Табанды еңбек табысқа жетелейді

Қыр 11, 2025

Жаһанды жайлаған коронавирус санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының кім екенін ұқтырды. Қоғамдық денсаулықты сақтау мекемесінің қызметкерлері дерт дендегенде жұртшылыққа дем берді. Күні-түні ұйқыны ұмытып, тәулік бойы жұмыс орнынан табылды.

Биыл елімізде тұңғыш рет 15 қыркүйекте санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері кәсіби мерекені атап өтпек. Күрделі салада еңбек етіп жүрген мамандардың қатарында
Гүлмира Шәйкенова да бар. Ол — Екібастұз қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық бөлімнің бас маманы. Қиын әрі жауапты қызметте жұмыс істеп жүргеніне 30 жылдан асыпты.

Гүлмира Еренғалиқызы 1991 жылы Павлодар қаласындағы қазіргі медициналық жоғары колледжіне санитарлық-эпидемиологиялық фельдшер факультетіне оқуға түскен. Мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. 1994 жылы  қолына диплом алысымен қазіргі Екібастұз қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық бөліміне жұмысқа тұрады. Алғашында эпидемиолог дәрігердің көмекшісі атанады. Сол уақыттан бері осы мекемеде 31 жыл жұмыс орнын ауыстырмай, табанды еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман.

— 2004 жылы сала мамандары мемлекеттік қызметші қатарына қосылды. Сол уақыттан бері кәсіби мерекені 23 маусымда атап келдік. Биылдан бастап 15 қыркүйек тек біздің ғана мерекеміз болып бекітілді. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандарына көрсетілген құрмет деп білемін.

Күрделі салаға аға-жеңгемнің кеңесі бойынша оқуға түстім. Ол уақытта емтиханнан өту өте қиын болатын. Қажетті балды жинап, бағым жанып, студент атанғаным есімде. Бұдан бөлек, 2007 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік университетін биолог мамандығы бойынша тәмамдадым, — дейді Г.Шәйкенова.

Гүлмира Еренғалиқызы қызметте жұқпалы аурулардың пайда болуы, вирустың науқастарға таралуын анықтайды. Аурудың алдын алу және қауіпті кеселден қорғануда қажетті шараларды әзірлейді.

— «Дәрігер адамды құтқарады, гигиенист адамзатты құтқарады» деген сөз бар. Біз жұқпалы аурулардың алдын алып, қоғамдық денсаулықты қамтамасыз етеміз. Мәселен, коронавирус кезінде ауырып қалған әр науқаспен әңгіме жүргізетін едік. Дертті қалай жұқтырғанын анықтау мақсатында қайда барғанын, кіммен сөйлескенін бәрін сұрап білу міндетіміз болды. Күні-түні жұмыста жүрдік. Арнайы киіммен қызмет істеудің өзі оңай болмайтын. Медициналық бетперде, көзілдірік, қолғапты киіп алып, 30 градус ыстықта да науқастарға қызмет көрсеттік. Әлі есімде, пандемия басталған уақытта біз уақытша қонақ үйге орналастық. Себебі үйге қайтсақ, отбасымызға қауіп төндіретін едік. Бір қалада тұрып, жасы келген әкем және жолдасыммен жолыға алмайтын едім. Көп әріптестерімнің кішкентай балалары болды. Өте қиын кезеңді бастан кешірдік. Күйеуіме телефон арқылы ас пісіруді де үйреткен болатынмын, —
дейді Г.Шәйкенова.

Гүлмира Еренғалиқызы жолдасы екеуі — ұлдарынан
3 немере сүйіп отырған бақытты ата-ана, ата-әже. Қоғамдық денсаулықты сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейміз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.