Елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні. 100-ден астам этнос өкілі өмір сүретін біздің ел үшін татулықтан, береке мен бірліктен және рухани келісімнен қымбат дүние жоқ. Татулық деген бір ауыз сөздің астарында діни келісім тұрақтылығы, мемлекеттік тілге деген құрмет және Отан тыныштығы жолындағы біріккен мүдделер бар. Биыл осы бағытта жұмыс жүргізетін облыстық дін істері басқармасы жанындағы діни бірлестік басшылары клубының құрылғанына – 10 жыл.
Бұл күн Қазақстанда дүние-жүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға – рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі өткен 1992 жылдан бастау алады. Алматыда барлық діндердің өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бас қосып, манифест қабылдап, 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз» деп, қазақстандықтар үшін діни-рухани келісімнің маңызы қашан да жоғары екенін айтты.
Павлодар облысының дін өкілдері үшін де бұл ұғымның маңызы зор. Облыстық дін істері басқармасының жанында барлық дін өкілдерінің басын қосқан келісім клубы жұмыс істеп келеді. Аталған клубқа өңіріміздегі барлық діни бірлестік жетекшілері, төрағалары мүше ретінде тіркеліп, тоқсанына бір рет кеңес өткізіп тұрады. Онда діни тұрақтылық, рухани келісім, тілдік түсіністік тақырыбы сөз болып, қоғамның басқа да түйткілді мәселелерін талқылайды. Мұнда тек діни сенім мәселесі емес, қоғамдағы ауыр тақырыпқа айналған нашақорлықтың алдын алу, лудоманияға қарсы тұру, суицидке қарсы күрес бағытында да кеңес өткізіп, өз үлестерін қосып келеді.
– Бұл клуб 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басты мақсаты – діни тұрақтылықты сақтау, рухани келісімді нығайту. Міне, осы бағытта көптеген жұмыс атқарылып келеді. Елімізде 18 діни конфессия болса, Павлодар облысы бойынша 13 діни конфессия тіркелген. Сол конфессиялардың барлығының жетекшілері осы ұйымның мүшесі болып саналады. Клуб мүшелері тоқсанына бір рет бас қосып, маңызды мәселелерді талқылайды. Жылдың қорытынды жиынына облыс әкімінің орынбасары қатысып, олардың ұсыныстарын, өзекті пікірлерін тыңдайды, — дейді дін істері басқармасының бөлім басшысы Әділет Мейірман.
Жауапты мамандардың айтуынша, облыста 169 діни бірлестік бар. Оның 110 мұсылман жамағатының мешіті болса, 26-сы православ шіркеуі, 8-і католиктер шіркеуі. Сонымен қатар, кришна санасы қоғамының, иудаизм өкілдерінің бірлестіктері де бар. Бірақ діни сенімге келгенде әрқайсысы әртүрлі бағытта ұстанғанымен, еліміздің тыныштығы мен татулығы, берекесі мен бірлігі, Отанымыздың тыныштығы жолындағы көзқарастары бір нүктеге түйіседі.
Жақында облыстық дін істері басқармасының қолдауымен және діни бірлестіктер клубының ұйымдастыруымен облыстағы барлық дін өкілдерінің арасында зияткерлік ойыны өткен. Оған діни бірлестіктердің жастары да белсенді қатысып, қызықты ойын көрсеткенін айтады ұйымдастырушылар. Жалпы, сегіз команда қатысып, дін, мәдениет, тарих тақырыбындағы сұрақтарға жауап берді. Ойын нәтижесінде Жетінші күн Адвентистері өкілдері жеңіс тұғырынан көрінді.
– Жалпы біз діни конфессиялар арасында болатын осындай шараларға, отырыстарға жиі қатысып тұрамыз. Сонда байқағанымыз, әрбір діннің сенімі мен ұстанымы әртүрлі болса да мемлекет мүддесі жолындағы ойлары бір жерден шығып жатады. Сонымен қатар, бір-бірінің дініне, сеніміне құрметпен қарайды. Олар мұндай кездесулерде діни ұстаныммен ғана шектеліп қалмай, жалпы адамзат баласына тән құндылықтарды бірінші орынға қояды. Сондықтан, аймағымызда тұратын этностар мен конфеcсиялар арасында ежелден қалыптасқан ауызбіршілік бар, — дейді Әділет Асқарұлы.
Тілеуберді САХАБА.