Ауыл, елді мекендер мен жер-су атауларының ел тарихымен және ұлт мәдениетімен үндес болуы – ел мен жерге деген құрметтің бір көрінісі. Бұл – болашақ ұрпақтың отаншылдық, патриоттық сезімін қалыптастыратын ең өзекті идеологиялық құрал. Ауылдардың тарихи атауын қайта қалпына келтіру барысында олардың тарихын зерттеп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жүрген ғалымдардың бірі — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы, жерлесіміз Қуат Сапаров. Ол – Павлодар облысының жер-су атауларын ғылыми тұрғыда зерттеген және географияның топонимика саласы бойынша ғылым докторы атанған алғашқы адам. Ғалым талай жылдан бері Павлодар облысына қарасты ауылдар мен қоныстардың түпкі шығу тарихын зерттеп, бірқатар кітап жазып үлгерген. Жақында өңірімізге іссапармен келген жерлесімізбен арнайы жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті.
— Қуат Табылдыұлы, сіз Павлодар облысы бойынша көптеген елді мекеннің бұрынғы тарихи атауын зерттеп, қайта жаңғыртып жүрсіз. Бұл идеологиялық тұрғыдан өте маңызды еңбек екені баршаға мәлім. Бұл салаға қалай бет бұрдыңыз және неден бастадыңыз? Әңгімені осыдан бастасақ.
— Бұл – өте ұзақ әңгіме. 1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» болып жарияланған болатын. Ол кезде мен Павлодардағы қазақ-түрік лицейінде жұмыс істеп жүрген едім. Сол кезде профессор Тілеукен Еңсебаев деген ағамыз болды. Сол кісі маған осы Павлодар облысының топонимдері мүлдем зерттелмей жатқанын айтты.
Ертеректе 1949 жылы Ғали Қоңқашбаев деген ғалым «Қазақтың халықтық географиялық терминдері» атты еңбек жазып, кандидаттық диссертация қорғаған, содан кейін бұл мәселемен қайтып географтар тарапынан ешкім шұғылданбаған екен. Негізі, лингвист мамандары түрлі зерттеулер жасап жүр, бірақ олар аса тереңге бармайды, себебі картаны білмейді, тарихи деректерді қолданбайды, тек дайын атауларды талдайды екен. Міне, осыдан кейін бұл салаға менің қызығушылығым түсіп, қолға алуға тура келді. 2000 жылы Алматыға барып, ғылыми мақалалар жаза бастадым. 2001 жылы География институтына аспирантураға түстім. Жақыпбай Достайұлы деген ағамыз менің ғылыми жетекшім болды.
1999 жылы мектептен жоғары оқу орнына, қазіргі Торайғыров университетіне аға оқытушы болып ауысып келдім. Сөйтіп жүріп жерлесіміз, филология ғылым-дарының докторы, профессор В.Н.Попова деген ғалымның «Павлодар облысының Гидронимиясы» деген еңбегін тауып алып, таныстым. Кейін ол кісінің «Словарь географических названий Казахстана: Павлодарская область» деген екі томдық кітабы шықты. Мен сол кітапты қарап отырсам, ішіндегі көп атаулар қате берілген екен. Мысалы, Аққулы ауданындағы Қорт деген ауылдың тарихи атауын «Құрт, червь» деп жазыпты. Осылай бүкіл аудандардағы қазақ атауларын талдаған екен, бірақ географиялық тұрғыдан зерттемеген, ауылдарға барып, елдің ақсақалдарымен әңгімелеспеген. Қорыта айтқанда, 300-ге жуық ауыл атын қате талдаған. Осыны көргеннен кейін Тілеукен Еңсебаев екеуіміз Оралбек Қожанов, Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі болған Қорабай Шәкіров ағаларымызбен ақылдасып, бұл қателіктерді қайта түзету керек деген байламға келдік. Ол кезде кітап авторы Валентина Попова Шымкентте тұрады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем-
лекеттік университетінде қызмет істейді. Сөйтіп жүргенде 2003 жылы Оралбек Қожанов екеуімізге Валентина Попованың 80 жасына арналған конференцияға шақырту келді. Осы оқиғаны себеп қылып, Оралбек аға екеуіміз солай аттандық. Бардық. Мерейтойымен құттықтай отырып, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстап, бір қуантып тастадық. Содан кейін екінші бұйымтайымызға көштік. «Солай да, солай, сіз шығарған кітаптағы кейбір мәліметтер шындыққа сәйкес емес, тарихи деректер қате берілген» дегенді айттық. Содан кітапқа толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, қайта бастыру қажет екенін жеткіздік. Ол кісі ешқандай қарсылық танытқан жоқ, келісімін берді. Сонымен бір жылдың ішінде кітапты өзгертіп, қайта бастырдық, оған бұрынғы авторы Валентина Попованың өзі де келді, түзетіп, толықтырылған нұсқасын көрген кезде ерекше толқып, алғысын жаудырды бізге. Міне, осы оқиға менің Павлодар облысының елді мекен атауларын кәсіби түрде зерттеуіме түрткі болды. Сондықтан, мен Валентина ханымға алғыс айтамын, себебі кітабынан қате мәліметтердің табылуы себепті менің топонимика мәселелерімен шұғылдануыма жол ашылды. Содан кейін Торайғыров университетінің ректоры болған Ерлан Арынның қолдауымен Павлодар облысының топографиялық картасын сатып алдық. 2004 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-де «Павлодар облысы топонимдерінің қалыптасуының геоэкологиялық астарлары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғадым, 2010 жылы География институтында «Қазақстан топонимдерінің қалыптасуы мен дамуының географиялық негіздері (солтүстік-шығыс, шығыс өңірлері мысалында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым.
— Жалпы, Павлодар облысында ежелгі қоныстарға, елді мекендер мен жер-су, өзен-көлдерге қатысты
қанша атау бар?
— Мен алғаш зерттеген кезде Павлодар облысында 4412 атау анықталған болатын. Кейін ол толықтырылды. 2016 жылы шыққан Қазақстан Республикасы мемлекеттік каталогына 6 мыңнан астам атау енген. Соның ішінде 605-і – славян тілінен енген атаулар. Жалпы атаулардың 84,8 пайызы түркі (қазақ), 13,7 пайызы славян, 1,5 пайызы басқа (моңғол, қалмақ, араб, иран) тілдеріне қатысты айтылған. Міне, осы кестедегі сандарға қарап-ақ Павлодар өңірінің географиялық аумағы түркілердің, қазақ халқының кіндік кескен жері екендігін дәлелдеуге болады.
— Жер-су атауларының тарихи нұсқасын анықтау барысында қандай еңбектерге көп жүгіндіңіз? Сонымен қатар, жергілікті ақсақалдардың әңгімесіне де құлақ түрген боларсыз…
— Менің алғашқы еңбектерімнің бірі «Ертістің Аққулы өңірінің жер-су аттары» деп аталады. Ол 2007 жылы басылып шықты. Бірақ біздің Аққулы ауданында жер-су атауларын жетік білетін ақсақалдар көп болған жоқ. Сондықтан, архивтерді ақтаруға тура келді. Негізі қалада жүргенде автобустан, трамвайдан қазақтың қарияларын көрсем, бірден жабыса кетіп, әңгімеге тартатын едім. Алдымен жөн сұрасып, одан кейін елді мекен атаулары туралы сұрақ қоятынмын. Егер көңілге қонымды бір әңгіме айтса, сол жерде жазып алатын едім. Одан кейін Екібастұз өңірінің жер-су аттарын жинақтағанда белгілі өлкетанушы Серік Жақсыбаевтың зерттеулеріне сүйеніп, көп мәліметті сол кісінің еңбегінен алдым. Ал Баянауыл ауданы туралы «Баян-аула топонимикасы» атты монографиялық еңбегімді 10 жылға жуық жаздым. Осы кітапты жинақтаған кезде Баянауыл ауданының әкімі болған Қорабай Шәкіров ағамыз менің зерттеу жүргізуіме барлық жағдайды жасады. Арнайы көлік беріп, әрбір ауыл, елді мекенді аралауыма жол ашты.
Ауыл әкімдері де кезегімен күтіп алып, елдің көне-көз қария-ларымен жолықтырды. Сонымен қатар, көрнекті жазушы Зекебай Солтанбаев ағамыздың әңгіме-естеліктеріне, өлкетанушы, шырақшы Алтынбек Құрмановтың тарихи деректеріне құлақ түрдім. Міне, осы адамдардың әңгімесі маған көп көмек болды. Тағы бір жолы қоғам қайраткері Жеңіс Мардановтың үйінде болып, «Баянаула шежіресі» деген кітапты қолға түсіргенім бар. Ол кісі де көп мақала жазған екен. Қазақ даласындағы болыстар, олардың атаулары туралы бірнеше мақаласы «Дауа» газетіне басылыпты. Басылымның сол сандарын да тауып алдым. Міне, менің жер-су атауларын зерттеу жолындағы ізденісім осылай жүрді. Елді мекен тарихын зерттеу, бұрынғы ескі атауларын іздеу барысында аудандық және облыстық архивтерді де көп ақтардым. Сонымен қатар, кезінде бірталай зерттеу жасап кеткен Тілеукен Еңсебаевтың жазбаларына сүйендім. 2006 жылы Павлодар облысының елді мекен атаулары деген бір кітап шыққан болатын, содан да қарап жатырмыз.
— Жалпы, Ертіс-Баян өңіріндегі қазақша қоныстар мен жер-су атаулары қашан, қай уақыттан бастап бұрмаланып, өзгертіліп кетті?
— Патша өкіметінің тұсында Ф.Щербина деген статист ғалым болды, ол 1896-1910 жылдар аралығында Қазақстан аумағында арнайы экспедиция ұйымдастырып, зерттеу жүргізген. Қазақ даласында қанша шаруа, қанша мал, қанша ру атаулары бар дегенді толық зерттеп, кестеге түсірген екен. Сол еңбектерге сүйенер болсақ, кезінде Павлодар облысында 3 мыңнан астам жайлау-қыстау қонысы, елді мекен, өзен, көл атаулары топтастырылған. Ол кездегі қоныстардың барлығының атауы қазақша болды. Ал сол атаулардың бұрмалануын қазақ жеріне өзге халықтарды қоныстандыру уақытымен байланыстырамыз. Жалпы, орыс шаруаларының қазақ даласына келуі бірнеше кезеңді қамтиды. Соның алғаш-қысы 1718 жылдары келген. Біздің Ертіс өзені жағалауын бетке алған орыстар алғашында Железин ауданына қоныстанған деген дерек бар. Міне, содан бастап қазақша атаулар жойылып, орысша атаулар пайда болды. Содан кейін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Столыпин реформасы жүргізілді. 1954 жылы Қазақстанның солтүстік аймақтарында тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары жүргізіле бастады.
Осы уақытта көршілес жатқан Ресей, Украина, Беларусь, т.б. республикалардан 2 млн-нан астам халық келіп қоныстанды. Соның 300-400 мыңы Павлодар облысына қоныстанған. Совхоз, колхоздар құрылып, көптеген елді мекен, қоныс, өзен, көл атаулары өзгеріске ұшырап, орыс тілі арқылы қалыптасқан топонимдер жүйесі пайда болды. Қоғамдағы әрбір саяси-экономикалық өзгеріс сол қоғамның топонимия жүйесіне терең із қалдырып отырады. В.А.Никонов айтқандай, топонимика амалсыздан «идеологиялық функцияға жегіледі». Міне, осы кезеңдерде Павлодар облысында славян тілінде 226 елді мекен атауы пайда болыпты. Солардың біразы 1991 жылдан кейін жойылып кетті.
— Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қанша елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды?
— Соңғы 33 жылдың ішінде 120 елді мекен атауы өзгертілді, әлі де 100-ден астам ауылдың тарихи атауын қайтара алған жоқпыз. Бұлардың жартысы патшалық Ресей тұсында қойылған болса, кейбірі кеңестік кезеңде қалыптасып, әбден сіңіп кетті. Бірақ ондай атаулардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, идеологиялық тұрғыдан біздің тарихымыз бен мәдениетімізге сәйкес келмейді. Сондықтан, мұндай атаулардың бізге жат екенін ғылыми тұрғыда негіздеп, одан бас тартуымыз керек. Мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен 2007 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келемін. Қандай да бір ауылдың, елді мекеннің атауын өзгерту керек болса, жауапты мамандар байланысқа шығып, деректердің нақты-лығын сұрайды. Содан кейін бірлесіп зерттеп, атауларды бірге таңдаймыз. Атауларды таңдаған кезде табиғаттың ерекшелігіне, физикалық-географиялық жағдайына қарай отырып, қолайлы атауларды таңдаймыз. Жалпы, қай ауылдың немесе қандай елді мекеннің тарихына үңілсеңіз де ар жағынан біздің ата-бабаларымыз қойып кеткен ескі атауларға кездесесіз. Себебі, бұрынғы адамдар жер-су мен қоныс атауларына ерекше мән беріп, өте мәнді де мағыналы ат қойған ғой. Міне, соларды қайта қалпына келтіру — бізге жүктелген үлкен міндет, зор жауапкершілік. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жүргізіп, бұрынғы қоныстардың қалай айтылғанын анықтаудамыз. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Павлодар облысының батыс және шығыс қақпасы саналатын екі кенттің атауын өзгерттік. Олар – қазіргі Кемеңгер және Атамекен ауылдары. Сондықтан, әрекет болса түбі берекетке апаратынына көзіміз жетті. Барлығы аудандық және облыстық мәслихаттардың белсенділігіне байланысты.
Ауыл тұрғындарынан, ақсақал-дарынан келіп түскен хаттар мен ұсыныстарды бірден қарап, республикаға жолдап отырса көп мәселені уақытында шешуге болады. Тіпті, ұсыныс түспей жатса тұрғындардың атынан хат ұйымдастырып, қатып жатқан тоңды жібітуге болады. Міне, тарихи атауларды қайтару жолында осындай жанкештілік керек. Әрине, кедергілер де кездесіп жатады. Мысалы, Үкімет тарапынан мораторий жариялану деген секілді. Бірақ оның бәрі уақытша тосқауылдар ғой. Егер бірлесіп әрекет етер болсақ, алынбайтын қамал болмас еді.
— Елімізде топонимика ғылымының даму қарқыны қандай деңгейде? Мысалы, сізді Павлодар облысында топонимика ғылымы бойынша канди-даттық және докторлық қорғаған бірінші ғалым деп білеміз. Жер-су мен елді мекеннің тарихи атауларын географиялық тұрғыдан зерттеп жүрген тағы
қандай ғалымдар бар?
— Өкінішке қарай, қазіргі таңда топонимика ғылымымен шұғылданушылар өте аз. Әсіресе, студенттер мен магистранттар мұндай зерттеумен айналысқысы келмейді. Тіпті, архивтерге, мұрағаттарға барғысы келмейтінін байқаймыз. Мүмкін, уақыт жоғалтпай барлығын ғаламтордан тапқысы келетін болар. Бұрын біз мұрағаттың табалдырығын тоздыратын едік. Бұрынғы біздің ғалымдар Алматымен ғана шектелмей, Омбы, Томск, Мәскеу архивтерін аралап жүретін. Ал қазіргі уақытта топонимика ғылымымен айналысып, мақала жазатындар өте аз. Менен кейін тағы бір адам қорғады. Ол — Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің профессоры Күләш Қаймульдинова. Сонымен, қазір жер-су атауларын географиялық тұрғыда зерттеген екі ғылым докторы ғана бармыз. Лингвистикалық тұрғыдан зерттеушілер бар, бұл – басқа бағыт. Сондықтан, осы сала бойынша бірнеше шәкірт тәрбиелеп жүрген жайым бар. Жуырда солардың бірі Ертіс ауданының, енді бірі Ақтоғай ауданының топонимикасы бойынша магистрлік диссертациясын қорғайды. Тағы бір докторантым Сарыарқа топонимикасы бойынша докторлық қорғайтын болады.
— Жоғарыдағы әңгімеңізде Аққулы, Баянауыл аудандары мен Екібастұз топонимикасы туралы кітап шығардым дедіңіз. Ал басқа аудандар жөнінде зерттеулеріңіздің жинағы қашан шығады?
— Иә, бүгінгі күнге дейін үш ауданның жер-су атаулары туралы кітабым шықты. Одан бөлек «Павлодар облысының топонимикалық кеңістігі» (монография), «Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бірліктері мен физикалық-географиялық атауларының көрсеткіш анық-тамалығы», «Павлодар облысының ономастикалық атауларының көрсеткіш анықтамалығы», «Топоними-каның геоэкологиялық негіздері» (оқу құралы), «Қазақ шығысының өзен-көл атаулары» (жоғары оқу орындарына арналған оқулық) секілді көптеген еңбектерім жарыққа шыққан. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 400-ден астам ғылыми мақала жаздым. Олар көптеген газеттерде, журналдарда басылды. Болашақта барлық ауданның топонимикалық зерттеулерін жинақтап, әр ауданға бір кітаптан шығаруды өзіме міндеттеп отырмын. Бұған енді түрлі кедергі болып жатады. Мысалы, материал дайын болса, оны шығаратын демеуші табылмай қалады. Әйтпесе, бір жылда бір ауданның атауын жинақтап, кітап жазуға мүмкіндігіміз бар. Бұрын аудан, ауылдарда өзінің туған жерінің тарихын білетін үлкен кісілер көп болатын еді. Өкінішке қарай, қазір ондай адамдардың қатары сиреп барады. Сондықтан, қолда дерек тұрғанда оны қағаз бетіне түсіріп, кітапқа айналдырып үлгеруіміз керек.
— Ендігі кезекте қандай елді мекенді немесе ауданды бірінші қолға алу керек?
— Біздің өңірде бір Павлодар атауының өзі төрт жерде қолданылып тұр. Яғни, бір «Павлодар» сөзін облыс, қала, аудан және ауылға тағып қойдық. Ендігі кезекте осы атаулардан біртіндеп құтыла бастауымыз керек. Одан кейін Железин, Успен, Тереңкөл, Шарбақты, Ертіс, Павлодар аудандарындағы елді мекендер бойынша жұмыс жүргізу қажет. Аталған аудандардағы ауылдардың 50 пайызға жуығы орыс тілінде деуге болады.
— Ал облыс немесе қала атауын өзгерту мүмкіндігі қашан туады? Жалпы, осы бағытта бір қозғалыс бар ма?
— Облыс және қала атауларын өзгерту мүмкіндігі жақын уақытта туады деп айта алмаймын. Себебі, түрлі форум және конференцияларда айтылған мәселелер тек сөз жүзінде қалып келеді. Мәслихаттар мен облыс әкімдігі және басқа да құзырлы мекемелер тарапынан қозғалыс болмаса, ештеңе өзгермейді. Әйтпесе, облыс және қалаға қатысты лайықты атаулар бар. Мен осы саланы зерттеген ғалым ретінде Ертіс атауын құптаймын. Бұл мәселе бұған дейін де талай айтылды.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.