Young woman holding black bin bag while her friend putting plastic household waste into it, close-up shot

Успен ауданында «Туған өлке тазалығы» ұранымен ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, еріктілер, ауыл тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, экологиялық акция аудан орталығындағы Гоголь көшесінің бойында орналасқан балалар алаңында өтті. Аталмыш шараның мақсаты – жастарды табиғатқа ұқыпты қарауға және экологиялық тәрбиеге баулу.

– Осыған дейін ауылда тек екі балалар алаңы ғана болған. Бұл алаң осы жылы аудан орталығы тұрғындарының өтінішімен құрылды. Балалар осы ойын алаңын ерекше ұнатады. Жазғы уақыттарын кешке дейін осында ойнаумен өткізуде. Ауыл тұрғындары өз күштерімен алаңның шөбін жұлып, қоқыстан тазартып отырады. Себебі бұл алаңда өздерінің ұл-қыздары ойнайды ғой. Сол себепті ол балалары және ауыл халқы үшін өз пайдасын тигізгісі келеді, – дейді ұйымдастырушылар.

«Жасыл ел» жастар жасағының кураторы Артур Гичиктің айтуынша, екі маусым бойы оның қоластындағы 15 жасөспірім жаз бойы туған өлке тазалығы үшін аянбай тер төкті. Алдыңғы маусымның басында жастар Милевский көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын тазалаған болатын.

– Ауданның өркендеуі мен абаттандырылуы біздің қолымызда. Біз осы іс-шараға қатысып, ауданымызға көмектескіміз келеді. Еліміздің дамуы мен ілгерілеуі — әрбір азаматтың борышы. Ауылда жалғыз тұратын 6-7 әжелер мен тыл еңбеккерлері бар. Біз олардың үйлерінің ауласын тазалап, шөптерін жұлып, кішігірім жөндеу жұмыстарын жасап бердік. Екі балалар алаңын бояп, қалпына келтірдік. Акция аясында ауыл белсенділері және «жасылелдіктер» Успен саябағын толықтай жинас-тырып, 20 қап қоқыс шығардық. Бүгінгі таңда осы алаңды да «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде тазартып жатырмыз. Жастарға қажетті жабдықтар мен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар берілді, – деп атап өтті ол.

Ауыл тұрғындары мемлекет басшысының бастамасымен жаз бойы өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына дән риза. Сондай-ақ, экологиялық іс-шараға өздері де белсене қатысуда.

— Тазалық табалдырықтан, үйдің айналасынан басталады. Біз бұл әрекетті қолдаймыз және барлығын тазалыққа шақырамыз. Біздің ойымызша, бұл жұмыс жыл бойы жалғасатын болады. Тазалық біз үшін және ұрпақтарымыз үшін өте маңызды. Біздің міндетіміз — туған өлкемізді болашақ ұрпаққа жақсы жағдайда қалдыру, — дейді ауыл тұрғындары.

 

А.МҰҚЫШЕВ.