Өкінішке қарай, соңғы уақытта елімізде тілі кеш шығатын және өз жасына сәйкес сөйлей алмайтын, психологиялық дамуы тежелген балалар саны артып келеді. Олардың жағдайына алаңдаған ата-аналар алдымен емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырып, білікті мамандар мен оңалту орталықтарын іздеп шыр-пыр болуда. Алайда кез келген сауықтыру, түзету мекемелері мен арнайы білім беретін балабақшалар және мектептер бірінші кезекте психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) қорытындысын талап ететіні сөзсіз. Ал баланың денсаулық жағдайына байланысты сан салалы мамандардың ұсынысы бар қорытынды қағазды қалай, қайдан алуға болады? Жалпы, ПМПК-ға келген балақайларға қандай диагноздар жиі қойылады? Баланың бойындағы түрлі бұзылыстардың алдын алу жолдары қандай? Мұндай балғындардың ата-аналары нені білуі тиіс?
Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Павлодар қалалық психоло-гиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» КММ-нің директоры Сұлушаш Айкенқызы Айтбаевамен аз-кем сұхбаттасқан едік.
— Сұлушаш Айкенқызы, алдымен өзіңіз басшылық етіп отырған мекеменің жұмысына тоқтала кетсеңіз…
— Көпшілік «ПМПК» деп атап кеткен бұл мекеме 2004 жылы ашылған. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Біздің негізгі міндетіміз – денсаулығында түрлі бұзылыстары бар 0-18 жас аралығындағы балаларды тексеріп, олардың ары қарай дамуы және білім алуына бағыт-бағдар беру. Мәселен, мекемеге зияты бұзылған, көзі нашар көретін, құлағында кемістігі бар, психикасы тежелген, тілі шықпаған балалар жиі келеді. Оларды осы мекеменің мамандары жіті тексеріп, денсаулығына байланысты қорытынды жасап, қандай маманға немесе мекемеге бару керектігі жайлы ұсыным береді. Сол қорытынды құжат арқылы ғана ата-аналар балаларын арнайы оқыту, түзету орталықтарына кезекке қойып, ары қарай дамытуы үшін тиісті мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ, біз арнайы мектеп-интернаттармен, коррекциялық балабақшалармен, жалпы айтқанда, инклюзивті білім беру мекемелерінің барлығымен және әлеуметтік қорғау бөлімдерінің мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Түрлі тақырыптарда семинарлар өткіземіз, арнайы мектептердің мамандарына арнап онлайн сабақтар ұйымдастырып, тәжірибе алмасамыз.
Ал өздігінен жүріп-тұра алмайтын, яғни мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді үйіне барып тексеріп, қызмет көрсетеміз. Мұндай балалардың қатарынан қалмай оқуы үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Емдеу мекемелерімен де тығыз қарым-қатынастамыз. Себебі, балаларға ерте жасынан скринингтік зерттеу жасау, басқа да мәселелерде медицина қызмет-керлерімен бірлесе жұмыс істеуімізге тура келеді.
Жалпы, ПМПК-да дефектолог, логопед, психолог, сурдопедагог, тифлопедагог, әлеуметтік педагог, психиатр, невропатолог сынды мамандар жұмыс істейді. Бізге келетін барлық бала осы адамдардың жан-жақты тексеруінен өтеді.
— ПМПК-ға келетін бала-ларға қандай диагноздар жиі қойылады және оларды оңалту шаралары қалай жүзеге асады?
— Өкінішке қарай, соңғы уақытта біздің мекемеге аутист, психикалық дамуы тежелген (ЗПР), сөйлеу тілі дамымаған (ЗРР) балалар жиі келуде. Мәселен, бұрын бір жылда бірнеше баланың аутизммен ауыратыны анықталатын. Қазіргі таңда күн сайын осындай балалар алдымызға келеді. Сондай-ақ, сөйлемейтін, таным-түсінігі қалыптаспаған 3-4 жастағы балалар да көбеюде. Осындай балғындарды ары қарай дамыту үшін түрлі түзету орталықтарына, психологиялық тежелуі бар және сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған балабақшаларға баруға бағыттаймыз. Бүгінде облыс орталығында қажеттілікке байланысты коррекциялық бақшалардың қатары артуда. Айталық, Павлодар қаласында интеллектісі бұзылған, дұрыс сөйлей алмайтын балғындарға арналған бірнеше бақша бар. Сонымен қатар, көзі нашар көретін, құлағы мүкіс балалар үшін де арнайы интернаттар жұмыс істейді. Аталмыш мекемелердің барлығы балаларды біздің мекеменің қорытындысы бойынша ғана қабылдайды. Ал мектеп бағдарламасын меңгере алмайтын жеткіншектерді арнайы сыныптарда оқуға немесе инклюзивті білім алуға жібереміз. Олар бас-
тауыш сыныпты бітіргеннен кейін мамандарымыз қайтадан тексереді. Егер бұл оқушылардың ой-өрісінің дамуында оң өзгерістер болса, жалпы орта білім беру мектептерінде өз қатарластарымен бірге оқуға мүмкіндік беріледі. Кейбір балалар көппен бірге білім алғанымен, мұғалімдер олармен басқа бағдар-лама бойынша жұмыс істейді. Яғни, толерантты қарым-қатынас жасайды. Бүгінгі күні Павлодар қаласында инклюзивті білім алатын 700-ге жуық оқушы бар.
Өкініштісі, сал болып қалған, онкологиялық ауруларға шалдыққан, жүрегінде ақауы бар және өзге де ауыр дертке душар болған балалар өз үйінде білім алады. Шаһарда мұндай 245 жеткіншек бар.
— Қазіргі қоғамда аутист, психикасы бұзылған және сөйлемейтін балалардың көбеюіне не себеп деп
ойлайсыз?
— Негізі, бұған түрлі жағдай себеп болады. Сондықтан нақты кесіп айту қиын. Мәселен, бүгінгі күні балалардың сөйлеу тілінің бұзылуына телефон, гаджет, теледидар кері әсерін тигізуде. Ата-аналар мұндай дүниелерді емін-еркін еркетотайына беріп қояды. Кішкентай балалармен күнделікті сөйлесіп, қарым-қатынас жасамайды. Сөйтіп, бесіктен белі шықпай жатып ғаламтордағы шетелдік мультфильмдер мен небір ақпараттардан көз алмаған бүлдіршіннің сөйлеу тілі тежеліп, психологиясы бұзылып, дамуында ауытқулар байқала бастайды. Сондай-ақ, денсаулығында туабітті кемістігі бар бөбектер де сөйлемейді. Мәселен, құлағы естімейтін бала сыртқы ортада не болып жатқанын түсінбегендіктен тілі тежеліп қалады.
Міне, осындай жағдайларды ата-аналардың басым бөлігі кеш түсініп жатады. Содан кейін баласының денсаулығына алаңдап, мамандардан көмек сұрап арлы-берлі жүгіреді. Негізі, мұндай балалардың көбі дені сау болып өмірге келіп, қалыпты өсе бастайды. Ары қарай 2 жастан асқан соң түрлі факторлардың әсерінен дамуында тежелулер байқалып, кері кетеді. Егер бұл жағдай асқынса, мұның соңы баланы аутизмге дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар уақыт жоғалтпай, балғындарды түзету мекемелеріне апарып, көмек көрсетулері керек. Ал аутизм ауруының нақты пайда болу себебі әлі толық ашылған жоқ. Қаламызда мұндай бүлдіршіндерге арналған арнайы орталықтар жұмыс істейді. Онда білікті мамандар бар. Бастысы, үлкендер жағы балаларын сонда апарып, үздіксіз жұмыс жүргізуі тиіс. Қандай жағдай болса да үміт үзбеу қажет.
— Түзету, оңалту орталықтары мен арнайы балабақша-лардың жұмысына талдау жүргізіле ме? Яғни, аталған мекемелерге барып жүрген ерекше балалардың нәтижесі қалай?
— Әрине, ерекше балаларға қызмет көрсететін әрбір мемлекеттік мекеменің жұмысын жауапты мамандар қадағалап отырады. Ал мұндай мекемелерге барып, мамандармен жұмыс істеген бүлдіршіндерде оң нәтиже байқалады. Айталық, біздің талдауымыз бойынша аталған мекемелерге тұрақты түрде барып жүрген балғындардың шамамен 80 пайыздан астамы жақсы нәтижеге жетіп, жалпы орта білім беру мектептерінде ел қатарлы білім алуда.
Ең өкініштісі, көптеген ата-ана баласының денсаулығына қатысты айтылған ауытқуларды мойындамайды. Сөйтіп, мамандардың көмегіне жүгінбей, «балам өзі сөйлеп кетеді, өсе келе түзеледі» деген оймен уақыт өткізіп алады. Бұл — үлкен қателік! Сондықтан ата-аналар бауыр еті баласының болашағын ойлап, олардың жан-жақты зейінді, білімді болып өскенін қаласа, кішкентай кезінен бастап әр әрекетіне мән берулері тиіс. Немқұрайлы қараудың кесірінен кейбір ақыл-ойы жетілмеген балалар мектепке барып, бағдарламаны қабылдай алмай қиналады. Кейде мұндай оқушылардың оқу үлгеріміне, өз-өзін ұстауына қарап алаңдаушылық білдірген ұстаздар қауымы оларды ата-аналарымен бірге ПМПК-ға жібереді. Біздің мамандар бұл балаларды тексеріп, жол көрсетіп жатады. Кейін мұндай оқушылардың түзеліп кеткенін көріп, қуанып қаламыз. Сол балалардың ата-аналары алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады.
— Көптеген ата-ана осы мекемеге баласын әкелу үшін айлап кезек күтетінін айтады. Сөйтіп, сіздерден қорытынды алғаннан кейін түзету орталықтары мен арнайы балабақшаларға бару үшін тағы да осы жағдайға тап болып , уақыт жоғал-татынына қапалы. Бұған не себеп? Сіздіңше, бұл мәселені шешу мүмкін бе?
— Иә, мұндай мәселе бар. Біз бұрын балаларды жалпылама кезекке қоя беретінбіз. Бұдан кейін ұзақ уақыт күтіп қалған ата-аналар реніш білдіріп, тіпті, әкімдікке дейін шағымданатын. Қазір мемлекеттік қызмет бойынша балаларды бір ай бұрын ғана кезекке тіркейтін болдық. Бірақ, осында келетін бүлдіршіндер өте көп. Бүгінде біздің мекеме апта сайын шамамен 40-50 баланы тексереді. Өткен жылы мамандарымыз 3837 балаға қызмет көрсеткен екен.
Жалпы, Павлодар қаласы бойынша 0-18 жас аралығындағы 92 мың бала бар. Ал ереже бойынша 50 мың балаға бір ПМПК қызмет көрсетуі тиіс екен. Осы мәселені көтеріп, нәтижесінде қаламызда тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес ашылды. Бұл мекеме біз үшін үлкен көмек болды.
Ал арнайы балабақшалар мен түзету орталықтарындағы кезек жайында айтсам, әрине, мәселе жоқ емес. Себебі, сөз басында айтып кеткенімдей психикалық дамуы тежелген, сөйлеу тілі бұзылған балалар күн санап көбеюде. Олардың бәрін бірден 100 пайыз арнайы мекемелермен қамту мүмкін емес. Десе де, біздің облысымызда осындай балғындарды оңалтуға жан-жақты жағдай жасалуда. Айталық, шаһарда коррекциялық орталықтар ашылуда. Таяуда қаламызда тағы бір арнайы балабақша пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, қызмет көрсету аясы кеңейеді деген үміт бар. Бұл бағыттағы мәселелер біртіндеп шешілуде.
— Шыны керек, елімізде ерекше балалармен жұмыс істеп, тез нәтиже шыға-ратын білікті мамандар тапшы. Осы жағдайды пайдаланған кейбіреулер қысқа мерзімді немесе онлайн курстар оқып алып, оп-оңай ақша тауып жүрген жайы бар. Жұртшылық білімі таяз дефектолог, логопед, психолог мамандар көбейіп кеткенін жиі айтуда. Бұған не дейсіз?
— Жасыратыны жоқ, мұндай мәселе бар. Кейбір ата-аналар баласын қатарға қосу үшін жекелеген мамандарға ай сайын 200-300 мың теңге төлейтінін, бірақ нәтиже көрмей жататынын айтып жатады. Біз олардың жұмысына баға беріп, бақылау жасамаймыз. Әр баланың денсаулық жағдайы, ақпаратты қабылдауы әр түрлі болып келеді. Дегенмен де, ата-ана қыруар қаржы төлеген соң, нәтиже талап етуге құқылы. Осыны білетін кейбір мамандар біздің мекемеден алдына келген балаға қатысты қорытынды сұратып жатады. Егер балада ауыр бұзылулар болса, түрлі сылтаулар айтып, бас тартады екен. Мұндай жағдайлар болмас үшін білікті мамандар ауадай қажет. Әсіресе, қазіргі таңда дефектологтар өте тапшы. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын осы мамандық бойынша жоғары оқу орындарын тәмамдаған жастарға жағдай жасап, соларды тартуымыз керек деп ойлаймын. Түк білмейтін баланың түсінік-танымын қалыптастыру дефектолог маманның ғана қолынан келеді. Дефектология саласы өте күрделі болғандықтан, осы мамандық иелері басқа бағытқа кетіп, жеңіл жолды таңдап жатады. Осы мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек.
— Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
— Ата-аналарға айтарым, баланы өмірге әкелген соң оның денсаулығына, қатарынан қалмай дамуына жауапкершілікпен қарау керек. Егер сөйлеу тілінде, психологиялық дамуында бұзылулар бар екенін байқасаңыз, ертерек әрекет жасаңыздар. «Әрекет түбі —
берекет» деген қағиданы әркез есте сақтаңыздар. Уақыт өткізіп алмаңыздар. Оңалту орталықтары мен түзету кабинеттеріне бары-ңыздар, көмек алыңыздар. Мемлекеттік мекемелердегі қызметтің бәрі тегін көрсетіледі. Мүмкіндікті мүлт жібермеңіздер. Неғұрлым ерте барсаңыздар, соғұрлым жақсы нәтижеге қол жеткізесіздер.
Әр бала – Алланың берген бақыты, нығметі екенін түсініп, барынша қолдау көрсетіңіздер! Себебі, барлық бала бақытты болуы үшін жаралған.
— Әңгімеңізге рақмет! Дені сау ұрпақ қалыптастыру жолында жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.