Жыл соңында жұртшылық жаңа жылға дайындықтарын бастайды. Сонымен қатар, мерекенің басты әшекейі – шыршаны безендіруге көп көңіл бөледі. Әсіресе, табиғи шыршаны сатып алатындар баршылық. Ағаштың бұл түрлерін қайдан алуға болады? Бағасы қандай?

Осы орайда, орман шаруашылығы мамандары соңғы жылдағы деректерімен бөлісті. Инспекция күн сайын жаңа жылдық шыршаларды өткізу орындарына мониторинг жүргізіп отырады. 2024 жылдың желтоқсан айының басынан бастап мамандар жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты өскіндерді қорғау бойынша тиісті шараларды атқарды.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев Өңірлік коммуникация қызметіндегі брифинг барысында атап өткендей, бүгінде инспекцияға заңды тұлғалардан жаңа жылдық мерекеге орай қылқан жапырақты ағаштарды сатуға байланысты 7 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 6000-нан астам қарағай, 200 шырша және 150 самырсын алынған.

– Аймағымызға өзіміздің 6 кәсіпкеріміз Ресейден 6400 шырша алып келген. Сондай-ақ, тағы бір кәсіпкер қала маңында өсірілген шыршаның 1 000 данасын сатып, жергілікті бизнесті дамытуда. Жергілікті орман қорындағы ағаштарға балта шаппас үшін жағдайды бақылайтын 44 мобильді топ құрылып, 10 бақылау бекеті ұйымдасты-рылды. Қазіргі уақытта қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері тіркелген жоқ, – дейді инспекция басшысы.

Өңіріміздің әрбір тұрғыны ағашты заңсыз кескені үшін жауапкершілікке тартылатынын ескерген жөн. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескенде жауапкершілік шаралары қолданылады. Оның бірі — 50-ден 1500 АЕК көлеміндегі айыппұл. Сондай-ақ, әрбір кесілген шырша үшін 15 АЕК мөлшерінде залалды өтеуге талап-арыз берілуі мүмкін. Ал екіншісі — 160-тан 3000 АЕК-ке дейінгі айыппұл, оған қоса түзеу, қоғамдық жұмыстары немесе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру кіреді. Заңсыз кесілген ағаштарды, көлік құралдары мен құқық бұзушылық құралдарын тәркілеу және де әрбір кесілген шырша үшін 15 АЕК көлеміндегі залалды өтеуге талап қойылады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қылқан жапырақты ағаштарды әкелу және сату жағдайын бақылауды жалғастырып, тұрғындар мен кәсіпкерлерді құқықтық нормаларды сақтауға шақырады.

Салтанат ҒАББАС.