығады. Айталық, шеф-редактор Құндыз Қабылденова шығармашылық топтың жұмысына әрі саясат, экономика, қаржы тақырыптарына жауапты. Шолушы Айдана Қуанышева медицина саласын-дағы түрлі мәселені жан-жақты көтеріп жүр. Тілеуберді Сахаба туған тіл, имандылық, отбасылық құндылықтар тақырыптарын қаузап, ірі тұлғалармен сүбелі сұхбаттар жазып, көпшілік назарына ұсынып жүр. Тағы бір шолушымыз – Алтынбек Мұқышев агроөнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық, құқық бағыттарындағы соңғы жаңалықтарды, өзекті тақырыптарды басылым бетінде көтеріп келеді.
— Біздің буын – «Айналайынның» балалары. Оқушы кезімізде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер қосымшасына хат-хабар жазып, тіпті газет бетінде шәкірттер айтысын ұйымдастырып, бір-бірімізбен сынға түсетін едік. Мектеп қабырғасындағы бала қиял, ақындық жол бізді журналистік өмірге жетеледі. Бүгінде бір кездері өзіміз әр нөмірін тағатсыздана күткен аймақтың ата басылымында қызмет етіп жүрміз. Мен қара шаңырақтағы қызметті бастаған уақыт пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді. Сондықтан қатал локдаун жағдайында жұмыс істеуге тура келді. Жиындардың барлығы zoom-платформа алаңында, онлайн форматта өтетін еді. Ауыл-ауылды аралап, сапарлап шығу сап тыйылды. Мұндай жағдайда жұмыс істеу журналистер үшін оңай болған жоқ. Десе де, пандемиядағы шектеулер, талап-ережелер сәт сайын өзгеріп, түрлі жаңашылдық енгізіліп жатқан тұста тілшілер қауымына халықты ақпараттандыру бағытында зор жауапкершілік жүктелді. Санитарлық қорғау заттарын киіп алып, инфекциялық ауруханаларға кіріп, дәрігерлермен қатар індетпен күрестің «майданына» енген кездер де болды. Қазір мұндай ауыртпалықтың артта қалып, еркін жағдайда жұмыс істеудің кезеңі қайта оралғанына қуаныштымыз, — дейді Алтынбек Мұқышев.
Иә, қазіргі ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан тұста біздің басылым да көштен қалмай, кең аудиторияны қамту үшін барын салуда. Дәстүрлі БАҚ саласында қызмет етсек те интернет-журналистикадан шет қалып жатқан жоқпыз. Газеттің арнайы сайты, әлеуметтік желілердегі парақшалары жұмыс істеп тұр. Бұл бағытты үйлестіруді жас тілші – Айдана Боранбаеваға жүктедік. Газет бетінде мәдениет, жастар саясатын қамтитын мақалалар жазып, «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер қосымшасын үйлестірумен қатар, жаһандық желі арқылы газет жұмысын насихаттауға сүбелі үлесін қосып келеді.
— 5-сыныптан бастап «Айналайын» арнайы бетіне өлеңдерім мен шағын шығармаларымды жолдасам, бүгінде осы қосымшаны өзім үйлестіріп, газетіміздің кішкентай оқырмандарымен байланыс орнатып, енді олардың жазған-сызғандарын баспаға дайындау – мен үшін зор қуаныш. Сонымен қатар, әр бейсенбі сайын басылымда жарық көрген мақалаларды әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға жүктеп, жаһандық желі қолданушыларына сүбелі сұхбаттар мен қызықты материалдар ұсынамыз. Жедел жаңалықтарды да осы әлеуметтік желілер арқылы дер кезінде таратуға тырысамыз, — дейді Айдана Боранбаева.
Ал беттеушілер Маржан Шекенова мен Аспандияр Бекмырза журналистер жазған дүниелердің газет бетінде айшықты болып шығуына атсалысып, мақалаларды сайтқа орналастырады.
— Менің газеттегі еңбек жолым басталғанына 10 жылдың жүзі болып қалды. Бастапқыда Николай Ступников, Нұрлан Жанарбаев, Санитас Иманғазина сынды аға-апайлардан білмегенімді үйреніп, білімімді толықтырдым. Уақыт өте келе әріптестермен де тәжірибе алмасып, газетіміздің тек мазмұнды емес, тартымды болып жарық көруіне де мән беріп келеміз. Астарлы коллаждар, инфографикалармен әрленген кезде оқырман қауымды ерекше тартатыны белгілі. Сондықтан осы бағытқа да баса мән береміз, — дейді Маржан Шекенова.
Ал беттеушілер пайдаланатын суреттердің сапалы болып, тақырыпты аша білуі фототілші Есенжол Исабектің жұмысына тікелей байланысты.
— Әр кадр – газеттің қолтаңбасы. Оқырманның назарын аудартатын да осы фотосурет. Сондықтан қайда жүрсек те жылт еткен сәтті қалт жібермеуге тырысамыз. Себебі сурет тақырыпты ашып, «сөйлеп» тұруы тиіс. Басқа адамдар байқамаған сәтті байқап, көпшілік көрмеген тұсты объективке дөп түсіруі маңызды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде белсенді болып, желі қолданушыларына қызықты контент ұсынған жөн. Осы бағытта да еңбек етіп, сапарлардан видео дайындап, кейде трендтерден де қалыспай жатамыз. Мұның барлығы газет жұмысын жоғары бағалайтын оқырмандар үшін, — дейді Есенжол Исабек.
Жақында қатарымызға қосылған тілші Салтанат Ғаббас та аз уақыт аралығында журналистік қырымен танылып, мәдениет, жастар өмірі тақырыптарына қалам тербеп жүр. Шара, жиындардан жедел ақпарат таратуға да үлес қосуда.
Біздің ұжым осындай. Редакцияда еткен еңбек еленіп, барлығы түрлі деңгейдегі марапат-сыйлықтарды иеленіп, түрлі байқаулардан бәйге алып келеді. Басым бөлігі осы қара шаңырақта қызмет ете жүріп өз шаңы-рағын көтерді, тұрмыс құрды, ата-ана атанды. Қысқасы, шын мәнінде бір үйдің баласындаймыз. Себебі илегеніміз – бір терінің пұшпағы. Сіздерге ой саларлық дүние, сараптамалық мақала, терең сұхбат ұсыну – біздің міндет. Ал оған баға беру – оқырман қауым құзырында.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.