Тазы ұстау да — тектілік

Мам 29, 2025

Елімізде жыл сайын ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, ұмыт болған дәстүрлеріміз қайта жанданып, халықтың байлығын бағалауға ықпал етуде. Солардың бірі — қазақтың өзіндік ерекшелігі бар тазы иті.

Қазіргі буын өкілдері аталмыш текті тұқымды өсіруде атсалысуда. Өңіріміздің тазы ит өсірушілері қауымдастығы өзара достасып, үй хайуандары арасында байқау өткізеді екен. Қазақ көркем әдебиеті шығармаларының көбінде ата-бабамыз тазыны өзге жандардан бөлек құрметтеген. Тазы – өте жүйрік, жылдам ит. Оның жылдамдығы  сағатына 90 шақырымға дейін жетеді. Кейбір ғалымдар асыл тұқымның араб елін мекен еткен сонау VІІ ғасырларда қалып-тасқанын айтады. Сондай-ақ, қазақ тазысы суық пен ыстыққа төзім-ділігімен ерекшеленеді.

Бүгінде қазақы иттер санатындағы тазы тұқымдарын сақтап, санын көбейту – еліміздегі өзекті мәселелердің қатарында. Бұл бағытта сан алуан жұмыстар атқарылып отыр. Ит саны азайғанымен, ит өсіруге ниет білдірушілер қатарын жылдан-жылға артып келеді. Бұны жүйрік те сұлу тазы иттер арасында республикалық деңгейде өткізілетін жарыстардан байқауға болады.

Павлодар қаласының тұрғыны, тазы ит өсіруші Қуаныш Күлжекенов қырық жасына қараған шағында ит асырауға қызығушылығы пайда болған. Қалада және үйде тұрып, қазіргі таңда төрт итті күтіп, өсіруде. Жұмыс уақыты тәмамдалған соң, кешкі уақытта үй хайуандарын үйден алыс жазық далаға шығарып, емін-еркін ойнатып, жүгіртеді.

– 2021 жылы араласып жүрген досым итінің күшіктегенін хабарлап, екеуін алып кетуді ұсынды, бірден келістім.  Екі күшігімді асырап жүріп, Алматыдан үшіншісін алдым. Жақында ақ итім тағы күшіктеп, иттерімнің саны толықты. Сары итімнің аты – Нейла, ағы – Аққу, ақ күшігім – Айна, Алматыдан келген қара күшігімнің аты – Қыран. Төртеуіне бірдей көңіл бөлуге тырысамын. Әсіресе үлкендерін аулаға жиі шығарып, табиғатына сай, денсаулығына пайда келтіріп, көп жүгіртемін. Араларында ақ итім – көшбасшы. Үнемі алда жүргенді ұнатады. Нейлам жылда республикалық жарыстардан жүлделі орындармен оралады. Астана, Көкшетау қалаларында І орынды иеленген. Жақында қалалық көрмеде тағы бір бақ сынамақ ойымыз бар. Жеңімпаз Нейланың марапаттардан бөлек, тіпті ұлттық үлгідегі иткөйлегі де бар, – дейді ол. – Алдағы уақытта ауылды жерге көшпекпіз. Үй хайуанаттарым одан әрі дамып, тұқымын сақтауына септігін тигізеді деп үміттенемін.

Тазы «тез», «таза» деген мағы-наны білдіреді. Тазы итіне өзге тұқымдағыдай әр нәрсеге үру, үстел басына сұқтану, тамақсау әдеттері жат. Ол барына қанағат етіп, тамақтанып, адамға себепсіз бас салмайды. Ит күтімімен айналысу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, жанға жақын ісіңе бар ынтаңды салып, қазақы иттер санының көбеюіне үлес қосу – ұлттық құндылықтың дамуына қол ұшын тигізудің бір амалы.

Салтанат ҒАББАС.