Тілдесуге кіріп келсем, кейіпкерім Галина Асылбекова бір қораптан әлденені іздеп, жанындағы сантехникке «контргайканың стандарттысы керек пе, неше муфта керек?» деп сұрап жатқанын, сантүрлі сайманның атауымен етене таныс екеніне куә болдым. Алпыстан асса да, шапқылап, қарамағындағы көпқабатты үйлердің жылу маусымына дайындығы мен айналасының тазалығына алаңдаулы жанмен кездесуге бір сағаттай уақыт әзер шықты. Олай болуы да жөн. Себебі, қазір үйлердің кем-кетігін түгендеп, алдағы қыста тұрғындардың тоңбауын, сусыз қалмауын қамтамасыз ету қамы қызған шақ. Жуырда кейіпкеріміз басшылық ететін «Гирка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты үйлердің бірінің ауласы облыс орталығындағы үздік 7 аула қатарынан табылғанын естіп, мұндай жетістіктің сырын білмекке әңгімеге тартқан едік.

— Галина Георгиевна, сіздерге тиесілі аулалардың гүлге оранып, үйлердің айналасы күл-қоқыстан ада екенін байқаймыз. Жыл сайынғы байқауларда үздіктер қатарынан табылып жүрсіздер. Мұны реттеп отыру да оңай шаруа емес шығар…

— Тазалық — көпшілікке керек іс. Айналаңның, өзің отырған орынның, ошағыңның тазалығын сақтау әрбір азаматтың борышы деп білемін. Барынша өзгеге үлгі бола білсең, тазалық аумағы да кеңи түседі. Түптеп келгенде, ол бәрімізге жайлылық сыйламай ма? Қаламызда сенбілік басталды деген хабарландыруды естісе, тұрғындарымыз күрек-сыпырғышын сайлап, дайын тұрады. Одан бөлек, біздің ұйымның аула сыпыратын қызметкерлері бар. Әрбір үш үйге бір азамат бөлінген. Біз заң бойынша көпқабатты үйлердің іргетасынан 5 метрлік қашықтыққа дейінгі аумаққа жауаптымыз. Өз басым қарамағымдағы азаматтарға күл-қоқыстан тазартсаң да қалалық аумақ, басқанікі деп қарамауды жиі айтып отырамын. Бір қадам біздің аумағымыздан алыс жатқан қағаз, қоқыс жел тұрса, үйіміздің іргесіне үйілетінін ұғындырып келемін. Сондықтан көзге көрінген қоқысты жинап кетуге бейімделіп алған.

— Осы ретте, тазалыққа тұрғындардың қосып жатқан үлесіне тоқталсаңыз…

— Тұрғындардың бәрі бірдей ортақ іске араласып кетпейді. Сондықтан, түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалықпаймыз. Әлі де санасын оятуға тырысамыз. Тұрғындардың бірі бар жанын салып, жүгіреді. «Бояу берсеңіз болғаны, өзіміз-ақ сырлап тастаймыз» деп үйдің алдын әсемдеуге атсалысып жатады. Гүлін егіп, өздерінше композиция түзіп тастайды. Үлес қоспақ түгілі, кедергі келтіретіндер де табылады. Әрбір істі алдымен өмірге қызығатын, тазалыққа ұмтылатындармен бастауға мән береміз. Тұрғындар арасынан белсенділерді тартып, әрекет етеміз. Бір қуантарлығы, елімізде коммуналдық шаруашылық, көпқабатты үйлерді басқаруға қатысты заңға өзгерістер енгізілгеннен бері тұрғындардың мұндай баспаналарды ортақ мүлік ретінде сезіне, түсіне бастағаны байқалады. Жалпы, әрбір үйдің «үлкені» бар. Мәселен, ауласы үздік деп танылған біздің Айманов көшесі, 3 мекенжайындағы көпқабатты үйге көп жыл күшін салған әжеміз көшіп кетті. Орнына басқа замандасымызды сайладық. Ол денсаулығына қарамастан ортақ іске көршілерін ұйыстыра білуде.

— Ұйыстыра білу демекші, өзіңіз жетекшілік ететін отызға жуық көпқабатты үйдің қажетін қалай реттеп жүрсіз?

— Бұл жұмысты 10 жылдан бері атқарып келемін. Алғашында «Талисман» атты ПИК-ке басшылық еттім. Негізі, 2012 жылы Павлодарға көшіп келгенде Академик Шөкин көшесінде бір ПИК-ке кассир-диспетчер болып еңбекке араластым. Одан кейін есепші қызметіне көтерді. Содан Химқалашықтағы көршілерім өзімізге де есепші керек қой деп шақыртқан болатын. Одан соң «Талисманның» басқарушысы етіп тұрғындар сайлады.  2020 жылы еліміздегі заңға байланысты кооперативтер жойылып, мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым серіктестіктер деген басқарудың екі түрінің бірін таңдау қажет еді. Содан бір жыл құжатын реттеп, «Гирка» ЖШС-не кірдік. Бүгінге дейін қарамағымдағы үйлердің бірін де жылусыз, сусыз қалдырған емеспін. Шартқа сәйкес бар міндетімізді атқарып келеміз.

Химқалашықта 23 және Академик Шөкин көшесінде 6 көпқабатты үйіміз бар. Қатарымызға қанша үй қосылса, сонша уайым келеді. Бәрінің бар-жоғын түгендеу үшін күнделікті ертең атқаратын жұмыстарымыздың жоспарын түземіз. Бірақ коммуналдық сала болған соң шұғыл шаруа шығып, кейде жоспарымызға өзгеріс еніп кетеді. Бір үйде кәріз жүйесі бітеліп, бірінде пәтерлердің бірінен су кетіп, төменгі қабатты басып жатқаны жайлы жайсыз хабар жетіп жатады. Десе де, маңыздыларын орындап үлгереміз. Күнде таңғы 8.15-те лездемеміз өтеді. Серіктестікте сантехник, есепші, диспетчер, аула сыпыру қызметін атқаратын 23 адам істейді. Әрқайсысы өз міндетіне мығым. Диспетчеріміз бәрімізден бұрын келіп, аула сыпыратын азаматтардың жұмысын уақытылы атқарғанын қадағалап, лездемеде есеп береді. Егер жұмысқа шықпай қалса, себебін анықтаймыз. Сантехник мамандарымыз алдымен үйлердің айналасындағы кәріз құдықтарын тексеріп шығады.

— Жалпы, сан түрлі пікірмен жүретін жандарды ортақ іске біріктіруде ұйымдастырушының бойында қандай мінез, қабілет болуы керек деп ойлайсыз?

— Адам тани білу керек. Кәдімгідей психолог болып алу қажет. Кейде көпқабатты үйлерге күрделі жөндеуге қаржы жинау қажеттігі туындайды. Сол кезде ұсынысты таптап тастағысы келетіндер алдыңнан шығады. Сондайда кіммен істі бастап кетуге болатынын білуің керек. Сөзіңді тұрғындарға нық, түсінікті жеткізетіндей дәрежеде болуың керек. Мемлекеттің заңдарын жетік білген абзал. Әрбір әрекеттің қай заңға сай, қайсысына қайшы екенінен хабарың болуы шарт. Білімің қарамағыңдағылардан үстем болуы қажет. Сонда сөзің өтеді, шаруаны да дөңгелетіп кетесің. Жауапкершілік жүгін сезіну керек. Әр істің басынан аяғына дейін жүріп, нәтижелі аяқтауды әдетке айналдыру арқылы тұрғындардың сеніміне қол жеткізесің. Зейнет жасына жақындадым. Тұрғындар зейнетке шыққаннан кейін де ісімді жалғастыруға қолқа салып отыр. Демек, сенімдерін ақтап келемін. Әлі де тазалық, айналамыздың әдемілігі, қысты ешбір ақаусыз өткізуге барымды сала беремін.

— Қазір жылыту маусымына дайындыққа байланысты шаруаңыз қауырт болар…

— Үйлеріміз 90 пайызға дайын. Біз жылыту маусымы аяқталысымен барлық үйдің жертөлесін  аралап, кем-кетігін тексереміз. Соған сай жоспарымыз түзіледі. Қазіргі басты міндетіміз – қысқа әзірлік. Осы міндетімізді атқарған соң «Үздік аула» байқауында құрылыс материалдарына берілген 50 мыңдық сертификатымызды жаратып, қарияларымызға күннен қорғайтын шатырлы орын жабдықтаймыз.

Шыны керек, күніміздің көбі үйлердің жертөлесінде өтеді. Кейде өзімді «орта дәрежедегі сантехникпін» деп қалжыңдайтыным бар. Жертөлеге түсіп, контргайканы, крандарды бұрап, қолыма бұрайтын кілт ұстап шапқылап жүріп, кештің қалай батқанын білмей қаламыз. Жылына бір-екі рет үйлердің кеңесімен, бастамашыл топтарымен кездесіп, әр тұрғын үйдің проблемасын талқылаймыз. Жауапкершілік алған соң халыққа адал қызмет еткім келеді.

— Көпқабатты үйлердің мәселелері көп жағдайда төлемге келіп тірелетіні жасырын емес. Бұл жағдай сіздерде қалай шешіледі?

— Ол рас, тарифке, төлемге байланып тұрады. Мәслихаттың шешімімен былтыр шаршы метріне ең төменгі тариф
32 теңге деп бекітілді. Біз 34 теңгені белгіледік. Ол жеткілікті емес. Бірақ халықтың да жағдайымен санасуымыз қажет. Одан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарына мақсатты қаржы жинаймыз. Тұрғындармен кездесіп, сметаны бекітеміз. Оңай шаруа емес. Кейде қаржы жинау бір жылға созылып кетеді. Кейбір азамат міндетімізден тыс дүниелерді атқаруды талап етіп, шу шығарып кетеді. Мұндайда өзімізді қорғап, қызметкерлердің намысына тиюлеріне жол бермеймін. Тіпті, аузына келгенін айтқан бір азамат заңға сәйкес айыппұл арқалады.

Ал ай сайынғы төлемге келсек, бізде жағдай жаман емес. Мәселен, Айманов, 3 мекенжайындағы үйде 90 пәтер болса, тұрғындар ақыны 100 пайыз толық төлейді. Заңға сәйкес, үш айдан кешіктіргендерге ескерту жасаймыз. Оны ескермесе, нотариат арқылы өндіріп алу мәселесі қаралады. Көп жағдайда оған жеткізбеуге тырысамыз. Себебі, ол да — тұрғын үшін қосымша шығын. Жалпы, орташа есеппен тұрғындардың 83 пайызы уақытылы төлейді.

— Өкінішке қарай, кейде еңбекті бағаламай, тазалықты ластап кете-тіндер кездеседі. Олармен күресті қалай жүргізесіздер?

— Кейбір үйлерімізде бейне-бақылау камералары орнатылған. Әр үйдің қырағы тұрғындары бар. Көрген-білген жағдайларды бірлесіп реттейміз. Подъездерді таза ұстау үшін біздің мамандарымыз уақытылы тазалық жүргізеді. Тұрғындардың өздері кезекпен сыпырып, сүртіп алады. Подъездерде барынша шаң, кір тұрғызбауға тырысамыз. Үлкендеріміз ауладағы тәртіпті де қадағалап отырады. «Сындырмаңдар, сызбаңдар» деп айтудан жалықпайды. Өзім де аралап, байқап қалсам, балаға да, үлкенге де ортақ мүлікті бүлдірмеуді ескертіп кетемін. Балаларымызды да еңбекке, еңбекті, тазалықты бағалауға үйрете беруіміз керек.

— Үйіңізде де осындай тәртіп, тазалықты талап ететін шығарсыз…

— Биыл Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғанда, өз басым оның мағынасы тереңде деп қабылдадым. Бұл тазалық айналаның тазалығы ғана емес, рухани, ішкі тазалық та деп түсіндім. Бар жағынан тазаруымыз керек деп білемін. «Отан – отбасынан басталады» демекші, тазалық та әркімнің ошағында бастау алуы тиіс. Екі ұл, бір қызым бар. Алты немерем бар. Үйде де талапшыл, қаталмын. Айтуы айтамыз, оны олар қалай қабылдап, өмірде қалай азық қылатынын білмейміз ғой. Үш балам да менің жолымды қуып, қаржыгер мамандығын меңгерген. Ұрпағымызды еңбекқор, адал қызметке тәрбиелеуіміз керек. Жан дүниесі таза адам айналасының да тазалығына алаңдап, атсалысады. Маған да бұл тәрбиені әке-шешем бойыма сіңірді. Әкем совхоз басқарған. Шешем өмір бойы мұғалім болды. Атам Ресей Федерациясының еңбек сіңірген агрономы еді. Кішкентайымыздан тәртіпке, тазалыққа тәрбиеледі.

— Тазалық демекші, ұлтыңыз өзге болғанымен, сіздегі қазақ тілінің тазалығын көріп отырмын. Қайдан үйрендіңіз?

— Бурятияда туып-өстім. Ұлтым – бурят. Улан-Удэде ауыл шаруашылығы институтында студенттік шағымда қазақтың Қайырбек есімді жігітімен танысып, табыстық. Кейін екеуіміз арнайы жолдамамен Өзбекстанның Бұхар облысына бағыт алдық. Онда 27 жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттік. Қазақстанға этникалық ұлттарды көшіру бағдарламасы басталғанда күйеуім атамекеніне қоныс аударуды ұйғарды. Азаматтығын алды. Сөйтіп, еліміздің оңтүстігінде тұрып, жарты жылда қазақша судай сөйлеп кеттім. Көп тіл білген ешқашан артықтық етпейді.

— Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.