Жаз мезгілі келісімен елімізде той санының көбейетіні рас. Той ұйымдастырушылары мен иелері маңызды шараның бастан-аяқ сапалы әрі көңілді өтуіне алаңдайды. Жайылған ақ дастарханның дәмді тағамдары қонақтардың көңілінен шықса, нұр үстіне нұр. Алайда кейбір мейрамханалар санитарлық ережелерді сақтамай, соның кесірінен уланып жатқан қонақтар бар. Осы орайда қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық жағдай жайлы Павлодар облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Ақылбековамен әңгімелесіп, толық ақпарат алдық.
– Гүлнәр Бағадатқызы, қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық жағдайдың талаптарға сай келетіндігін қалай білуге болады?
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес кез келген адам кәсіпкер туралы толық, дұрыс және уақытылы ақпарат алуға құқылы. Сол себепті той иесі шараға тапсырыс берген кезде мейрамхананың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысын талап ете алады. Сондай-ақ, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 19-бабына сәйкес адам саны 50-ден асатын қоғамдық тамақтану орындары тек санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысымен қызмет етуі тиіс.
– Облыс бойынша қанша нысан тексерілді? Оның ішінде кафе, асхана, мейрамхана шағымдарының саны қанша?
– ҚР Бас прокуратурасы бекіткен кесте мен тізімге сүйеніп, шағымдану бойынша денсаулық сақтау саласындағы талаптарға сәйкес тексеру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, жеке және заңды тұлғалардың улану оқиғаларын растайтын (фото, видеофиксация, фискалдық чек) сынды дәлелдемелері болса, жоспардан тыс тексеріледі.
Биыл қоғамдық тамақтандырудың 4 объектісінде тергеу жүргізілді. Кәсіпкерлерге қатысты анықталған бұзушылықтардың нәтижесінде әкімшілік айыппұл салынып, санитарлық нұсқамалар берілді.
Сонымен қатар, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді алып тастау, құқық бұзған адамдарды қызметінен уақытша шеттету, қауіп төнген адамдарды ауруханаға дер кезінде жеткізу шаралары қарастырылған.
– Жуырда қонақтардың жаппай уланып, аурухана түсулеріне не себеп болды? Оның алдын алу жолдары қандай?
– Жақында өңірімізде орын алған жағдайға байланысты мейрамханада жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде объектінің сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды мен қызметкерлерде медициналық тексерудің болмауы және тамақ өнімдерін сақтау мерзімінен шығуы сынды бұзушылықтар анықталды.
Кәсіпкерге санитариық-эпидемиологиялық қорытынды алғанға дейін объектінің қызметіне тыйым салу, сонымен қатар, мейрамхананың 7 қызметкеріне медициналық тексерудің жоқтығына байланысты жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулы шығарылды.
Тамақ өнімдерін микробиологиялық зерттеу кезінде Salmonella enterica enteritidis, St. аureus, бактерия ішек тобының таяқшалары, жоғары бактериялық себіндісі табылды. Бүгінде эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін материалдар қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерін анықтайтын Павлодар облысының полиция департаментіне жіберіледі.
Тамақтан улану жағдайларының алдын алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақта-
ған жөн.
Қызметкерлер міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, жұқпалы ауруларға тап болса, жұмыстан уақытылы шеттету қажет.
– Ақпаратыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.