Биыл облыс орталығындағы «Ақмешіт» мешітінің салынғанына 120 жыл толды. Павлодар қаласындағы Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында мешіттің мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Онда облыстағы ең көне әрі тарихи ғимараттың алғашқы бой көтеруі туралы тарихи естеліктер айтылып, деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, осы мешіттің бой көтеруіне ықпал еткен татар көпесі, дін жанашыры Абдулфаттах Камалитденұлы Рамазановтың дінге сіңірген еңбегі жайлы көп мағлұмат берілді.
Салтанатты шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлының құттықтауымен ашылды. Бас имам ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау хатын оқып, аймақ жұртшылығына деген ықыласты сәлемін жеткізді.
– Бұл — мешіт ұжымы үшін ғана емес, барша Павлодар халқы үшін ерекше мереке. Себебі, «Ақмешіт» қаламызда ең бірінші бой көтерген ғибадат үйі. Мешіт — Ислам дінінде ерекше қасиетті орын, қасиетті ұғым. Себебі адам баласы мешітке келсе Алланы еске алып, құлшылығын жасап, жаны мен ішкі әлемін бір тазартып шығады. Ал «Ақмешіт» тек ғибадат құлшылық жасайтын ғана емес, ерекше тарихи маңызы бар нысан. Сондықтан баршаңызды осы маңызды мерекелік шараның басталуымен құттықтаймын, — деді Жолдас қажы.
Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев, «Татар-башқұрт этно-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Рустам Мазгутов, бірлестік мүшесі Венера Иванова баяндама жасап, осы мешіттің бой көтеруіне ықпал еткен дін жанашыры Абдулфаттақ Рамазановтың Ертіс-Баян өңірінде атқарған жұмыстары туралы айтып, мұрағаттарда сақталған құнды деректерімен бөлісті.
– Мен Рамазановтар әулетінің тарихымен 5 жылдан бері айналысып келемін. Бес жыл бұрын біз көпес Рамазановтың қабірін тауып, қоршауын қалпына келтіріп, мешіт аумағына ескерткіш тас орнаттық. Биыл біз көпестен қалған бірқаттар коллекция таптық. Онда рухани мазмұндағы кітаптар, энциклопедиялық сөздіктер, екінші гильдия көпесінің мөрі, татар тіліндегі Құран кітабы болды. Бұл жәдігерлер XIX ғасырдың соңына тиесілі. Міне, бүгін осы құнды дүниелер көрмеге қойылып отыр, — деді Рустам Мазгутов.
Осыдан кейін қоғамдық бірлестік төрағасы аталған құнды жәдігерлер құрамындағы Құран кітапты «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қылышевқа және энциклопедиялық сөздік пен мұсылманша күнтізбесін Торайғыров кітапханасының бөлім басшысы Гүлбаршын Жайсанғалиеваға тапсырды.
Салтанатты шараға А.К.Рамазановтың ұрпақтары да арнайы келіп қатысты. Олардың бірі – шөбересі Рустем Рамазанов есімді азамат. Бүгінде Мәскеуде тұрады екен. Көпестің ұрпақтары өз аталарының Павлодардың дамуына қосқан үлесі, соның ішінде дінге сіңірген еңбегі туралы деректерді интернеттен көрген.
– Бұған дейін мен атамды көпес ретінде ғана білетінмін. Кейін ол кісінің жаңа қырын танып, көптеген тарихи оқиғаларға куә болып жатырмыз. Яғни, тек байлық жинап қана қоймай, «Ақ мешіт» секілді сәулет ескерткіштерін қалдырған меценат болғанын көріп, оның атқарып кеткен жұмысына таңдандым. Алдағы уақытта отбасымның тарихын зерттеуді жалғастырып, кітап жазуды жоспарлап отырмын, – деді Рустем Рамазанов.
Мерейтой аясында мешіт тарихына арналған көрме ұйымдастырылып, көпес Абдулфаттах Рамазанов әулетіне тиесілі жүз жылдан астам сақталған құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда көпестің Құран кітабы, татар тіліндегі «Тәфсір» кітабы, энциклопедиялық сөздік, көне мөрлер және Рамазановтар отбасының фотосуреттері бар альбом бар. Аталған құнды кітаптар енді арнайы орындарда сақталатын болады.
Жиын барысында белгілі журналист Салауат Темірболатұлының «Ақмешіттің» салыну тарихы туралы түсірген деректі фильмі көрсетілді. Мешіттің мерейтойы құрметіне аймағымыздың діни-рухани дамуына үлес қосқан азаматтарға «Ақмешіттің» мерейтойлық медальдары табысталды. Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде ас беріліп, марқұмдардың рухына құран бағышталды.
Тілеуберді Сахаба, Павлодар қаласы.
