Байланыс саласында телеграфшы сөзін естігенде, көбіміз көне термин, мамандық ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес. Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұндай маман иесінің әлі де қызмет ететінін біреу білсе, біреу білмес. Сондай білікті маман, цифрландыруға дейін де, кейін де телеграфияның даму сатыларына куә жандардың бірі – Гүлбара Жакипбекова.
Қазіргі таңда «Транстелеком» акционерлік қоғамының Павлодардағы филиалы – «Павлодартранском»-да аға телеграфшы болып еңбек етеді.
— Абоненттерден телеграмдарды қабылдап, тиісті мекенжайына жөнелтуге жауаптымын. Әрбір телеграм арнайы журналда тіркеледі. Заңды тұлғалар телеграмның екі данасын әкеледі. Тиісті нөмірін қойып, қабылдаған уақытымыз бен күнімізді жазамыз. Тарифін белгілейміз. Цифрландыру заманында жеке тұлғалар телеграфия қызметіне жүгінбесе де, теміржол саласында кең сұранысқа ие. Біздің телеграмдарымыз Қазақстан аумағындағы шалғай өңірлерге, алыс және жақын шетелге жөнелтіледі. Балтық теңізі жағалауындағы елдерге, Қырғызстан, Ресейдің облыстарына жолданады, — дейді Гүлбара Құсманқызы.
Аға телеграфшы жыл өткен сайын қызмет барысы жеңілдей түскенін айтады. Бұрын компьютерлер қолданысқа енбей тұрғанда алып аппараттармен жұмыс істеген. Бұл аппараттарда телеграмның бірдей мәтінін перфотаспаға әр мекенжай үшін жеке-жеке теруге тура келген. Бұл перфотаспадағы нүктелердің мәнін, қандай әріпті білдіретінін білу қажет болған. Міне, осындай күрделі кезеңде де міндетін мінсіз атқарған Гүлбара Құсманқызы қазір көп жұмыстың жеңілдегенін алға тартты.
— Қазір бәрі компьютермен атқарылады. Цифрландырудың жемісін көріп жатырмыз. Телеграмды компьютерде тереміз. Арнайы бағдарламамызда маршруттық мекенжайлар дайын тұрады. Қажеттісін таңдап, Enter батырмасын бассақ, лезде тиісті мекенжайға жолданады. Көп қызмет орталықтандырылды, — дейді аға телеграфшы.
Гүлбара Жакипбекова заманға сай өзгерісті тез меңгеріп алатын көрінеді. Мәселен, телеграфтық жабдық — Вектор-2000 атты телекоммуникациялық серверге көшу кезінде белсенділік танытыпты. «Вектор-32» мамандандырылған бағдарламаның қыр-сырын әріптестеріне үйретуге атса-лысқан. Қазіргі кезде компанияда E-telegramm пилоттық жобасын жүзеге асыруға үлес қосуда.
— Телеграмма заңды тұлғалар үшін өте тиімді. Себебі, өздері электронды поштамен немесе өзге де жолдармен жөнелткен кезде, оның жеткен-жетпегенін, нақты жолданғанын керек кезде дәлелдеу қиын болады. Ал біз арқылы жолдаса, телеграмның жеткеніне сенімді бола алады. Мәтінде бәрі кодтармен көрсетіледі. Абонентке телеграм қолына тигенде де оны ай-күнімен, сағатымен дейін белгілеп аламыз, — дейді аға телеграфшы.
Гүлбара Құсманқызы өмірінің 35 жылға жуығын арнаған сала жанына жақын екенін айтады. Бір сәт өзге арнаға ауысуды ойламапты. Біздің кейіпкеріміз байланыс саласына 1991 жылы келді.
— Семейдегі байланыс училищесін тәмамдап, жолдамамен Павлодар қаласына келдім. Ол кезде пошта мен Қазақтелеком қызметі бір еді. Яғни, почтамп деп аталды. Мұнда пошта, хат-хабар да, телеграф та, телефонизация да бір мекеме құрамында болатын. Кейін екі бағытқа бөлінді. Сөйтіп, «Қазақтелеком» ұйымына өзімнің меңгерген мамандығым телеграфшы болып орналастым. Он жыл еңбек еттім. Содан кейін 2001 жылы «Транстелеком» компаниясына ауыстым. Қазір аға телеграфшымын. Үздіксіз, өзім таңдаған мамандықпен еңбек етіп келемін. Өзіме ұнайды, — дейді Гүлбара Құсманқызы.
Табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маманның жұмысын әріптестері, компания басшылығы жоғары бағалайды. Әр міндетіне жауапкершілікпен қарап, жаңашылдықты жылдам меңгеріп алатынын айтады. Телеграфтық-телефондық байланыс саласындағы мол тәжірибесінің арқасында әрдайым шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдайды. Телеграфқа түскен әрбір шұғыл материалға жедел жауап қатуға бейім. Ұжымда сыйлы, үлкен-кішіге білгенімен бөлісуге дайын. Міне, бұл еңбегі елеусіз қалмаған. Басқарма төрағасының «Алғыс хатын» алған. «Үздік байланысшы» төсбелгісімен марапатталған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.