Табиғатты күл-қоқыстан тазартты

Қаз 2, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында өңірдің барлық қалалары мен аудандарын қамтыған ауқымды санитарлық тазарту және көгалдандыру сенбілігі өтті.

Таңертеңнен жүздеген қала тұрғыны облыс орталығындағы Усолка көпірінің жанына жиналды. Спорт клубтарының, жастар ұйымдарының өкілдері, депутаттар, ардагерлер мен белсенділер қаланы тазарту және көркейту үшін көшеге шықты.

– Тазалық пен абаттандыру – әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Сенбілікке түрлі буын өкілдері шыққаны қуантады. Жастардың қасында туған жеріне немқұрайлы қарамайтын аға буын өкілдері де еңбек етуде, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.

Көгалдандыруға ерекше назар аударылды. Екібастұзда «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС және «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ның ұжымдарымен бірлесіп 600-ден астам терек, қайың және шырша ағаштары отырғызылды. Әрбір көшет қалалардың айналасындағы жасыл белдеуді қалыптастыру бойынша ауқымды жобаға қосқан үлес болды.

Белсенді тұрғындар сенбілікке қосылып, өз аулаларын абаттандырды. Өңір басшысы Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 147-үйдің тұрғындарымен кездесіп, қаланы абаттандыру және демалыс аймақтарын жасау бойынша бастамаларды талқылады.

– Қалаларымызды абаттандыруға қосқан үлесі үшін әрбір жанға алғысымды айтамын. Сіздердің арқаларыңызда көшелер, аулалар, саябақтар мен алаңдар тазарып әрі көркейе түсуде. Сіздер басқаларға үлгі болып, туған жерге ұқыпты қарауға, мәдениет пен жауапкершілікті сезінуге шабыт бересіздер, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.