Тағдырыма өкпем жоқ

Мам 29, 2025

Бір сәт көзіңізді тастай жауып алып, көше бойымен жүріп көріңізші. Кезекті кейіпкеріммен кездесуге келе жатып, мен де дәл солай жасап көрдім. Басым айналып, жаяу жүргіншілер жолынан тайып, жиектасқа барып аяғымның тірелгенін сездім. Бір қадам аттасам, көліктер жүйткіп жатқан күрежолға түсіп кетер едім. Бұл бір минуттық қана тәжірибе еді. Осы әрекет арқылы-ақ зағип жандар үшін жалғыз жүрудің қаншалықты қиын екенін аңғарасыз. Ал Гүлнәр Адамжанова туғанынан қараңғылықта өмір сүреді. Қос жанары көрмейді. Бірақ, көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Айнала қараңғы болғанымен, жан-дүниесі жарық. Бәрін жүрегімен сезеді, біледі.

Өмірге өкпелеп көрмепті. Әрине, пенде болған соң армандайды. Айналаны өз көзімен көріп, жарық дүниенің ғажабына, табиғаттың кереметтігіне тамсанғысы келеді. Бала кезде, жастық шақта жиі қиялдапты.

— Өмірге бес ұлдан кейін келгенмін. Бәрінің көзі көреді. Дені сау. Кенжесінің зағип болғанын білген анам мен үшін барын салды. Қарағандыдағы арнайы мектепке тоғыз жыл бойы тасыды. Интернаттан келгенімде аузыма бар жылы-жұмсағын тосатын. Мені адам қатарына қосқысы келді. Анамның мен үшін жасағаны еш кеткен жоқ. Бүгінде ел қатарлы тіршілік етіп жатырмын, — дейді Гүлнәр Тоқтасынқызы.

Ананың қамқорлығын сезгеннен кейін болар, біздің кейіпкеріміз ана туралы әндерді ерекше жақсы көреді. Толғауларды да тыңдайды. Гүлнәр Адамжанова Павлодар қаласына 16 жасында келген. Сол кезден бастап зағип жандар еңбек ететін тігін кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Содан бері осында жұмыс істейді.

Ән демекші, кейіпкеріміз жас кезінен өнер-білімге құштар болған. Әйтеуір, бір нәрсе үйреніп, бос уақытын бекерге өткізбеуге тырысқаны көрінеді. Мектепте брайль әліппесін меңгерген. Химияны да, физиканы да осы әліппемен оқып шықты. Қазір Құранды да нүктелі әліппемен оқып жүр. Павлодар қаласындағы зағип жандарға арналған кітапхана ұйымдастыратын шаралардың бел ортасында жүреді. Талай жыл ән айтып, түрлі байқауларға қатысып, жүлдемен оралған.

— Көзің көрмейді екен деп үйде отыра беруге болмайды ғой. Бір жылдары домбыра шертуді меңгердім. Арнайы сабақтар алып, қазақтың ұлттық аспабын серік еттім. Шеберлікпен шертпесем де, жаныма жақын әндерді салып алатынмын. Тіпті, жабыр-қаған шақтарда жөнді шерте алмасам да, қара домбырамды қолыма алып, білетін әуендерімді салып, бір сәт жеңілдеп қалатынмын. Ал қазір Құранға бет бұрдым. Сүрелерді оқығанда жанымның жайланғанын сеземін, — дейді Гүлнәр ханым.

20 жасында өзі сияқты зағип жанмен тұрмыс құрып, отбасылық өмірге аяқ басады. Дүниеге бір ұл, бір қыз әкеледі. Құрсағына сәби біткен күннен бастап, баласының дүниеге он екі мүшесі сау келгенін тілейді. Ең бірінші қорқынышы, әрине, қос жанарына қатысты болады. Тілеуі қабыл болып, балалары дені сау өмірге келіп, жүрегі орнына түседі. Екеулеп балаларын өсіріп жеткізеді.

— Тоқсаныншы жылдар ешкімге оңай тиген жоқ қой. Әлі есімде 1998 жылы мүгедектік бойынша жәрдемақының өзі айлап берілмеді. Еңбекақы тауармен берілді. Тауармен алмауға тырыстым. Кейін жиналған қаржыны коммуналдық қызмет төлеміне бағыттаған едім. Есесіне, бес жыл қата-рынан бұл төлемге бас қатырған жоқпыз. Ол кезде бір қап ұн, қант және сұйық маймен күнелттік қой. Сол кезбен салыстырғанда қазіргі өмірімізге шүкірлік етуіміз керек, — дейді ол.

Тағдырдың жазуы болар, жолдасы өмірден өтеді. Бұл қиындықтарға да мойыған жоқ. Өмір жалғасын табады. Өзіне сүйеу болатын азамат жолығады. Өмірге кенже қызы келеді. Ал үлкен екі ұл-қызы бүгінде бір-бір отау болып отыр. Зағип жан үшін құшағына алған шақалақты күтіп-бағудың өзі бір сынақтай болғаны анық.

— Өмір болған соң бәріне көнесің, бейімделесің. Ұлымды дүниеге әкелгенде перзентханада баланы қасыма бермеді. Сенімсіздік танытты. Құлатып, мойнын қайырып алады деген болар. Араға бір жарым жыл салып, қызымды дүниеге әкелуге сол перзентханаға қайта барғанымда, медперсонал танып алған, еш уайымсыз қолыма ұстатты. Ал он үш жыл бұрын кенжемді босанғанда екі сағат тыныққан соң жаныма беруді сұрадым. Педиатр келгенде медбикелер «бұл кісі өзі қарай алады, құндақтай да алады екен» деп сенім білдірді. Сенімсіздік танытқанда, өзіңді кемсіткендей сезінесің. Бір жағынан олардың да уайымының жөні барын түсінемін. Шақалақты күтіп, ширату үшін де еп керек. Үлкен екі балам қырқынан шыққанға дейін анам қолғабыс жасады. Кенже қызымда жеңгем кіндігі түскенше жәрдемдесті. Одан кейін өзім сипалап жүріп, суын да дайындап, шомылдырып, киіндіріп алатынмын, — дейді Гүлнәр Тоқтасынқызы.

Қараңғы әлемде өмір сүрген соң кейіпкеріміз тұрмыстық тірлікті атқаруда өзіндік қиындықтар барын жасырмайды. Оның қайсыбірін айтамын дегеніне қарағанда кедер-гілер аз болмайтыны аңғарылды.

— Тамақ пісіргенде талай рет қолымды күйдіріп алатынмын. Онсыз болмайды. Бала кезден ептеп үйрендім. Көмекшісіз жүргенде қашықтықты ойша дұрыс есептей алмасаң, соғылып та қаласың, құлап та қаласың. Таяқтың көмегімен кедергілерді ерте анықтап отыруға тырысамыз. Бірақ, өмірімде болған бір оқиғаны ешқашан ұмыта алмаспын. 2,5 жастағы кенже қызымды жетектеп келе жатқан едім. Бір сәтте екеуіміздің қолымыз ажырап кетті. Атын айтып, «бері кел» деп шақырып жатырмын. Үн жоқ. Таяғыммен түртіп, байқасам, дәл жанымда кәріз құдығының аузы ашық жатыр екен. Жата қалып, айғай салдым. Маңайда өтіп бара жатқан әжей дауысымды естіп, жолда таксист азаматты тоқтатып, ол кісі құдықтан қызымды алып шықты. Абырой болғанда дін-аман, еш жарақат алған жоқ. Аса терең болмаған-ау деп топшылаймын. Сонда қатты қорқып кеткен едім, — дейді өмірде орын алатын жайттарды еске алған кейіпкеріміз.

Иә, зағип жан күнде кедергімен бетпе-бет келеді. Әлбетте, біздің кейіпкеріміз бүгінде балалары ер жетіп, ертіп жүреді. Сондықтан бұрынғыдай жайсыз жағдайларға ұшырамайды. Алайда, айналаны, бала-шағасының түр-әлпетін бір рет болсын көргісі келеді.

— Адам болған соң армандаймын. Балаларымның бет-әлпетін бір көру арман ғой. Түрлері қандай екенін де білмеймін. Бойларын ғана біле аламын. Өзімнен ұзын. Әйтеуір, айналамда көзі көретін жандар «балаларың сұлу, сымбатты» деп айтып отырады. Шүкір етемін. Тіл-көзден сақтап, аман жүрулерін тілеп отырамын. Оларды дамыту үшін анам сияқты мен де аянбадым. Әрдайым, сабырлы болыңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар деп ақылымды айтып отырамын. Олардың салиқалы ұрпақтан болып, тура жолмен жүрсе, сол мен үшін бақыт, — дейді бақытты ана.

Әр баласымен ашық сөйлесіп, әңгімелесуді әдетке айналдырған. Кенже қызының қазіргі таңда мектепте кіммен отырып, кіммен жақын араласатынын жақсы біледі. Себебі, ол баласының қандай ортада тәрбиеленіп жүргенін білу аналық жауапкершілік екенін жақсы түсінеді.

Балаларын тоғызқұмалақ үйір-месіне апарып жүріп, өзі де ұлттық ойынның қыр-сырын меңгеріп алыпты. Үлкен ұлы — тоғызқұмалақтан спорт шебері, ал қызы спорт шеберіне кандидат дәрежесіне жеткен. Ал өзі зағип жандар арасында өтетін тоғызқұмалақтан жарыстарда талай топ жарған. Ойынның құмалақтарын сипап отырып санап, есебін түгендеп отырады. Өзіңіз ойлаңызшы, көріп отырып, кейде біздің өзіміз дұрыс есептей алмай қаламыз. Ал тас қараңғыда отырып, зияткер жандардың ойынын меңгеріп алу — әлбетте, өмірге құштар жанның табандылығының, зеректігінің жемісі. Осылайша, ол балаларымен бірге өзі де дамыды.

Бүгінде Гүлнәр Тоқтасынқызы аяулы ана ғана емес, үш немересінің сүйікті әжесі болып отыр. Өміріне риза. Өмірге еш өкпем жоқ, дейді. Өмірдің сынағына көндігіп кеткен. Әйтпесе, ол да адам көзі ләззат алатын табиғаттың тамаша көріністерін көргісі келмейді дейсіз бе?! Тіпті, әрбір заттың қандай екенін елестете де алмайтынын айтады. Табиғаттың түрлі құбылыстарын иістерінен ғана айырып, біле алады. Сезу демекші, әдетте, адамның бір сезу мүшесінде кінәрат болса, басқалары өте жақсы істейді. Көзі көрмесе де, иіс түйсігі, есту қабілеті мықты.

— Су қараңғы жандар болады. Мен ымырт түскенін сеземін. Мектепте оқып жүргенде мұғалімдер көзі көрмейтін адамдардың кейбірі самай тұсымен сезеді деп айтқаны есімде қалыпты. Адамдарды сөйлеуінен, дауыс ырғағынан қандай адам екенін топшылаймын. Яғни, әрекетінің, айтқан сөзінің оң-солын шамалаймын, — дейді ол.

Кейіпкеріміз досқа адал. Жастық шағынан бірге жұмыс істеген батыс өңірінің тумасы Марина есімді қазақ қызымен сырлас болыпты. Екеуі тігін кәсіпорнында бірге еңбек еткен. Құрбысы алты жыл бұрын өмірден өтіпті. Сырласын сондай жылылықпен еске алды. Айтпақшы, әлі де Гүлнәр Тоқтасынқызы тігін цехында еңбек етеді. Кәсіпорын қазіргі таңда тапсырыстың жоқтығынан тоқтап тұрғанына қынжылды. Үлкен балалары «жұмысты қойып, үйде отыра беріңіз, сол ақшаны біз берейік» десе де, тастағысы келмейді. Себебі, араласатын орта болғанын қалайды көпшіл жан.

Ең үлкен арманы – көріп кету. «Бір ғажайып жағдай орын алып, көзім көріп кетсе ғой» деп армандайды. Медицинаның да күші жететін күн туар деп үміттенеді.

— Кезінде көзім көрсе ғой деп көп армандадым. Ойымнан шықпайтын. Қазір көндігіп кеттім. Бір жылы 14 жастағы ұлымды ертіп, Новосібірге барып тексерттім. Ғылым әлі маған көмектесетіндей жағдайға жетпегенін білдім. Бірақ, үмітімді үзбеймін, — дейді Гүлнәр ханым.

Зағип жан өмір көшінен қалмай келеді. Оның өмір салтына, бойына сіңірген білім-білігіне қарасаңыз, қайран қаласыз. Аузынан шүкіршілігі түспейді. Ал байбалам салып, барына қанағат етпей, қол жая беретіндерге таң қалатынын айтады. Оларға Абай ақынның «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзін айтты.

Кейіпкеріммен сырласып, зағиптар кітапханасынан шығып, Усолка шағын ауданындағы үйіне дейін жаяу жүріп өттік. Жетектеп жүрудің өзі оңай емес. Үлкен жауапкершілік екен. Дер кезінде алдындағы кедергіні ескертпесеңіз, шалынып қалу қаупі жоғары екенін ұғындым. Сондықтан да мемлекет олардың қауіпсіздігі үшін жанына көмекші қарастырады. Гүлнәр ханымды бүгінде баратын жерлеріне сабақтан босағанда қызы жетектеп жеткізеді. Кейде инватаксиға тапсырыс береді. Сол жол бойы кейіпкерім өмірінің мәні – балалары екенін жиі сөз етті. Бар бақытын отбасылық өмірден тапқанын айтумен болды. Бақытты ана, сүйікті әже қос жанарының көрмейтініне қарамастан, қол қусырып қарап отырудан аулақ. Өмірдің әрбір сыйына риза.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.