Елімізде 2017 жылдан бастап қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкері күні атап өтілуде. Бұл салада аянбай еңбек етіп жүрген жандар — жануарлар мен қоршаған ортаның жанашыры. Кәсіби мереке қарсаңында орман шаруашылығында 43 жыл еңбек етіп, өмірінің бір бөлігіне айналған ардагер орманшымен әңгімелестік.
Иван Сагадиев 1975 жылы Бурабай орман техникумына оқуға түсіп, оны аяқтаған соң 1979 жылы Көкжал орманшылығында еңбек жолын бастайды. Сол жылы әскерге міндетті борышын өтеуге аттанып, екі жылдан соң жұмыс орнына оралады. Содан бастап орманшының көмекшісі қызметін зейнет жасына дейін атқарады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, осы саланы таңдауына отбасы мүше-лері себеп болған. Отбасындағы төрт ұл мен үш қыздың Бесқарағайдағы орманшылыққа еңбегі сіңген. Ағасы кәсіподақ басшысы, орман шаруашылығы директоры орынбасары міндетін атқарған, інісі де бұл кәсіпке қызығушылық танытқан. Яғни Сагадиевтер әулеті табиғат дүниесін терең түсінетін, өз ісінің нағыз шебері болған.
– Бала кезімде табиғат аясында өткізілген шараларға қатысып, бүршіктерді теретін едім. Орманшылардың жанында жүріп, ұсақ-түйек істерге араласып, көмегіміз тиетін. 1990-2000 жылдары қиын-қыстау кезеңдері ормандарды әдейі өртеу жағдайлары жиі кездесетін. Біздің орманшылығымыздың көп бөлігі қасақана әрекеттерден зардап шекті. Алайда зейнетке шыққанға дейін 95 пайызын қайта қалпына келтіруге атсалыстым. Бұрын ормандағы тілсіз жаумен күресуге көлік саны жетпей, қиын жағдайға тап болатынбыз. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен өрт тез арада жойылып, көлік саны әлдеқайда ұлғайды. Сонымен қатар, орманшылық қызмет-керлері заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Зейнетке шығар алдында жас орман-шыларға 2-3 сағат дәріс оқып, болашақ кәсіптерінің қызықты да жауапкершілікті талап ететін тұстарын үйретіп, жиған-терген біліміммен бөлісетінмін, – дейді ардагер орманшы Иван Сагадиев.43 жылдық тәжірибесі бар ардагер бүгінде орманшы көкірегі ояу, білімге құштар, жан-жақты болуы тиіс екенін айтады. Ол зейнеткерлік шағында жұбайымен бірге ауладағы бақшасын күтіп, екі ұл, бір қыздан көрген немере мен жиеннің қызығын көруде.
Салтанат ҒАББАС.