Күні кеше Петропавлда ішімдік ішіп, таксиге отырған клиенттер жүргізушімен сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан оқиға туралы естідік. Өкінішке қарай, қатты соққы алған такси қызметкері қайтыс болды. Бұл жүргізушіге де кез келген уақытта қауіп төнетінін көрсеткендей. Жалпы, соңғы уақытта такси қызметкерлеріне қол көтеру, балағаттау сынды жайт жиі орын ала бастағанын байқаймыз. Сондықтан сала өкілдері арнайы қосымшаларға «дабыл» түймесін енгізуді талап етуде. Жалпы, такси жүргізушілері қауіпсіздігін қалай қорғай алады? Тасымалдау қызметімен айналысатын компаниялар өз жүргізушілерінің амандығы үшін қандай шараларды қолға алуы керек? Сұрақты «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Мәдина ЖҰМАДИЕВА, Павлодар аудандық мәслихатының депутаты:
— Қандай бағыт, қандай қызмет көрсету саласы үшін де адамның өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Қазір ақпараттық технологияның дамыған, мобильді қосымшалардың жетілген заманы. Меніңше, такси жүргізушісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін түрлі жол бар. Біріншіден, тасымалдау жүйесімен айналысатын компаниялар әрбір көлігінің ішіне онлайн бейнебақылауы керек. Оған қоса, адам отырғанда көлікте бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұрғанын білдіретін бір дыбыстық сигнал қойылса, артық болмас. Мұндай белгі кез келген адамның агрессиясын төмендетіп, басқа да жымысқы ойын жүзеге асыруға тосқауыл болады деп санаймын. Екінші мәселе, таксопарктер кешенді сақтандыру жүйесін іске қосуы керек. Себебі, жүргізуші жол үстінде түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Ондай жағдайда материалдық шығынның белгілі бір көлемін компания көтергені дұрыс. Сонымен қатар, денсаулық жағдайына жауапты болуы керек. Сонда таксопарктерге деген сенім күшейе түспек. Үшіншіден, таксопарк қосымшалары мен құқық қорғау органдары арасында интеграцияланған бір жүйе болса деп ойлаймын. Бұл такси жүргізушілерінің не болмаса сол компания өкілдерінің полиция қызметімен тез байланысқа шығуына мүмкіндік берер еді.
Сәбина РАХЫМБЕРДИЕВА, «Platinum» таксопаркінің ресми өкілі:
— Иә, такси жүргізушілеріне қатысты осындай оқиғаның тіркелгені өкінішті. Біз өз тарапымыздан жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны күшейтіп жатырмыз. Айталық, «Яндекс Такси» жүйесінде қауіп төнген кезде бірден басатын қауіпсіздік батырмасы бар. Сол арқылы диспетчерлік орталық пен полицияға бірден хабарлама жіберіледі. Тағы бір шара — көптеген көлікке бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Ол қажет болған жағдайда дәлел ретінде қолданылуы мүмкін. Сол сияқты, клиенттерді тексеруге мән беріледі. Қазір көптеген жолаушы өз аккаунттарымен тіркеледі, ондай жағдайда телефон нөмірлері мен төлем карталары арқылы оларды табу оңай. Бастысы, кез келген уақытта «Platinum» таксопаркінің қолдау орталығына хабарласуға болады. Қауіпті жағдайда жедел түрде әрекет етеді. Осы тұста жүргізушілер де өз қауіпсіздіктерін әрдайым естен шығармауы керек. Мысалы, жолаушыны отырғызу кезінде оның әрекетіне назар аудару қажет. Егер күмәнді адам болса, жеткізуден бас тартуға құқылы. Себебі, адам өмірі бірінші орында. Одан кейін маршруттан ауытқымау. Яғни, жол картасы көрсеткен жолмен ғана жүрген дұрыс. Жолаушының жеке өтінішімен бағытты өзгертуге болмайды. Міне, осы секілді ережелерді таксистер де ұстауы қажет.
Тілеухен ТОҚТАУҰЛЫ, такси жүргізушісі:
— Өз еңбектерімен күн көріп жүрген қарапайым такси жүргізушілерінің осындай қайғылы жағдайға ұшырап жатқаны өкінішті. Өз басым он жылға жуық уақыт аралығында жеке көлігіммен адам тасымалдап, отбасымды асырап келемін. Мен көбінде «InDrive» қосымшасын пайдаланамын. Бірақ аталған компанияның мобильді қосымшасында жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін қолданылатын қосымша батырмалар қарастырылмаған. Сол секілді жергілікті таксо парктерде де ондай мүмкіндік жоқ. Біз жолаушы алғаннан кейін оны діттеген жеріне аман жеткізуге барынша жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Ал біздің қауіпсіздігімізге ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан арнайы қосымшаларға «дабыл» түймесін енгізуді талап етіп отырмыз. Бұл — елдегі барша таксистердің талабы және ол орынды деп санаймын. Себебі, қазақстандық жүргізушілер бір «InDrive» компаниясының өзіне миллиондап ақша аударып жатыр. Басқа да көптеген шетелдік қомпаниялар халықтың қаражатымен қыруар табыс тауып отыр. Алайда олар біздің қауіпсіздігіміз үшін бас қатырмайтын сыңайлы. Сондықтан бұл мәселеге билік орындары араласып, такси жүргізушілерінің құқығы мен қауіпсіздігін қорғауды талап етуі керек.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.