Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор.
Облыста да табиғатты қорғау және оның жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, жанашырлық танытып, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғап жүрген орманшылар баршылық.
Еліміздегі кәсіби мерекелердің ішінде орманшылардың да мәртебелі орны бар. Табиғат жанашырлары жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісін мереке ретінде атап өтіп, қуанышқа кенеледі. Әрбір мамандық өзінше әлем. Бір-біріне ұқсамайтын дүние десек, орманшы қауымы таңнан кешке дейін айлап-апталап ыстық пен суықта дала кезіп, өсімдік пен жан-жануарды қорғап, Табиғат-ананы мәпелейтінімен ерекшеленеді. Кәсіби мереке қарсаңында осындай табиғат жанашырларының бірі — «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Шалдай филиалы директорының орынбасары Марат Аманов туралы сөз қозғайық.
Марат Сәбитқанұлының орман шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 17 жылды құрайды. Орманшы болуды бала кезінен армандаған Марат 2006 жылы Қазақ ұлттық аграрлы университетін «Орман және парктік шаруашылық» мамандығы бойынша тәмамдайды. Оқуын аяқтай сала туған ауылына оралып, орман шаруашылығы саласындағы еңбек жолын бастады. Әріптестері Марат Сәбитқанұлын өз жұмыстарын абыроймен атқара жүріп, тәжірибелі маман ретінде кейінгі толқын жастармен білгендерімен бөлісіп, әркез үйретуден жалықпайтынын айтады.
Орман шаруашылығы меке-месінде өзіндік орны бар орманшы Марат Аманов аса жауапты жұмысынан жылы шаңырағына оралғанда, бір үйдің мейірбан отағасы, балалардың қамқор әкесіне айналады. Ол – туған өлкесі, ыстық мекеніне қорған болып, перзенттік борышын лайықты өтеп жүрген азамат, — дейді әріптестері.
Өз тілшіміз.