Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Май ауданы Ақшиман ауылының маңындағы Көктас-2 археологиялық кешеніне барып, археологиялық іздестіру жұмысын жүргізуде. Экспедиция барысында болашақ археологтар мен ғалымдар сирек кездесетін артефактілерді тапты. Солардың ішіндегі ең қызық жәдігер ретінде қоладан жасалған найзаның ұшын айтуға болады.
Бұл құнды жәдігерді археологиялық іздеу жұмысы барысында «Тарих» білім беру бағдарламасының екінші курс студенті Асылбек Еламан кездестірген. Ал олардың жетекшілері болашақ тарихшылардың археологиялық қазба жұмыстарына айрықша қызығушылықпен кіріскенін айтады.
— Жастарымыздың белсенділігі қуантады. Жұмыс өте қарқынды әрі нәтижелі жүріп жатыр. Студенттер тауып алған найзаның ұшы біздің эрамызға дейінгі XIII-VIII ғасырлардың ортасындағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жатады. Бұл — Павлодар өңірі үшін бірегей олжа. Енді табылған артефактілер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді, — деді археологиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Асқар Әбілдин.
Май ауданындағы Көктас-2 археологиялық кешенінде екінші жыл зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл мұнда 3,5 мың жылдық бірегей ғимараттар, мыс кені өндірілген және өңделген шахталар табылды. Бұл аймақта 20-дан астам қорған бар, олардың кейбіреулері сақ кезеңіне жатады. Жерлеу орындарын зерттеу барысында адам сүйектері, жануарлар, керамикадан жасалған ас үй ыдыстарының сынықтары, қоладан жасалған жебелердің ұштары табылды. Жалпы, Марғұлан университетінің ғалымдары Ертістің Павлодар өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және зерделеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.
Баянауыл ауданында зерттеудің бірінші жылы Торайғыр көліндегі мұртты қорғандарды зерттеуге бағытталған, мұнда ашық аспан астында мұражай құру және айналымға жаңа қызықты тарихи-мәдени көрнекті орын енгізу көзделіп отыр. Павлодар маңында Байдала қорымын зерттеу жалғасуда. Онда Қимақ кезеңіне қатысты қызықты жерлеу орындары табылған болатын.
Тілеуберді Сахаба.