Күн жылынғалы облыс орталығында көпқабатты үйлердің терезесінен балалардың құлауы жиілеп кетті. Осыған қарамастан кішкентай балалары бар ата-аналар терезелерін қауіпсіздік құралдарымен бекітуге асығар емес. Тұрғындар бүлдіршіндердің биіктен құлап мертігіп немесе қайтыс болған жағдайларды жиі құлағы шалғанымен, қатердің алдын алуға тырыспайтыны таңқалдырады.

Бейнет аяқ астынан

Таяуда Павлодар қаласында бірнеше қайғылы оқиға орын алды. Үш жасар бүлдіршін терезедегі москит торына сүйенбек болып, көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатынан төмен құлап, ажал құшты. Араға ай салып осы қайғылы жағдай тағы қайталанды. Алты жасар бала сегізінші қабаттың терезесінен абайсызда құлап кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Академик Шөкин көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болған оқиға орнына жедел жәрдем дереу жеткенімен, баланы құтқару мүмкін болмаған. 2017 жылы туған бала ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Бұл – биыл бала өліміне әкелген екінші қайғылы жағдай.

Балаларды бір сәтке көзден таса қылмау қажет деген қарапайым қағиданы ата-аналар жақсы білгенімен, жазатайым оқиғалардың жиілеп тұрғаны қынжылтады. Көпқабатты үйлерден абайсызда құлаған балдырғандардың дені – 3-7 жас аралығындағы ұл-қыздар. Жыл сайын полиция департаменті білім беру органдарымен бірлесе отырып алдын алу шараларын жүргізгенімен, терезеден құлау жағдайлары әлі күнге дейін тыйылар емес. Қайта жылдан-жылға көбейіп, зардап шеккендер саны артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 8 бала, 2021 жылы 12 бала биіктен құлап, жарақат алған. Ал былтыр жоғары қабаттардағы терезелерден 31 бала құлап, өкінішке қарай, үшеуі мерт болған.

 «Балам мертігіп қалды»

Павлодар облысы бойынша жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, мертігіп қалған балаларға ұзақ уақыт оңалтудан өтуге тура келеді.

2015 жылы Екібастұз қаласында осындай оқыс оқиға орын алды. Екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетіп, ауыр жарақат алды. Қазақстанның дәрігерлері балаға көмектесе алмайтынын айтқан. Алайда үміт үзбеген анасы Сәния Рахимова Қырғызстаннан дәрігер тауып, баласын емдеуге кірісті. Бала ептеп оңала бастағанымен, өмір бойына мүгедек болып қалды.

— Балаларды бір сәтке көзден таса қалдыруға болмайды. Менің балам екі жасында терезеден құлап, мүгедек болып қалды. Әкесі екеуіміз балаларды кезек қарайтынбыз. Сол күні әкесі жұмыста он минутқа бөгеліп қалды. Маған хабарласып: «келе жатырмын, жұмысыңа бара бер» деген соң алаңсыз шығып кетіп едім. Сол уақытта қолды-аяққа тұрмайтын балам үшінші қабаттағы пәтеріміздің терезесінен төмен құлап кетті. Бұл – тағдырдың жазуы. Әрине, әрбір ата-ана балаларының амандығын қалайды. Қазір оңалтудан өтіп жатырмыз. Осы жағдайдан кейін терезеге бекіткіш орнаттық. Барлық ата-аналарға айтарым, балаларға өте сақ болу керек. Санаулы секундтар баланың тағдырын шешуі мүмкін, — дейді екібастұздық көпбалалы ана Сәния Рахимова.

Оның айтуынша, бұрынғы ағаш терезелер толық ашылмайтын, тек жоғарыдағы кішкене бөлігі желдеткіш ретінде ашылатын. Қазір сәнге айналған пластикалық терезелер қауіпсіздік жағынан тиімді емес.

— Пластикалық терезенің ортасы толығымен ашылады. Оны ашуға көп күш те қажет емес. Ата-аналар қауіпсіздікті ескеріп, терезені тек жоғары жағы ашылатын етіп орнатқаны жөн. Ал бар терезелерді бала өздігінен аша алмайтындай бекіткіш құралдармен жабдықтау керек, — дейді Сәния Рахимова.

Ең бастысы – сақтық

Балалардың терезеден құлап кету жағдайлары әлемде де жиі кездеседі екен. Балалар шыбын-шіркейден қорғайтын москит торын терезе жақтауына бекітілген әйнек ретінде қабылдап, оның қауіпті екенін біле бермейді. Бейсаналы түрде терезедегі торға сүйеніп, биіктен құлап кеткенін сезбей қалады. Осы сипатты қайғылы жағдайларда балалар терезеге кедергісіз шыққан, яғни терезе жанында жиһаз тұрған.

Балалардың құлап кетуінің бірден-бір себебі – кедергісіз ашылатын құлыпсыз терезелер. Қазіргі пластик терезелерді кішкентай балалар да оңай аша алады. Терезеге көтерілуге мүмкіндік беретін жиһаздардың жақын тұруы, оның арнайы құралдармен қорғалмауы – өте қауіпті. Психолог мамандардың айтуынша, балаларда ешбір қорқыныш сезімі жоқ. Сондықтан олар қауіптің қайдан келетінін мүлде аңғармайды.

Көп жағдайда ата-аналар балаларын терезенің алдына апарып, сырттағы жағдайды тамашалауға өздері үйретеді. Кейін балалар терезеге шығып, сыртқа қарауды әдетке айналдырып алады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға ұласып отыр. Осындай сан соқтыратын оқиғаларды болдырмау үшін балаларды терезеден алыс ұстаған жөн.

Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, полиция департаменті облыс қалалары мен аудандарының әкімдерімен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын ұйымдас-тыруда. Мемлекеттік органдардың (әкімдік, СЭС, ТЖД, прокуратура, білім беру, кәсіпкерлік, еңбек және әлеуметтік қорғау) және қоғамдық құрылымдар өкілдерімен бірлесіп, халықпен түсіндірмелер жүргізіледі.

Қарапайым сақтық шараларын қолдану арқылы жазатайым оқиға-лардың алдын алуға болады. Сондықтан ата-аналар балаларымен әңгімелесіп, қауіпсіздік ережелерін естеріне салып отыруы тиіс. Ал кішкентай балалары бар үйлерде терезелерді ашық қалдырмаған абзал. Бұл – балалардың өмірін сақтап қалудың ең оңай жолы. Бала-шағасының амандығын ойлаған әрбір ата-ана үйдің терезелеріне арнайы бекіткіштер орнатып, барынша қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салу қажет.

Торғын ОРАЗАЛЫ.