Өткен аптаның ортасында «Майқайыңалтын» кенішінде опырылған жерде іздестіру жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Бейсенбіде мамандар төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесін тауып, сыртқа шығарды.
Қаңтар айында орын алған оқыс оқиға кезінде басталған іздестіру жұмыстары бірнеше айға созылғанын атап өткен жөн. Ауа райының қолайсыздығына және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілді. Мамандар іздестіру жұмыстарына таңғы сағат 5.00-ден бастап кіріскен. 24 шілде күні автобустың алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінген. Ал 25 шілдеде сағат 16.20 шама-
сында мамандар соңғы құтқарушы – жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесін тапты. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді.
Облыс әкімі Асайын Байханов Instagram әлеуметтік желісінде Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
— 4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Қайғылы оқиғадан кейін 7 ай өтті. Осы уақыт ішінде қаза болған жандардың туыстары сияқты біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін, — деп жазды Асайын Қуандықұлы.
Іздестіру жұмыстарына түрлі мамандар, сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылып, облыстың барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды.
Аймақ басшысы жоғалған адамдарды табу үшін күні-түні жұмыс істеген барлық адамға алғыс айтты.
Облыстық төтенше жағдайлар департа-ментінің мәліметінше, іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілген. Оған әртүрлі қызметтерден 200-ден астам маман тартылған. 180 мың тоннадан астам тау массасы шығарылды. Бұл жұмыстар шағын экскаваторға автобустың орналасқан жеріне түсіп, жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Шұңқырдың шетінен топырақ пен тау жыныстарының қозғалысы мен құлауына бақылау жүргізілді. Құтқарушылар шұңқыр түбіндегі мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жанармай, тамақ сынды қажетті заттарды түсіру, табылған заттарды көтеру жұмыстары да қолға алынды. Топырақты геосканермен, металл детекторымен, магнитометрмен сканерлеу жұмыстары да жүргізілді.
Бұған дейін іздеу жұмыстары ақпан айының ортасына дейін жалғасып, топырақтың опырылу қаупі болғандықтан уақытша тоқтатылған болатын. Шілде айының басында қайта жанданды. 19 шілдеде мамандар құтқарушы взводы командирінің орынбасары Айдос Шаймерденнің денесін тапқан болатын.
Атап өтерлігі, өткен аптада @gulmir_ktk Instagram парақшасында қаза болған Айдос Шәймерденнің отбасын қаржы-
лай қолдау бойынша арнайы жинақ ашылған болатын. Осы орайда облыс әкімі Асайын Байханов қаза болған құтқарушының отбасына көрсетілген көмек жөнінде ашық
жазды.
Аймақ басшысы жоғарыдағы жазбаны көріп әрі «Отбасы неге назардан тыс қалды?» деген алыпқашпа сөздер туындамас үшін көрсетілген қолдаулар туралы есеп беруді жөн санаған.
2024 жылдың сәуірінде «Майқайың-алтын» АҚ Айдос Шаймерденнің жұбайы Нұрсұлу Шаймерденге 28 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен көрінеді. Осы жылдың басында құтқарушының отбасы мен ата-анасының 8 миллион теңгеден астам барлық несиесі
төленді.
– Менің атымнан облыс әкімдігі 2024 жылдың 1 маусымында Нұрсұлу Шаймерденге Павлодардан 4 бөлмелі пәтер сыйға тартты. Өйткені, Айдостың артында кәмелетке толмаған 5 баласы қалды, – деді облыс әкімі.
Айдос Шаймерден қайтыс болды деп танылғанға дейін отбасы оның орташа айлық жалақысын алып отырды, енді мәйіт табылғаннан кейін жұмыс беруші
10 жылдық орташа айлығының сақтандыру төлемдерін жасайды. Шаймерден отбасы алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды.
Облыс әкімі блогерлер мен белсенділер жариялаған жекелеген көмектерге еш қарсылығы жоқ екенін, тек теріс жаққа пайдалану нысаны болып табылмаса деген тілегін жеткізді.
Жалпы, «Майқайың-алтын» кеніші аумағындағы тазарту кеңістігіне құлаған автобустың ішінде төрт адам болды. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін сол күні тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.