«Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Акция аясында өңірімізде санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары бойынша экологиялық айлық өткізу жоспары бекітілді. Биылғы шара 31 наурызда басталып, 1 мамырға дейін жалғасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалалар мен ауылдық елді мекендерді жинау, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі жұмыстарды жандандырып, елдегі экологиялық ахуалды жақартуды тапсырды. Ол өз сөзінде бұл жұмысқа тұрғындар мен еріктілерді тартудың маңыздылығын атап өтті. Осыған орай, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өткізу Павлодар облысының барлық аудандарында белсенді ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда облысқа қарасты қалалар мен аудандарда көгалдандыру және абаттандыру, ағаштарды әктеу, жас көшеттер егу жұмыстары бастау алды. Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Мақсат Оралбековтің айтуынша, бүгінгі күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылатын шаралар жоспары бекітілді. Бастама барысында көше, аула, қоғамдық орындарды тазалау және инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал 26 сәуір жалпы республикалық ағаш отырғызу күні болып жарияланды.
— Айлық аясында экологиялық бағыттағы түрлі акциялар ұйымдастырылады. Оның ішінде ағаш отырғызу шаралары бар. Жоспар бойынша, мектеп оқушылары жасыл желек отырғызуға қатысады. Сондай-ақ, мектептер мен жоғары оқу орындарында экосағаттар өтеді. Өзен-көл жағалаулары мен қаладағы саябақтарда сенбіліктер ұйымдастырылады. «Таза аула» және «Үлгілі ауыл» байқаулары өткізіліп, ең таза аула мен елді мекен анықталады, — деді ол.
Сонымен қатар, басқарма бас маманы аталған экологиялық айлық аясында әлеуметтік желілер арқылы «Таза Қазақстан» платформасын тұрғындар арасында насихаттау қолға алынғанын мәлім етті. Айтуынша, әлеуметтік желі парақшаларында жиі қойылатын сұрақтар мен өтініш беру жолдары туралы ақпараттар жарияланды.
— Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған. Тазалық – біз үшін басты құндылық. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі, әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Сол себепті біз жергілікті тұрғындармен байланыс орнатып, экологиялық мәселелерді бірлесе шешпекпіз. Мәселен, бізге Telegram-бот арқылы 179 өтініш келіп түсті. Көп жағдайда жазғы маусымда тұрғындар қоқыс шығару, жол жөндеу, инженерлік желілерді қалпына келтіру мәселелері бойынша шағымданады. Кейде мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын толық аяқтамай кетеді. Мұндай жағдайда тұрғындар Telegram-ботқа хабарласса, бақылаушы орган мердігермен байланысып, абаттандыру жұмыстарын толығымен аяқтауға міндеттейді, — деп толықтырды ол.
Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалы-
сады деп сенеміз. Естеріңізге сала кетсек, экологиялық айлық 31 наурыздан басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Ал облыстық жалпы сенбілік 12 сәуірде өтеді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.