Таяуда Мемлекет басшысы бюджеттен қаржыландырылатын балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды бақылауға арналған Заңға қол қойды. Аталмыш құжат биыл 1 ақпаннан бастап күшіне енетін болады. Сол бойынша көп кешікпей елдегі бірқатар мекемелер жоспарлы түрде тексерілмек. Бұл бағыттағы шаралар қалай жүргізіледі? Бұзушылықтар анықталған жағдайда қандай жаза қолданылады? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Төлеубекұлы Әлиев жауап береді.
– Елімізде бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған мекемелерді жоспарлы түрде тексеру туралы шешім қабылданды. Бұған не түрткі болды және басты мақсат не?
– Иә, Президент балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібін айқындайтын заңға қол қойды. Сол арқылы балаларға білім беру, медициналық қызмет көрсету және оларды тамақтандыру, тәрбиелеу, сауықтыру сынды шараларға жауапты ұйымдардың жұмысын бақылайтын органдардың өкілеттіктері кеңейтілмек. Яғни, оларға кез келген уақытта тексеру құқығы беріледі. Ал бұрын бұған шектеу қойылған еді.
Бұл жаңа тәртіп мемлекеттік бақылаудың жеделдігін арттыруға, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және жеткіншектердің денсаулығына төнетін түрлі қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Қысқасы, аяқ астынан еш ескертусіз жүргізілетін тексеру жұмыстары балаларды қорғау мүмкіндігін арттырып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді.
– Тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі? Осы бағыттағы жоба-жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…
– Мемлекеттік бақылау төрт бағыт бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, жоспарлы тексеру, жоспардан тыс тексеру, тергеп-тексеру және объектіге барып, мониторинг жүргізу.
Негізі, тексеру шаралары алдымен тәуекелдің жоғары дәрежесіне жататын нысандарға қатысты жүргізіледі. Бұл ретте, жоспарлы тексерулердің жиілігі жарты жылда бір реттен аспауы тиіс. Ал тәуекелдің төмен дәрежесіне жататындарға қатысты жоспарлы тексерулердің жиілігі жылына бір рет болып белгіленді.
Бақылау шарасы алдын ала ескертусіз әрі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидалардың сақталуын тексеру бойынша жүргізіледі. Жоспарлы тексеру тәуекел дәрежесін бағалау талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
Ал мекемелерге барып мониторинг жүргізу ісі ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімі негізінде қабылданады. Көп жағдайда бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Президентінің, Премьер-Министрдің және олардың орынбасарларының тапсырмалары бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жаппай инфекциялық және инфекциялық емес аурулар анықталған кезде, балаларға қызмет көрсететін интернаттық ұйымдардың, білім беру, санаторий-курорттық және сауықтыру мекемелерінің қызмет көрсетуге дайындық деңгейін алдын ала бағалау қажеттілігі туындаған жағдайда уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша тексеру ұйымдастырылады.
– Егер ереже бұзу деректері тіркелсе, мұндай мекемелерге қандай шара қолданылады?
– Бақылау барысында бұзушылықтар анықталса, алдымен нұсқама беріледі. Егер бұл талап орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Мұндай шаралар білім беру, тәрбиелеу, тамақтандыру және сауықтыру ұйымдарындағы санитарлық қағидаларда белгіленген зерттеулердің барлық түрін қамтитын болады. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.
– Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы ретінде осы жағдайға қатысты білім беру мекемелерінің жауапты өкілдеріне қандай кеңес бересіз?
– Елімізде балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға, оның ішінде мектептер, балабақшалар, лагерьлер және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын басқа да білім беру мекемелеріне қатысты мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізілуіне байланысты бұған жауапты жандарға бірқатар міндеттер жүктелуде. Сондықтан олар балалардың денсаулығын қорғауға баса мән беріліп отырғанын түсінуі тиіс. Кез келген білім беру қызметі балалардың денсаулығына, өміріне төнетін қауіптердің алдын алғаны жөн. Әсіресе, тәрбиелеу мен оқыту, тамақтандыру жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.
– Жекеменшік ұйымдарды тексеруге құқықтарыңыз бар ма?
– Егер жекеменшік ұйымдар мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын болса немесе мемлекет тарапынан бақыланатын функцияларды орындайтын болса, әрине тексеріледі. Өйткені, балаларға бюджет қаражаты есебінен қызмет көрсетіліп тұр деп саналады. Мұндай мекемелерге де жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін болады.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
