Photo Valeriy BUGAYEV

Алдағы сенбі, яғни «19 қазан – жалпыоблыстық сенбілік күні» деп жарияланды.

Аймақ басшысы Асайын Байханов барша павло-дарлықты сенбілік шарасына белсенді қатысуға шақырды.

— Құрметті жерлестер! Қоршаған ортаны қорғау бірінші кезекте тазалықтан басталады. Сондықтан өңір тұрғындары жалпыоблыстық сенбілікке белсенді қатысқаны жөн. Бұл күні барлық ауыл, аудан мен қалада сенбілік шарасы өтеді. Біздің тазалығымыз — өз қолымызда! – деген облыс әкімі өңір басшыларына тазалық науқанын ойдағыдай ұйымдастыруды тапсырды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аймағымызда осы жылдың 13 сәуірінен бері тазалық шаралары өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын таппақ.

— Бүгінде аталған іс-шараларға облыс бойынша 250 мыңнан астам тұрғын қатысып, 122 мың тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 60-тан астам экологиялық акция ұйымдастырылып, 8 мыңнан астам кәсіпорын мен мемлекеттік мекемелер өз үлесін қосты, — деді Ержан Иманзаипов. Сондай-ақ, ол экологиялық акция шеңберінде іске қосылған «Таза Қазақстан» телеграм-ботына 86 өтініш келіп түсіп, оның 81-і орындалғанын атап өтті.

Н.ШОДЫР.