Аймағымызда 6 қазанда өтетін республикалық референдум кезінде тұрғындарға  учаскені анықтау бойынша көмек беретін «PVLSailau_bot» телеграм боты іске қосылды.

Бұл туралы  аппараттық жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин мәлім етті.

Ағыбай Қойшыбайұлының айтуынша, әр тұрғын аталмыш бот арқылы референдумға қатысатын учаскені біле алады. Сонымен қатар, 109 қызметінің операторлары айына 6 мыңнан 11 мыңға дейін арыз-шағым қабылдайтынын жеткізді. Тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы және сапалы қарауда басшылардың ашықтығы мен тиімділігін және жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Басшылар рейтингі» модулі пилоттық негізде енгізілуде. Бұл азаматтардан түскен кез келген өтініштің немесе ұсыныстың уақытылы және сапалы орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Әр мекенжай бойынша мәселелердің өзектілігін көрсететін «дағдарыстық нүктелердің» арнайы интерактивті картасы әзірленуде. Коммуналдық инфрақұрылым жүйесінде, яғни су, жылу беру, электр жарығы желілерінде қандай да бір ақау орын алған жағдайда, интерактивтік карта арқылы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің аймағы мен саны автоматты түрде анықталады.

Аймақ басшысы тұрғындардың қоңырауын қабылдайтын операторлар жұртшылыққа дұрыс жауап беруі керектігін алға тартты.  Кері байланыс кезінде 109 қызметі  орын алған апаттық жағдай туралы ақпаратты бірден тіркеуі тиіс. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновке міндеттеме тізімін құрастырып, хаттаманы әр қала-аудан әкімдеріне жолдау керектігін тапсырды. Жергілікті билік шаһарларда, аудандарда, ауылдарда желден, судан, электр желісінен орын алған апаттық жағдайды жедел 109 қызметіне хабарлауы тиіс. Ал қоқыстан тазарту, санитарлық талапты сақтау сынды мәселелер екінші кезекте қаралу керек.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.