Салқын түскелі жеке үйде тұратын, яғни баспанасын пеш жағып жылытатын тұрғындар үшін көмір сатып алу мәселесі туындайтыны белгілі. Бұл ретте, Павлодар қаласы әкімдігі тарапынан бірқатар санаттағы азаматтарға қатты отын алу үшін бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сонымен, бұл қолдауды кімдер иелене алады? Оған қол жеткізу үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жібек Тасқымбаева  жауап берді.

 — Жібек Назымбекқызы, көмір алу үшін берілетін бір реттік әлеуметтік көмек кімдерге көрсетіледі?

— Бірден басын ашып айта кету керек, бұл көмек қаладағы барлық тұрғынға беріле бермейді. Тек қана I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар мен 18 жасқа дейінгі жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы шаңырақтарға көрсетіледі. Сондай-ақ, осы көмекті алуға табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар да үміткер бола алады. Яғни, ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанындағы есеп бойынша отбасындағы жан басына шаққан-дағы табыс мөлшері 51 221 теңгеден аспайтын шаңырақтар да қатты отын алуға берілетін бірреттік көмекті ала алады.

— Аталған көмекті алу үшін қандай құжаттар жинау қажет және қайда бару керек?

— Мүмкіндігі шектеулі адамдардан мүгедектігі бар екенін растайтын анықтама, өзі тұрып жатқан тұрғын үйге меншік құқығын дәлелдейтін құжат, банктен 20 таңбалы шот нөмірі және жеке куәлік талап етіледі. Егер жер үйді жалдап тұрып жатса, оның иесімен жалдау шарты жасалуы тиіс. Ол болмаған жағдайда тексеру актісі жасалады. Бұл мәселе бойынша толығырақ ақпарат алу үшін Павлодар қаласы Академик Шөкин көшесі, 29/1 үй немесе 67-09-93 телефон нөмірі бойынша білуге болады. Ал көпбалалы отбасылар үшін олардың әлеуметтік мәртебесін растайтын анықтама, жеке куәлік, тұрғын үйге меншік құқығын дәлелдейтін құжаты немесе баспананы жалдап тұрған жағдайда жалдау шарты, банктен 20 таңбалы шот нөмірі қажет. Егер жалдау шарты болмаған жағдайда тексеру актісі бойынша тұрғындар Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайына келіп, кеңес алуы керек. Сондай-ақ, табысы аз азаматтар отбасындағы еңбек етуге қабілетті мүшелерінің өткен айдағы жұмыс орнынан түскен табысы туралы анықтама және жоғарыда айтылғандай қосымша құжаттардың барлығын жинауы қажет. Атап өтерлігі, бұл санаттағы азаматтар міндетті түрде пеш жағатын жер үйде тұруы тиіс. Құжаттар Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайындағы «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінде қабылданады. Ондағы мамандар таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 17.30-ға дейін қызмет көрсетеді. Түскі үзіліс уақыты сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін жалғасады.

— Әлеуметтік көмек ақшалай беріле ме?

— Иә, қатты отын алуға өтініш берген азаматтардың әрқайсысының банктен әкелінген жеке есепшоттарына 69 мың теңге көлемінде қаржы аударылады. Осы қаражатқа олар көмір сатып алуы қажет. Бірақ бұл көмекті алушылардың құжаттары жіті тексеріліп, әлеуметтік қолдауды иеленуге құқығының бар-жоғы анықталады. Себебі, аталған жәрдем барлық отбасына бірдей көрсетілмейді.

— Сонда бұл көмек тек жеке үйде тұратын тұрғындарға ғана қарастырылған ба?

— Әрине, жергілікті әкімдік тарапынан берілетін әлеуметтік қаржылай көмек жеке секторда жер үйде тұратын және пеш жағатын отбасыларға көмір сатып алуы үшін жылына бір рет қана көрсетіледі. Алайда, аталмыш көмек көпқабатты үйлердің тұрғындарына қарастырылмаған. Осыны азаматтарымыз дұрыс түсінуі керек.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.