Аналардың, әжелердің, келіндердің қоғамдағы орны мен рөлі туралы жиі айтылып, жиі жазылып та жүр. Отбасында бақ-берекенің орнауы, ошақ қасында
тіршіліктің «қайнауы» сол жандарға тікелей байланысты. Осы орайда отағасымен бірге жарты ғасыр тату-тәтті өмір сүріп, балаларына тәлімге толы тәрбие беріп, ізін жалғаған жастарға үлгі-өнеге көрсете білген Тілеулес Мұхаметқалиқызының өмір жолын ерекше атап өтуге болады.

Тілеулес Мұхаметқалиқызының қандай жан болғанын жанында жүрген жұрт жақсы біледі. Қожахмет ақсақалдың қолына келін болып түскеннен-ақ инабаттылығымен, қарапайымдылығымен көрінді. Х ғасырда өмір сүрген данамыз Жүсіп Баласағұн: «Адамға екі дүниеде үш нәрсе керек: бірінші — игілікті іс пен әзіз мінез, екінші – ұят, үшіншісі – әділдік» деген екен. Осы қасиеттер жеңгеміздің бойынан табылды десем, артық айтқандық емес. Әулеттің ақ босағасын аттаған соң үлкендердің ақ батасы қабыл болып, «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендей адал келін келген соң үй де құт-берекеге толды. Төле бидің «Әйелің жақсы болса, бірінші — иманың, екінші — жиғаның, үшінші – ырысың» деген сөзі де бар. Бұл ұлағат та жеңгемізге сай келетіндей. Жолдасы Кемермен 50 жыл отасып, алты баланы өсіріп-тәрбиеледі. Кемер Әшімбетовтің есімі облыс пен елдің жұртшылы-
ғына жақсы таныс. Ауыл-аймақты өркендетуге сүбелі үлес қосқан, өз ісінің нағыз маманы бола білген азаматтың қызметте табысқа жетуі де жарының жайлылығынан болар деп ойлаймын. Тілеулес жеңгеміз отбасындағы шаруаны ширатуымен қатар қоғамға да еңбегін сіңіре білді. Құрметті демалысқа шыққанға дейін елдік, ұлттық істерден шет қалған жоқ. Алланың өлшеп берген жасын мәнді де сәнді өткізіп, өмірдің қызығын да, шыжығын да көріп, бес рақат намазынан қалмай, қажылық парызын орындады. Бүгінде өнегелі әулеттен тәлім алған балаларының барлығы да әке мен ана жолын жалғап, еселі еңбек етуде. Тілеулес жеңгеміз көзі тірісінде 10 немере мен
7 шөбересінің қызығына бөленіп, қуанышын да көрді. Балалары жыл сайын Кемер Әшімбетовтің атында қазақ күресінен республикалық турнир ұйымдастырып, құран бағыштап, ас береді. Әкесінің атын өшірмей, керісінше жаңғыртып келеді. Бұл да ата-анадан алған тағылымның бірі болса керек. Өкінішке қарай, осыдан бір жыл бұрын Тілеулес жеңгеміз де бақиға аттанды. Кемер туысымның ұрпақтары, балалары — Ерлан, Нұрлан, Ержан, Нұржанның анасының жылына арнап оқылатын дұғасы қабыл, марқұмдардың жаны жәннатта болсын. Қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп тегін айтпаған. Кемер Қожахметұлы мен Тілеулес Мұхаметқалиқызы еліне елеулі, халқына сыйлы азаматтарды тәрбиелей білді. Ендігі ретте олардың абырой биігінен түспеуін тілеймін.

 

Махмет ДЕМЕСІНОВ,

Павлодар қаласының Құрметті азаматы.