Тазалықты сақтау – көптің ісі

Нау 27, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Жалпы, наурыз айы басталғалы қоғамдық орындардың тазалығына жауапты мамандардың жұмысы еселене түсті. Қысқы уақыттан кейінгі тазартуға мықтап кіріскен олар осы уақытқа дейін 1 мың тонна қоқысты сыртқа шығарды.

Кей ауыл тұрғындары да елді мекендерді қыстан кейін ретке келтіруге шықты. Айталық, Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының тұрғындары сенбілікті өткен аптада бастап кетті.

— Күн жылынып, қар еріп, қара жер көріне бастаған уақытта жыл сайын ауыл жұртшылығы сенбілікке шығып, аулаларының маңын, қоғамдық орындарды жинап, ретке келтіре бастайды. Бұл – жыл сайынғы үрдіс. Оған қоса, биыл Наурызнама онкүндігі аясындағы «Тазару» күні де халықты табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны тазалауға шақырып, бәрін бір іске жұмылдырды. Біз де халықтық мейрамнан соң негізгі алаңның аумағын қоқыстардан тазарттық. Бұл іске әкімдік, мектеп, мәдениет үйі сынды мекемелерден 20-ға жуық адам жұмылдырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар бір күнмен шектеліп қалған жоқ. Кеше де тұрғындар қоғамдық орындарға шығып, тазалап, қалдықты арнайы белгіленген орынға шығарды. Жалпы, біздің ауылда 51 аула бар. Елді мекенде 285 адам тұрады. Олардың барлығы осындай тазалық шараларына белсене қатысады, — дейді Ақшиман ауылдық округінің әкімі Қайырғали Бақауов.

Сол сияқты «Amanat» партиясының аудан-қалалардағы филиал қызметкерлері де еріктілермен бірге әр бейсенбі сайын тазалық жұмыстарын атқаруды дәстүрге айналдырған. Былтыр бастау алған «Таза бейсенбі» акциясы аясында қоршаған ортаны тазалауға бағытталған түрлі шара ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қарттардың, көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, ауласын қардан тазалап, отын әкеліп, қолғабыс жасайды.

— «Таза Қазақстан» акция-сындағы шаралар жыл оны екі ай бойы жалғасып жатыр. Қысқы уақытта жалғыз тұратын қариялардың ауласын қардан тазалауға көмектесіп, мектептерге барып, оқушылармен экологиялық мәдениетті арттырудың жолдарын талқыладық. Көктем келе көпшілік жиналатын орындарды, жекелеген аулаларды қоқыстан тазартуды бастадық. Алдағы уақытта сенбіліктерге шығып, көшеттер отырғызу жоспарда бар, — дейді «Жастар рухы» облыстық жастар қанатының төрағасы Мерғали Жүсіп.

Айта кетейік, өңірде 31 наурыздан 1 мамырға дейін «Тазалық айлығы» жарияланбақ. Соның аясында сенбіліктер, «Таза аула» акциялары ұйымдастырылып, тұрғындар жаппай тазалық шараларына жұмылдырылады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.