Биыл қуаңшылық салдарынан астық аз шығып, көпшілік азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін деп алаңдаулы. Алайда, құзырлы орган өкілдері аймағымызда азық-түлік тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр.
Бұл мәселе жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың мәлімдеуінше, астық аз алынса да, қамбаға түсетін көлем аймақтың қажеттілігінен екі есеге артады. Яғни, биыл 300 мың тонна бидай орылады деп күтілуде. Оған қоса, былтырғы жиын-терімнен қалған тағы 150 мың тонна астық бар. Ал облыстың нан, ұн өнімдеріне жылдық қажеттілік 120 мың тоннаны құрайды. Елімізде қабылданған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамыту қарастырылған.
— Облысымыз күріш, қант, тұзды қоспағанда өзін-өзі жергілікті азық-түлік өнімдерімен толық қамтып отыр. Азық-түлік түрлерінің кейбірі бойынша қамту 100 пайыздан асады. Мәселен, картопты қажеттілігімізден 9, сәбіз 9,9, қарақұмық жармасы 3,5 есеге артық өндіріледі. Макарон өнімдері 4,6 есеге, бидай ұны 1,6 есеге, сиыр еті 1,9 есеге көп шығарылады, — деді Т.Көшербаев. Ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру және бағасын тұрақтандыру бағытындағы іс-шаралар да айтылды. Мәселен, қыс-көктем айларында картоп-сәбізбен қамтамасыз ету үшін тауар өндірушілермен меморандум жасалған. Ол өнімдер «Жайлау» фермерлік нарығында сатылады. Осы ретте, тұрақтандыру қорының маңызы зор. Бүгінде облыстық қорда 15,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері сақтаулы. Еліміздің оңтүстігінде де биыл қуаңшылық орын алған. Осыны ескерген сала мамандары қазірдің өзінде өзге өңірлерден жеткізілетін өнімдерді сатып алу бойныша келіссөздер жүргізуде. «Павлодар ӘӘК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұловтың айтуынша, қазіргі таңда қордың қызметкері Жамбыл облысында ірі шаруашылықтан пияз сатып алу бойынша жұмысты пысықтауда. Биыл жыл басынан бері форвардтық сатып алу жүйесі қолға алынған. Яғни, мемлекеттік орган шаруалардан сатып алатын өнім құнының 70 пайызын алдын ала төлеп қояды. Қалғаны өнім жеткізілгенде төленеді. Осылайша, облыстың бірқатар шаруашылықтарына қаржылық кепілдіктер берілген. Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұркимбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы жыл басынан бері 3,1 пайызға өскенін мәлімдеді. Республикада бұл көрсеткіш – 3,4 пайыз. Тіпті, бұл санатқа жататын азық-түліктің 13-і бойынша баға республикалық орташа бағадан төмен, деді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.