Талаптың мініп тұлпарын…

Қаз 24, 2025

«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандану заманындағы жас өрендердің терең білім алып, түрлі бағытта өзін-өзі дамытуына мүмкіндік мол. Әсіресе, соңғы уақытта жаңа технологияларды меңгеруге, түрлі зерттеу мен сынақ жұмыстарын жүргізуге ден қойылып келеді. Сондай қызықты әрі пайдалы тәжірибелерді жүргізетін жобалардың бірі – «STEAM Tulpar» жылжымалы зертханасы. Таяуда бұл көлік Алматы қаласынан біздің облысқа арнайы келіп, биология, физика, химия салаларына қызыққан озат оқушылардың басын қосты.

Ғылымға жол ашады

Жалпы, бүгінде жылжымалы зертханалар жобасы дамыған елдерде кеңінен таралып, жоғары сұранысқа ие болып келеді. Айталық, АҚШ-тағы «MONROE COUNTRY COMMUNITY SCHOOL CORPORATION» инновациялық мобильді STEAM-зертханасы мектеп жасына дейінгі балалардан бастап 12-сынып оқушыларына дейін ғылым, техника, инженерия, өнер жəне математика саласында білім алуға тең мүмкіндік береді. Зертхана MCCSC бастауыш мектептеріне жылына екі рет барып, робототехника жəне инженерия бойынша сабақтарын өткізеді. Ал «STEM IN GEAR» Таддеус Стивенс атындағы технологиялық колледждің бағдарламасы 1–12 сынып оқушыларын өз мектептерінде STEM-іс-шараларға тартады. Сонымен қатар, мұғалімдерге оқу жоспарларын әзірлеуге көмектесіп, біліктілігін арттырады.

Сол сияқты «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры озық тәжірибені біздің елде енгізіп, тың жобаны қолға алды. Зертханалық құралдармен жабдықталған арнайы көлік ауыл-аймақтарды аралап, балалар үшін ғылымның жаңа «әлемін» ашып, оны өзге қырынан танытуда. Сол арқылы шағын және шалғай ауылдардағы шәкірттерді білімге баулып, ғылымға деген қызығушылығын оятуға сүбелі үлес қосып келеді.

— «STEAM Tulpar» — бұл Қазақстанның кез келген жерінде ғылым, технология, инженерия, өнер жəне математика бойынша зертханалық тəжірибелер мен тəжірибелік сабақтар өткізу үшін  арнайы жабдықталған көлік. Алдағы уақытта оның ішін толығымен зертханалық құралдармен жабдықтау ойда бар. Ал әзірше қолжетімді заттардан ыңғайлап алдық. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, жеке көлік сатып алу мәселесіне қатысты біржақты шешім қабылданған жоқ. Себебі автобус, шағын автобус, ірі жүк көлігі немесе жол талғамайтын көлік – қайсысы қажет екені нақты белгіленбеді. Оны сатып алған күннің өзінде  ішін өзгертіп, орындықтарды алып тастап, құралдар қойып, сыртына логотиптер орналастырған соң техникалық төлқұжатқа өзгерістер енгізіп, құжаттарды қайта ресімдеу қажет. Сол себепті әзірше көлікті жалға алып, облыстарға сол көлікпен барып жүрміз. Екіншіден, бүгінгі таңда арнайы көлігімізде қымбат зертханалық қондырғыларды емес, қолдан жасалатын қарапайым жабдықтарды пайдаланып жүрміз. Бір жағынан, бұл – бюджетке келіп тіреледі, екіші жағынан психологиялық астары да бар. Қымбат зертханалық құралдармен шалғайдағы шағын ауылға барған тұста балаларға көрсеткен тәжірибелер әсерлі болғанымен, кейін теріс ықпал ете ме деп те ойладық. «Кейін бұл тәжірибелерді қайталайтын мүмкіндігіміз жоқ» деп кейіп, тек теориялық біліммен шектеліп қала ма деген санада күдік болды. Мұндай ой туындамас үшін оқушыларға қолда бар заттардан-ақ түрлі қызықты эксперимент жасауға болатынын көрсеткіміз келді. Сөйтіп, физика, химия, биология пәндерінен қызық тәжірибелерді фокус, шоу ретінде көрсетіп жүрміз, — дейді қордың басқарушы директоры Дарын Сайынов.

Аталмыш игі іс «Шеврон» компаниясының тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Компанияның қаржылай қолдауы нәтижесінде осы жылдың наурыз айында алғашқы сапар ұйымдастырылып, Алматы облысы Қосөзен ауылындағы №14 мектеп оқушыларына тың жоба таныстырылды. Кейін Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарына да барды. Бұл ғылыми станцияны PhD докторы, биолог, биоалуантүрлілік пен биоресурстар саласындағы ғалым, «Zertte Studio» STEAM-зертханасының жетекшісі Марғұлан Ықыласов басқарады.

— Бүгінгі таңда STEM-кабинет, STEM-мектеп дегенді жиі естіп жүрміз. Ал 2021 жылы бұл ұғым біздің ел үшін таңсық еді. Соған қарамастан, «Шеврон» компаниясының басшылығы болашақты бағамдап, біздің осы бағыттағы жобаларымызды қолдады. Биыл «STEAM Tulpar» жылжымалы зертханасының жолға шығуына да көп көмек көрсетті. Негізгі әріптесімізбен бір мүдде, бір мақсат аясында жұмыс істейміз. Ол — Қазақстанның барлық балалары үшін сапалы білімді қолжетімді ету.

Жалпы, аталмыш компания осыдан 3-4 жыл бұрын Алматыдағы алғашқы зертханамыз ашылған уақыттан бастап қолдау көрсетіп, бұл бағыттағы істерімізді ілгерілетіп келеді. Оқушылар мен мұғалімдер үшін басқа да көптеген бағыттағы жұмысты сәтті жүзеге асыруға демеушілік етіп, жанашырлық танытады. Айталық, ұстаздарға арналған курстар, оқушылардың жобаларын іске асыруға арналған гранттар, тұтас мектепке берілетін грант бар. Осы және өзге де істердің басы-қасында бізбен бірге «Шеврон» компаниясы да жүреді, — деп атап өтті Дарын Серікұлы.

Одан бөлек, Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебі инфрақұрылыммен қамтиды. Қордың штаттағы білікті тренерлері де осы мектепте еңбек етеді. Ал германиялық компания зертханалық құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Осылайша, қолдаушылар көмегімен, заманауи құралдармен, білікті мамандармен қамтылған арнайы көлік ел-жерді аралап, оқушылардың білімін толықтыруда.

Теңдессіз тәжірибелермен танысты

Таяуда «STEAM Tulpar» жылжымалы зертханасы біздің аймағымызға да арнайы ат басын бұрды. Торайғыров университетінде өткен шараға облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия, саралап оқытатын №17 бейіндік мектебі, Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп пен №25 мектептен 100-ге жуық оқушы жиналды.

«Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры басқарушы директоры Дарын Сайынов пен «Zertte Studio» STEAM-зертханасының жетекшісі Марғұлан Ықыласов шәкірттерге зертхана жұмысын түсіндіріп, STEAM және жалпы ғылым туралы айтты. Кейін балалар мен мұғалімдер үшін де бірқатар эксперимент өткізді. Мұндай тәжірибелердің басым тұсы – түрлі ақпаратты, бұрын-соңды білмеген мәліметті қызықты етіп жеткізе білу. Одан оқушылар да ерекше әсер алды.

— Бүгінде біз мектеп қабырғасында ұстаздар қауымымен бірге теория мен тәжірибені қатар ұштап келеміз. Бұл бізге нақты ғылымдарды тереңінен зерделеуге көмектеседі. Десе де, Алматыдан келген Дарын және Марғұлан ағайлардың жетекшілігімен жасаған эксперименттер өзгеше болды. Барлық оқушы белсене қатысып, жаңа білім мен тәжірибе жинадық. Жоба барысында ғылыми ойлау мен зерттеу қабілетіміз дамыды. Сондай-ақ, түрлі тапсырманы орындау арқылы шығармашылық пен табандылықтың бағасын түсіндік. Бастысы, болашақта зор жетістіктерге жетуімізге жігерлендірді, — дейді дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Кәусар Қайрат.

Сыныптасы Аяжан Біржанқызы да зертхана жұмысы ойға көп дүниені түюге көмектескенін атап өтті. Жаратылыстану бағытындағы білімін толықтырып, жаңа ғылыми жобалардың негізін қалауға боларлық мол мағлұмат алғанын айтты. Әсіресе, зымыран құрастырған сәт есінде қалатынын жеткізді.

Осы мектептің 10-сынып оқушысы Аян Әбдірахманов та ерекше әсерімен бөлісті. Айтуынша, бұған дейін қандай да бір тәжірибені жасау үшін арнайы құрал-жабдықтар керек деп ойласа, бұл жолы қолда бар заттардың көмегімен-ақ түрлі реакцияны жасауға  болатынын білген.

— Мәселен, суды сабынмен араластырған кезде көбік пайда болды. Сол көбіктің ішіне аэрозоль сепкеннен кейін көпіршіктер шықты. Оны қолға жаққан кезде ешқандай зиянын тигізген де жоқ. Осы қарапайым тәжірибенің өзінен көп нәрсені ұғындық. Мұндай қызықты экспериментті іс жүзінде көргенім үшін жылжымалы зертхана ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін, — деді ол.

Ал түстен кейін «STEAM Tulpar» Ақсу қаласына бағыт алды. Шағын шаһардағы №7 мектепте аялдап, ұстаздар, шәкірттермен жүздесті. Бұл күні оқу орны ғылым мен технологияның нағыз ордасына айналды. Балалар сырттан тамашалап қана қоймай, өздері де ғалым әрі инженер болды. Түрлі тәжірибеге 6-7 сынып оқушыларынан құралған 30 бала бір кісідей атсалысты.

— Алматыдан келген ағайлармен бірге уақытты қызықты өткіздік. Жылжымалы зертхана келген шақта уақыттың қалай зымырап өткенін де аңғармай қалдық. Дарын, Марғұлан ағайдың көрсетуімен қолда бар қарапайым заттардан бірнеше тәжірибе жасадық. Мысалы, бірінші тәжірибеде бөтелкеге спирт құйып, оны жаққан кезде әдемі көгілдір от пайда болды. Кезекті бір тәжірибеде үлкен шелек пен қаптан түтін зеңбірегін дайындап, оған сұйық азот қосқан кезде ауаның қалай қозғалатынын көрдік. Бұл біз үшін тамаша тәжірибе болды. Себебі күнделікті өмірде ауаны мүлде көрмейміз ғой. Сонысымен де мен үшін әсерлі. Бәрінен де зымыранның нағыз үлгісін ұшырғанымыз ұнады. Бұған дейін мектебімізде осы іспетті тәжірибелер болған емес. Енді жылжымалы зертхана жұмысын көруімнің нәтижесінде ғылым мен тәжірибелерге деген қызығушылығым артып, физика мен химияны тереңінен түсінуге ынтам пайда болды, — дейді 7-сынып оқушысы Шадияр Жүнісова.

Ұйымдастырушылар ерекше көзге түскен шәкірттерге және мектеп кітапханасына ғажайып тәжірибелерге толы, түрлі қызықты мәлімет беретін кітаптарды тарту етті.

Оқушылармен қатар, ұстаздар қауымы да жылжымалы зертхана жұмысын жоғары бағалады. №7 мектептің мұғалімі Қайырпану Неғманова түрлі экспериментті тамашалаған балалардың жүздері бал-бұл жайнап, өзгеше күйге бөленгенін байқаған екен.

— Шәкірттеріміз тәлімгерлермен бірге нағыз эксперименттер жасады. Түрлі үлгі әзірлеп, сол жерде-ақ олардың жұмысын тексерді. Өз қолдарымен қондырғыларды іске қосып, нәтижесін тамашалап, қуанышқа кенелді. Бұл анық байқалды. Кейбірі инженерлік құрылымдарды «ішіне кіріп кетердей» бар жан-тәнімен беріліп құрастырып жатса, енді бірі өзін ғалым ретінде сезінді. Кей оқушылар ғылым осыншалық қызықты әрі жарқын болатынын түсінгендей болды. Балалар алған ерекше әсерлерімен ата-аналарымен де бөліскен болуы керек, кейін әкелері мен аналары да осындай шараны ұйымдастырушыларға, Алматыдан ат терлетіп арнайы келген азаматтарға алғысын білдіріп жатты. Біз де, мұғалімдер қауымы, қызметімізге керек тұстарды назарға алдық, — дейді Қ.Неғманова.

Атап өтерлік жайт, Қайырпану Қанапияқызы да – өте ізденімпаз әрі білікті ұстаз. «Caravan of Knowledge» жобаларына соңғы жылдары белсенді түрде қатысып келеді. Айталық, 2022-2023 жылдары арнайы курсқа қатысып, республикалық деңгейдегі STEM-тренер атанды. Былтыр «Science on Stage» фестивалінде 50 жұмыстың ішінен жобасы жоғары бағаланып, жеңімпаз атанды.

— Мен инклюзиялық сыныптарға да сабақ беремін. Еуропа, Кореядан келген сарапшылар алдында оқушыларымның жұмысын көрсетіп, арнайы жобамды сәтті қорғадым. Сөйтіп, Финляндияның Турку қаласына жолдама алдым. Мұнда халықаралық деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасып, жақсы достар да таба білдім. Олардың бірі – грузиялық әріптесіммен кейін бірлескен жоба әзірлеп, сол жобамыз да ірі фестивальдің іріктеуінен өтті. Атап өтерлігі, шетелдік бұл сапарымның барысында қалтама салмақ салынған жоқ. Негізгі шығындарды «Caravan of Knowledge» қоры мен «Шеврон» компаниясы көтерді. Бұған дейінгі STEM-нің қыр-сырын оқытқан 9 айлық курс та тегін болды. Сонымен қатар, былтыр мектебіміз аталмыш қордың шағын гранты – 500 мың теңгені ұтып алды. Бұл қаражатқа лего-робототехникасын сатып алдық. Облыстық деңгейдегі мұғалімдердің басын қосып, семинар өткізіп, бар жинаған білім-тәжірибеммен бөлістім. Қордың оқушылардың білімін тереңдететін, ұстаздардың біліктілігін арттыратын осындай жобаларының маңызы зор. Олардың қаржылай демеушісіне де ризашылығымызды білдіреміз, — деп түйіндеді Қ.Неғманова.

Байқағанымыздай, бұл жобадан оқушылардың да, ұстаздардың да түйгені көп, алғаны мол. Демек, тәжірибелерге бөлінген уақыттың босқа өтпегені. Алдағы уақытта арнайы зертхана аймағымызға тағы бір келіп, ауыл-ауылды аралап, оқушыларды тағы бір таң қалдырса деген тілегіміз де бар.

Бүгінгі балалар – ертеңгі қоғам айнасы. Сондықтан олардың сапалы білім алуы жолында жылжымалы «STEAM Tulpar» зертханасының берері көп деп білеміз. Павлодарлық оқушылармен өткен бір күндік тәжірибелердің өзі шәкірттерді қанаттандырып, ғылым әлеміне тамаша саяхат жасауға мүмкіндік беріп, таным көкжиегін кеңейтті. Сол арқылы озық білімді игерген, жаңа технологияларды меңгерген ұшқыр ойлы өскелең ұрпақ қалыптасарына сенім мол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.