Өңіріміздегі «Автомобилист» спорт кешенінде балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өтті. Шараны «Amanat» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырды.
Бұл фестиваль өңірде екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Облыстық кезең үш жарыстан тұрды. Оның алғашқысы жеңіл атлетика бойынша өтті. Жас ерекшеліктеріне қарай 3-сынып пен 8-сынып оқушылары қыздар және ұлдар болып бөлек сайысты.
Ал фестивальдің негізгі бағдарламасы эстафеталық жарыстан басталып, кейін бочча ойынымен жалғасты. Барлық ойындар халықаралық ережелерге сәйкес өткізілді. Ерекшелігі, әр командада үш бала өнер көрсетеді, олардың біреуі міндетті түрде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушы болуы шарт. Сонымен қатар, әр бала өз мүмкіндігіне қарай жарыс түріне қатысты. Былтыр павлодарлық оқушылар республикада бочча спортынан екі жүлделі орын иеленіп, жеңіл атлетикадан үшінші орынды қанжығалаған еді.
– Бұл фестивальдің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендіру, оларды қатарластарының ортасына бейімдеу. Диагноздарына қарамай, жалпы балалармен бірге жарыс ұйымдастыру – олардың сенімділігін арттырып, спортқа деген қызығушылығын дамытады, – дейді аймақтық дене шынықтыру оқу-тәжірибелік орталығының басшысы Бақтияр Түсіпов.
Айта кетейік, фестивальге қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Егер өткен жылы 90 бала бақ сынаса, биылғы додаға 200-ге жуық оқушы жиналды. Олардың қатарында жаңа аудандар мен жаңа мектептердің де өкілдері бар. Солардың ішінде Баянауыл ауданының оқушылары осы жылы сайыста бірінші рет бағын сынады. «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко фестивальға қатысқан балалардың ата-аналарына алғысын білдірді.
– Облысымыздың бочча федерациясы республика бойынша 20 өңірдің ішінде тұрақты түрде үздік бестіктің қатарынан көрінеді. Тіпті алғашқы орындарды да иеленіп жүр. Мұндай жетістікке ата-аналардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігі мен осы спорт түріне ерекше көңіл бөлуі жеткізіп отыр. Біз ылғи әр жыл сайын өтетін осындай шараларға қатысатын балалардың ата-аналарымен тығыз байланыстамыз. Мүгедектігі бар балаларын тастамай, барлық қиыншылыққа төзіп келе жатқандары үшін оларды әлемдегі ең мықты адам десем де артық етпес. Сондай жандарға алғысымды білдіріп, әрі қарай да жалғастыра беруге тілектеспін, — дейді И.Теренченко.
Осылайша, «Тең мүмкіндіктер» жобасы балалардың спорттағы жетістігін ғана емес, қоғамдағы тең құқығын да айқындай түсуде. Жеңімпаздар 4-7 қараша аралығында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.