Павлодар қаласының Орталық жағалауында облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті маусымы ресми түрде ашылды. Биылғы маусымда еңбек жасағына 2 мыңға жуық жас тартылып отыр. Олар саябақтарды, көшелерді, су айдындарының маңын тазарту, ағаш егу, гүл отырғызу секілді жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, экологиялық акциялар мен ағартушылық шараларға да қатыспақ.
«Жасыл ел» еңбек жасағы 20 жыл бойы жастарды жасампаздық, экологиялық ағарту және қоғамдық қызмет идеясы төңірегінде біріктіріп келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған жас жауынгер аймақты көгалдандыруға, табиғатты қалпына келтіруге, саябақтарды абаттандыруға, тұрғындарға көмектесуге және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға үлес қосты. Осы еңбек маусымында экологиялық отрядтар жасыл желектерді күту, ағаш отырғызу, аумақтарды жинауды, құрылыс жасақтары құрылыс пен қайта құру, бояу, әктеу жұмыстарын істесе, волонтерлік жасақтар әлеуметтік қолдау, игі істер, мұқтаждарға көмек көрсетеді. Жасақ мүшелері еңбекақымен қамтылып, арнайы киім үлгілерімен және қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сарбаздардың еңбекақысы бағыттарға байланысты бөлінген. Мәселен, экология жасағына 70 мың теңге, ал құрылыс жасақтарына 100 мың теңгеге дейінгі жалақы төленеді. Жастардың жұмыс уақыты мен тынығу тәртібі де заңға сәйкес ұйымдастырылған.
«Жасыл ел» облыстық еңбек штабының басшысы Русана Сулаймонованың сөзінше, «Жасыл ел» бағдарламасы – ел жастарының белсенділігі мен бастамасының жарқын үлгісі.
— «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының негізгі мақсаты – жазғы маусымдық кезеңде жастарды жұмыспен қамту, еңбекке баулу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту. «Жасыл елдің» басты ерекшелігі – бұл жоба жастарды еңбекке баулумен қатар, патриоттық және экологиялық тәрбиені де қатар жүргізеді. Табиғатпен етене жұмыс істеу, оның тазалығы үшін жауапкершілік алу жастардың сана-сезімінде қоршаған ортаға деген жанашырлықты қалыптастырады. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа белсене қатысу арқылы жастардың азаматтық белсенділігі артады, — дейді Р.Сулаймонова.
Еңбек жасағының кезекті маусымының салтанатты ашылуына облыстың барлық қала мен аудандарынан 500-ден астам жауынгер қатысты. Солардың бірі – Баянауыл ауданынан келген жасақ сарбазы Нұрай Шейкібекова.
— Жазғы демалысымды тиімді өткізіп, табиғатқа пайдамды тигізгім келеді. «Жасыл ел» қатарына қосылу – мен үшін зор мүмкіндік. Жаңа достар тауып, еңбектің қадірін түсініп жатырмын. Бұл жұмыс маған жауапкершілікті, тәртіпті болуды үйретуде, — дейді ол.
Шара барысында «Жасыл ел» облыстық штаб командирлерінің марапаттау рәсімі өтті. Олардың әрқайсысына «Таза Қазақстан» логотипі бар құрал-жабдықтар табысталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.