Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын еліміздің барлық дерлік өңірі жаңа сағат белдеуіне көшкен еді. Павлодар облысының тұрғындары да сағат тілін бір сағатқа жылжытты. Кейін көпшілік мұндай өзгеріс ыңғайсыз екенін алға тартып, бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрады. Бұл мәселені мамандар егжей-тегжейлі зерттеп, бір байламға келді.
Бұған дейін кейбір қоғамдық бірлестік өкілдері мен тұрғындар тарапынан Үкімет пен Парламентке уақыт белдеуін қайта қарауға қатысты өтініш жолдаған еді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, 1 наурызға дейін тиісті сараптамалық жұмыстарды жүргі-зуді жүктеген еді. Күні кеше оның қорытындысы Үкімет отырысында қаралды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, кешенді мониторинг сараптамалық қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып жүргізілді.
Талдау нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсер етпейтінін көрсетті. Денсаулыққа, энергияны тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлік оқиғалары деңгейіне және қылмысқа әсерін қоса алғанда, 40-тан астам метрика мен көрсеткіш зерттелді. Кешенді тәсілде деректерді талдау, сауалнамалар мен уақыт ауысуына дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыру қамтылды.
Бұл ретте министр Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) мәслихат депутаттары жұмыс кестесін түзету жөніндегі бастаманы қолдағанын айтты. Қазір аталмыш аудан тұрғындары үшін жұмыс уақыты 8.00-ден 17.30-ға дейінгі аралықта болып белгіленді. Мұндай өзгеріс тұрғындар тарапынан оң бағасын алды.
— Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті, — деп атап өткен Премьер-Министр Олжас Бектенов Парламент Мәжілісімен бірлесіп тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, аталмыш мәселе Мәжілістегі «AMANAT» Фракциясының отырысында қаралды. Бұл зерттеу жұмысы фракция ұсынымын іске асыру шеңберінде 6 бағыт бойынша жүргізіліп, зерттеу барысында географиялық параметрлері ұқсас әр түрлі мемлекеттің тәжірибесі назарға алынды.
Депутаттар алдында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жаңа уақыт белдеуі қоғам өміріне теріс әсер етпегенін алға тартты.
– Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Аталған мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып, оны толық негізделген деп санайды, – деді вице-премьер.
Халық қалаулыларының сұрақ-тарына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің өзге де өкілдері жауап берді.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар санының төмендегенін атап өтті. Мәселен, жедел жәрдем шақырту саны 0,4 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5 пайызға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6 пайызға, жарақаттану көрсеткіші 3,3 пайызға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7 пайызға төмендегені байқалды. Яғни, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізуде, деді министр орынбасары.
– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды. Ол ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен өткізіліп, Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізділігін көрсетті, – деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Талқылау жұмысын қорытын-дылай келе, депутаттар Үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдап, оның қорытындысын қалың бұқараға жеткізудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру керек.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.