Биыл Баянауыл ауданының ішкі бюджеті ұлғайып, инвестиция көлемі артқан. Атап айтқанда, аудан экономикасына 17 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде бюджеттен тыс инвестиция салмағы 64 пайызды құрайды. Бұл туралы кеше облыс әкімі Асайын Байханов аудан тұрғындарымен болған тұрақты кездесу барысында айтты.
Аймақ басшысының баяндамасындағы мәліметке сүйенсек, биыл өңірде 30 млрд теңгеге 150 жоба іске асырылған.
— Биыл ауданға 17 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, 1514 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл — аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, ауылдарды көркейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Соңғы жылдары 280 шақырымнан астам республикалық және аудандық маңызы бар жолдар, ауылішілік жолдар асфальтталды. Маңыздысы, Майқайың кентіндегі барлық көшеге тас жол төселіп, аулалар толығымен абаттандырылды, — деді аймақ басшысы.
Биыл ауданның туристік өмірінде айтарлықтай өзгеріс орын алды. Яғни, демалушыларға жайлы жағдай жасау үшін бірқатар маңызды жоба іске асырылды. Сол жобалардың бірегейін Сабындыкөл жағасынан байқауға болады. Көл жағасында туристерге арналған қызмет көрсету орындары құрылып, 100-ден астам сәулет құрылысы бой көтерген.
— Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Соңғы жылдары 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бес білім ордасына жаңа автобус сатып алынды. Денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында 8 нысан күрделі жөндеуден өтіп, 10 жаңа санитарлық автокөлік пайдалануға берілді. Өңірдің мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша жеті ауылдың мәдениет нысаны жөнделді. Ақши ауылында жаңа мәдениет үйі есігін ашты. Ал бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Баянауыл арена» спорт кешені ел игілігіне берілді, — деді Асайын Қуандықұлы.
Биыл аудан тұрғындарының қуанышын еселеген тағы бір жағымды жаңалық болды. Атап айтқанда, халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі толығымен шешімін тапты. Яғни, аудан ауылдарының тұрғындары таза суға 100 пайыз қол жеткізді. Аудандағы 38 елді мекеннің 34-і интернет желісіне қосылған. Қалған төрт ауыл 2027 жылға дейін ғаламтор байланысымен қамтылады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Екібастұз-Майқайың бағытындағы автожолды жөндеу жалғасуда. Жол құрылысы келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде. Жақында елді мекенде жаңа спорт кешенінің және Баянауыл ауылында әскери бөлімшенің құрылысы аяқталатын болады.
Аймақ басшысы ауданды дамыту жұмыстары одан ары қарқынды жүргізіле беретінін және бұл бағытқа келесі жылы облыстық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.
Облыс әкімінің баяндамасы аяқ-талған соң тұрғындардың сұрағына кезек берілді. Алғашқы сұрақты аудан орталығындағы Бекхожин көшесінің тұрғындары жолдап, қыста қар уақытылы тазаланбайды деген шағымын жеткізді. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі осы салаға жауапты бөлімге тапсырма беріп, мердігерлермен жүйелі жұмыс жүргізуді, ескертпелерге құлақ аспаған компанияларға қатаң шара қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, қаңғыбас иттерді аулау мәселесі де сөз болды.
— Иесіз иттердің көбеюі шын мәнінде үлкен мәселеге айналды. Дегенмен, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс орталығына 300 млн теңгеге иттерді ұстайтын орындар салынды. Қазір заң бойынша ит, мысықтарды атуға, өлтіруге қатаң тыйым салынған. Сол себепті иттерді ұстап, сол арнайы орындарға жеткі-зеді және стерилизация жасап, чиптер салынады. Жалпы, бұл мәселенің ушығуы — билік орындарының ғана кінәсі емес. Бұл жерде тұрғындар да жауапкершілік танытпай отыр. Бізге иттерді ешкім басқа қалалардан әкеп жатқан жоқ. Олар — сол жергілікті халықтың асырап өсірген үй жануарлары. Бірақ өскеннен кейін өз иелері оларды қараусыз қалдырып, көшеге қаңғытып жіберді. Егер әркім өз үйіндегі иті мен күшігіне ие болса, қоғамда мұндай мәселе туындамас еді, — деп кесіп айтты облыс әкімі.
Баянауыл ауылының тұрғыны Елжас Әмірханов есімді азамат аудан орталығындағы жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 2021 жылы су құбырын тарту үшін қопарылған асфальт жолдары әлі қалпына келтірілмепті. Тұрғындар бұған дейін талай жиында айтып, тіпті аудан әкімінің есептік кездесуінде де мәселе көтеріп, сұрақ қойған. Жауапты тұлғалар күнде ертеңмен созбақтап келе жатқанын жеткізіп, аймақ басшысынан көмек сұрады. Сонымен қатар, жаңа ашылған спорт кешені ауылдың шеткі жағында бол-ғандықтан, ауылдың өзге шетінде тұратын балалар үшін алыс екенін айтып, оларды тасымалдайтын автобус шығару мәселесін тілге тиек етті. Облыс әкімі балалар үшін қоғамдық тасымалдау жүйесін іске қосу мүмкіндігі болатынын атап өтті. Ал қайта қалпына келмей жатқан көшелер бойынша жергілікті әкім-шілік 2026 жылы жобалық-сметалық құжаттарды дайындап беретін болса, келесі жылдың жоспарына енгізуге болады.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан аудан орталығына ерекше балаларды оңалту орталығын құру, балаларға арналған стоматология ашу және балабақша салу мәселелері де көтерілді. Әр сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы салаға жауапты мамандарға тапсырма беріп, егжей-тегжейлі тексеру жүргізе отырып шешім қабылдау қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары, ел ағалары да сөз алып, аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың тиянақты жұмысы, аймақ басшысы Асайын Байхановтың ауылдықтарға деген жанашырлығы үшін алғысын білдіріп, алдағы қолға алатын жобаларына сәттілік тіледі.
Тілеуберді САХАБА, Баянауыл ауданы.
