Тағылымды тарихи нысан

Сәу 17, 2025
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Облыс орталығындағы тарихи маңызы зор көне ғимараттардың бірі — «Ақмешіт» мешіті. Бұл Павлодар облысында бой көтерген ең алғашқы ғибадат үйі болып саналады. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген нысандардың бірі.

Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешіті — 1905 жылы ашылған еліміздегі тарихи мешіттердің бірі. Мешіт ғимараты бір қабаттан тұрады. Онда ерлер мен әйелдерге арналған намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі, екі имамдар кабинеті және кіреберіс холы бар. Ал мешіт ауласында дәретхана мен мәйіт жуу бөлмелері жеке орналасқан. Мешіт мұнарасының биіктігі – 15,5 метр, ал күмбезінің диаметрі – 6,5 метр. Ғибадат үйінің жалпы кеңдігі бір жолда 300 адам намаз оқуға арналған. Мешіттің ішкі сән үлгісінен шығыс дизайнын көруге болады. Қабырғалары Құран сүрелері мен аяттары ойылып жазылған мәрмәр тастармен және керамикамен көмкерілген.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, ғибадат үйі ғимаратының бой көтеруіне павлодарлық ірі саудагерлердің бірі – Абдулфаттах Рамазанов есімді татар көпесі ұйытқы болып, демеушілік жасаған. Ғимарат құрылысы 1902 жылы басталып, 1905 жылы аяқталған екен. Ал оның алдында ағаштан салынған мешіт болып, ол өртеніп кеткен. Ол туралы деректер мемлекеттік мұрағаттарда сақталған. Құрылыс жұмысына жергілікті қазақ және татар азаматтары да барынша қол ұшын береді. Мешіт құрылысына жергілікті жерде өндірілген кірпіш пайдаланылған. Ол кезде Павлодарда екі шағын кірпіш зауыты болған дейді білетіндер. Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы Семей қаласынан да материалдар жеткізілген екен. Мешіт қабырғасын жинау жұмысымен өңірге белгілі тас қалаушы Василий Петров есімді құрылысшы айналысса, өңдеу жұмыстарына Иван Голиков есімді азамат басшылық жасапты. Ал басқа жұмыстарды (құрылыс материалдарын тасымалдау, ағаш кесу, жер қазу, т.б. күрделі қара жұмыстарды) қала тұрғындары атқарған.

«Ақмешіттің» тарихын жазу барысында өңірдің шежірелі қарияларының бірі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Махмет Демесіновпен хабарласқан болатынбыз. Атамыз тағы бір қызықты дерек айтты.

— Көпшілік «Ақмешітті» татар көпесі А.Рамазанов салған деп айтады. Оған таласымыз жоқ, бірақ оның артында кім тұрғанына көп мән бермейміз. Негізі мешіт ғимараты Қазанғап би Сатыбалдыұлының қаражатына бой көтерген деген сенімді дерек бар. Себебі А.Рамазановты осы өңірге алдырған сол Қазанғап би болатын, — деді Махмет ақсақал.

«Ақмешітте» әр жылдары түрлі имамдар қызмет атқарып, өңірімізде діни саясаттың іске асырылуына атсалысты. Алғашқы жылдары қандай имамдар басқарғаны туралы деректер сақталмаған. Ал Тәуелсіздіктен кейін Кененбай Жұматашев, Бақыт Тұрсынбеков, Жұмабай Ықыласұлы, Ризаят Мұхаметжанов, Қайырқанат Болатұлы, Әбдімүтәліп Омаров, Нұрлан Ефратұлы, Жолдас Қоспақұлы сынды исламтанушылар басқарған болса, бүгінгі күні Абылқайыр Қылышев бас имам қызметін атқаруда.

— Мешіт құрылысының жұмысы екі жыл жүргізіліп, үшінші жыл дегенде пайдалануға берілген. Бұл жергілікті мұсылман қауым үшін үлкен қуаныш әрі рухани демеу болды. Екіншіден, тек жатаған үйлерден құрылған ауданға күмбезі көк тіреген әсем ғимарат әдемі көрік беріп тұрды. Бірақ, жамағаттың қуанышы ұзаққа созылмады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басына қара бұлт үйіріле бастады. Сонымен, 1934 жылдары дін тарату жұмысын тоқтатып, мәдени мекемеге айналдырған. Одан кейін пионер үйі, филармония, балалар спорт мектебі ретінде жұмыс істеген. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана мешітке қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, күмбез орнатылды. 1991 жылдың шілде айында салтанатты түрде ашылып, өз жамағатын қайта қалыптастыра бастады, — деді бас имам Абылқайыр Қылышев.

2005 жылы мешіттің 100 жылдығы аталып өтті. Ғибадат үйінің ғасырлық тойына орай толық күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Оған «Қазақстан алюминийі» АҚ демеушілік жасапты. Бүгінде мешітте жергілікті жамағат ғибадат-құлшылық жасаудан бөлек, ерлер мен әйелдерге арналған діни сауат ашу курстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, түрлі мәдени-рухани шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады. Атап айтар болсақ, Құрбан айт, Рамазан айт, Наурыз және тағы басқа мерекелерде мешіт ауласы кіші мерекелік және ұлттық спорт алаңына айналады.

Тілеуберді САХАБА.