Тазалық – тұтас елдің келбеті

Нау 20, 2025

«Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзінен.

Былтыр елімізде «Таза Қазақстан» акциясы бастау алды. Осыдан тура бір жыл бұрын экологиялық науқан ретінде қолға алынған шара кейін жалпыреспубли-калық акцияға ұласып, оның аясында табиғатты қорғау, аумақтарды абаттандыру мен тазалау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Биыл да бұл бағыттағы ауқымды істер жалғасын таппақ.

Өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» респуб-ликалық экологиялық акциясы басталды. Аталмыш шара елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға және азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған.

Таяуда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдіріп, акция жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті.

— Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, кең ауқымды акцияға облыс жұртшылығы да белсене қатысып, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазартуға бағытталған шаралардың басы-қасында жүр. Бұған сандық деректер де айғақ бола алады. Айталық, осы уақытқа дейін акцияға 310 мыңнан астам тұрғын қатысып, 172 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 860-қа жуық техника, 8 мыңнан астам кәсіпорын, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар жұмылдырылды. Жалпы, барлығы 60-тан астам түрлі экологиялық акция ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» тек жаз, күз мезгілдерімен шектеліп қалған жоқ. Жалпыұлттық жоба қысқы уақытта да жалғасты. Бұл кезде аулаларды, көпшілік жиналатын орындарды қардан тазалап, ретке келтіруге баса мән берілді. Сөйтіп, акция аясында қыста барлығы 700 мың тоннадан астам қар полигонға шығарылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы басқармасы енді акцияның келесі кезеңі басталатынын хабарлады. Соған сәйкес, биыл әр облыста «TazaLike» FEST фестивалі аясында республикалық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Оның барысында аумақты жинау және тазалау бойынша тақырыптық экологиялық акциялар өткізілмек. Бүгінде негізгі бағыттар да белгіленді. Айталық, «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ», «Киелі мекен» акциялары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жағалау аймақтарын жинап, қалыпқа келті-руді көздейді. Бұл жұмыстарға елді мекен тұрғындары мен бизнес құрылым өкілдері қатысады. Ал «Болашақты бірге отырғызамыз!» шарасында мектеп оқушыларымен бірге тал егу жоспарланған. Бұл ретте 26 сәуір – республикалық ағаш отырғызу күні деп белгіленді.

Бұл ретте басқарма басшысы Ержан Иманзайыпов көпшілік арасында «Таза Қазақстан» telegram-боты жоғары сұранысқа ие екенін айтты. Бұл сервис тұрғындардан елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша өтініштерді қабылдауға бағытталған. Сол арқылы кез келген тұрғын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар, қыс мезгілінде көшелердегі тау-төбе боп үйілген қар, тазаланбаған жолдар, кездескен шұңқырлар, саябақтар мен подъездердің жағдайы, жарықтандыру жайында хабар жібере алады. Ол үшін тұрғын телефон нөмірі мен ЖСН енгізіп, өтінішпен бірге фото, мекенжайды көрсетсе жеткілікті. Өз кезегінде чат-бот өтінімдердің өңдеу жолдары айқындап, орындалу мерзімін белгілеп, аяқталғаны туралы хабарлама жолдайды. Орындаушы өтінім бойынша жұмыстарды атқарғаннан кейін фото, пікірмен есеп жібереді.

Біздің облыс бойынша аталмыш сервиске барлығы 161 өтініш түсіп, бүгінде барлығы орындалды. Өтініштердің көпшілігі жер жұмыстарынан кейін абаттандыруды қалпына келтіру және қоқыстарды шығаруға қатысты түседі. Өңір жұртшылығы экологиялық акция аясында бұл сервисті толығымен пайдалана алады.

Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» — бірреттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Сондықтан тазалық шараларына барлық адам бір кісідей атсалысқаны абзал.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.