Татулық — тәуелсіздік тірегі

Ақп 27, 2025

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай облысымызда жыл басынан бері ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Солардың бірі жуырда Дмитрий Багаев атындағы мемориалдық музей үйінде өтті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, өлкетанушы және фотосуретші Жұмағали Сейтенов көпшілікке фототілші ретінде белгілі. Ол жыл сайын облыс көлемінде әртүрлі тақырыптағы көрмелерін ұйымдастырып келеді. Автордың кезекті көрмесі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Онда 40-тан аса жұмыс қойылды.

Жұмағали Сейтенов 6-сыныптан бері қолынан фотоаппаратын тастамаған. Сол уақыттан бері құрылғысының көмегі арқылы өзіне тылсым әрі қызықты дүниелерді камерасына түсіре бастаған. Алайда ол қызығушылығын шеткері ысырып, өзінің болашақ саласын журналистикамен байланыстыруды жөн көреді. Сөйтіп, 1978 жылы жоғары электроника және коммуникация колледжін аяқтап, Железин аудандық «Ленинское знамя» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастайды. Сонымен қатар, Ақсу және Екібастұз қаласының мерейтойларына жергілікті әкімшіліктің арнайы тапсырысымен кітаптар басып шығарады. 2009 жылдан бастап Екібастұз қалалық «Вести Экибастуза». «Голос Экибастуза», басылымдарында екібастұздық «Экибастуз» футбол клубының ойындары туралы жиі ақпараттар таратады. Одан бөлек, 2016 жылдан бері Ақсу қаласындағы Сәбит Дөнентаев музейінде дәстүрлі түрде жылына бір мәрте Алғыс айту күніне орай фотокөрмесін ұйымдастырады.

— Екібастұз қаласындағы газетте еңбек етіп жүргенімде жанымда фототілші табыла бермейтін. Сондықтан суреттерді әріптестерімнен жиі сұрайтынмын. Кейін бұл әрекетім ыңғайсыздық тудыратынын түсіндім. Сөйтіп, өз қаражатыма дүкеннен фотоаппарат сатып алдым. Ол 1997 жыл болатын. Сол уақыттан бері «Богатырь» кеніші, жылу-электр орталығы секілді кәсіпорындарды, мәдени мекемелерді түсіріп келемін, — дейді Ж.Сейтенов.

Жастайынан сурет әлемінің сырына терең бойлаған фототілші бүгінге дейін облысымызда түрлі деңгейде өткен әр жиын мен шараларды өзінің объективінен таса қалдырмаған. Мәселен, осы көрмедегі суреттерінде аймағымыздағы бірнеше ұлт өкілінің, этномәдени бірлестік-тердің арасындағы татулық пен бейбітшілікті жеткізуді мақсат етеді. Оның топтамасында 2000-ыншы жылдардан бүгінге дейінгі этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен мемлекеттік мәнге ие мерекелерде түсірілген суреттер сақталған.

Айта кетейік, Жұмағали Сейтеновтің туындыларын Дмитрий Багаев атындағы мемориалдық музей-үйінен 1 айдың ішінде танысуға болады.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.