Өкінішке қарай, аймағымызда соңғы уақытта қалааралық, ауданаралық жолдарда жол-көлік оқиғаларының саны артты. Мұндай оқиғалар, әсіресе, интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін көлік жүргізушілерінің қауіпсіздік талаптарын жиі сақтамауы салдарынан орын алатыны байқалады. Сондықтан алдағы уақытта «InDriver» және «Яндекс. Такси» жүргізушілеріне 50 шақырымнан астам қашықтықта жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін. Мұндай ұсыныс қоғамда түрлі пікір тудырып жатыр. Бірі аталмыш платформалар арқылы діттеген жерге жету әлдеқайда ыңғайлы екенін алға тартса, енді бірі мұндай шектеу табыс табу үшін ережелерді елемейтін кей жүргізушілерге тосқауыл болатынын алға тартады. Сонымен, мұндай өзгеріс керек пе? Мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Марат ҚАРАБАЕВ, Көлік министрі (пікір интернеттен алынды):

— Екі қаланың арасына қатынайтын автобустар 2020 жылдан кейін жоғалып кетті. Өйткені пандемия келіп, көп жолаушы цифрлық технологияға өтті. Соның нәтижесінде «InDriver» қосымшасына сұраныс артып, қазір халық екі қаланың арасында қатынайтын тұрақты автобустарға бармай жатыр. Әрине, мұндай сервис өте ыңғайлы. Өйткені үйінен алып кетеді және тезірек жүреді. Бірақ сондай қызмет көрсетушілердің қатысуымен жол-көлік апаты жиі орын алатынын көріп жүрміз. Яғни, оқыс оқиғаның көбі такси жүргізушілерінің жылдамдықты асыруынан немесе бір қаладан екінші қалаға жеткен соң ұйықтамай, тағы да жолға шығып кетуінен болады. Бұл ретте әлемдік тәжірибені назарға алуға болады. Мысалы, шетелдерде мұндай агрегаттар 50 шақырымға дейін ғана тасымал-дай алады. Ал одан алыс қашықтыққа баратындар тұрақты рейстік автобустарға отыруы керек. Біз қазір осы мәсе-лені талқылап жатырмыз. Яғни «InDriver» арқылы қашықтығы 50 шақырымнан асатын елді мекендерге жолаушы тасымалдау мүмкіндігі болмайды. Кейбірі 50, енді бірі 150 шақырым болсын деген ұсыныстарын айтуда. Бұл қызмет арқылы табыс тауып отырған жігіттердің «Қаржыдан қағылып қаламыз» деген уайымы барын да білеміз. Бірақ бізге адамдардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан бұл мәселені алдағы уақытта әлі де талқылайтын боламыз.

Медет ҚҰРМАНОВ, «Қазақстан такси қызметі» республикалық қауымдастығының төрағасы:

— Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалы нарығын реттеудің механизмі мүлде жоқ. Мемлекет оған әсер ете де алмайды. Бұл нарық жүргізушіге немесе жолаушыларға қызмет көрсететін кәсіпорындарға қалай ыңғайлы болса, солай «тыныстап» келеді. Оған сырттан қандай да бір күш ықпал ете алмайды. Нарық талабы сондай. Соңғы алты жылда бұл кәсіп осындай форматта дөңгеленіп отыр.

50 шақырымдық шектеуге келер болсақ, бұл саладағы агрегаттардың барлығын шетелдік компаниялар иеленіп алған. Олар олигополия орнатып алды. Нәтижесінде нарықтағы ойын ережелерін өздері бекітіп отыр. Комиссия көлемін бекіту, жүргізушілерді алу сынды мәселелердің барлығы – өз еркінде.

Енді келіп қандай да шектеу енгізу керек деп жария салу – құр сөз. Себебі нарыққа әсер ететін ешқандай тетік жоқ. Қашық-тыққа қатысты шектеуді қалай енгізбек? Оны кім бақылайды?
50 шақырымнан аса қашықтыққа тапсырыс алып қойған жүргізушінің әрекеті қалай қадағаланады және оған қандай шара қолданылуы мүмкін? Яғни, шектеуден әрі қарай жұмыс істейтін ешқандай механизм жоқ. Мәселе – осында.

Мақсат СЕРІКБАЙҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Әлбетте, бүгінгі таңда сапаржайларға арнайы барып, автобусқа билет алып, оны күтетін жолаушылар некен-саяқ. Барлығымыз қалаған уақытыңда қалаған ауыл, қалаңа апаратын такси қызметін көбірек пайдаланамыз. Жолақысы билет бағасынан қымбат болғанымен, әлдеқайда ыңғайлы. Мысалы, мен Ақсу қаласындағы жұмыс орныма көп жағдайда осы «InDriver», «Яндекс. Такси» қосымшаларын пайдаланып барамын. Ертеңгі күні аталмыш сервиске қосылған көлік жүргізушілеріне 50 шақырымнан астам қашықтыққа қатынауға тыйым салынатын болса, сол жүргізушілерге ғана емес, біз сияқты жолаушыларға да қолайсыздық туатыны рас. Себебі бүгінгі таңда автобус қызметі тиімсіз болып қалды. Ол жолаушыларға емес, тұрғындар оның уақытына, қозғалысына бейімделуі керек.

Бұл ретте жоғарыда аталған қосымшалар арқылы тапсырыс беретін жүргізушілердің тарапынан жол ережелері жиі бұзылатынымен келісемін. Оған өзім де куәмін. Павлодар мен Ақсу арасында жылдамдықты асырып, келесі тапсырысты қабылдауға асығатын жүргізушілер бар. Меніңше, мұндай адамдарды тезге салу үшін қашықтықты шектеудің емес, жауапкершілікті арттырудың жолын қарастыру керек. Сервиске қосылған әр жүргізушінің көлік жылдамдығы қатаң бақыланып, жол ережелерін қаншалықты жақсы білетіні тексерілуі тиіс. Одан сүрінсе, тапсырыс алу мүмкіндігінен айыру керек. Сол сияқты талаптар күшейген кезде ғана жүргізушілер ережелерді елеп, жолаушысының қауіпсіздігін ойлап, оқыс оқиғалардың алдын алуға мән береді. Ал қашықтықты шектеу бұл мәселені түбегейлі шешпейді.

«Алаңды» үйлестірген –  Айдана БОРАНБАЕВА.