Соңғы кезде мектеп ауласын торуылдаған түрлі адамдардың әрекеті тұрғындарды толғандырып қойды. Ата-ана баласының қауіпсіздігіне алаңдап қалды.
Енді қоғам болып балаларды мұндай пиғылы арам адамдардан қалай сақтауымыз қажет?

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Көпшіліктің есінде, биыл қыркүйектің ортасында Кенжекөл ауылдық мектебінің ауласына енген бейтаныс ер адам бірінші сыныптың екі қызын алдап, ертіп әкетпекке әрекет етті. Қыздарға алып кетуі тиіс аналарының жұмыстан шыға алмағанын, сондықтан ол үйіне ертіп кететінін айтқан. Абырой болғанда, аналарының бірі келіп, ер адамның арам пиғылына тосқауыл болды. Ал бес минутқа кешіккенде не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Араға біраз уақыт салып, Павлодар қаласындағы №16 орта мектептің ауласына кірген ер адамның дәл балалар алаңының маңында киімін шешіп, ерсі қылық жасағаны әлеуметтік желіге шығып, елдің жағасын ұстатты. Оқиға демалыс күні орын алғанымен, ата-аналар қауымы мұндай «қылықтардың» қаптап бара жатқанына қынжылады. Тағы бір жағдайды естеріңізге түсірейік, биыл мамыр айында Павлодар қаласының №43 мектебінің қоршауы-
ның сыртынан әйелдің көйлегін киген ер адамның торуылдап жүргені әлеуметтік желіде тарады. Бұл деректер бойынша құзырлы органдар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзған адамдарды анықтады. Алғашқы екі оқиға бойынша ерлердің мас күйінде әрекет еткені белгілі болды. Екеуі де ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталып, 10 күнге жабылды. Ал әйел кейпіне енген ер адамның ақыл-есінде кемістігі бар деп арнайы ауруханаға жатқызылды. Иә, біз әңгіме еткен үш оқиға да ауыр жағдайларға душар еткен. Алайда, қауіптің барын мойындауымыз керек. Сондықтан бұл ретте балаларымызды мұндай пиғылы арам немесе арақтың кесірінен жасайтын әрекетіне есеп бере алмайтын адамдардан қорғау үшін барынша сақтық қажет-ақ. Бұл ретте, Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинге хабарласып, жайсыз жайттардан кейін қандай істер қолға алынғанын сұрадық.

— Мектептерде 2020 жылдан бері мамандандырылған күзетшілер жұмыс істейді. Бір тәулікте бір күзетші қызмет етеді. Одан бөлек, жұмыс уақыты кезінде мектеп вахтері бар. Күзетшілер қандай да бір оқиға орын алып, өз шамасы жетпейтінін білсе, дабыл түймесін басуына болады. Күшейтілген күзет қызметі бірер минутта жетіп келеді. Соңғы оқиғаларға байланысты соншалықты жаңашылдық енгізілген жоқ. Бұрынғы форматтағы жұмыстарды күшейттік. Бейнебақылау камералары арқылы да айнала, мектеп
іші бақыланады. Сонымен қатар, мектептің әкімшілік қызметкерлерінің күзетшілігі де ұйымдастырылады. Яғни, мектеп директорының орынбасарлары, әлеуметтік педагог, психолог арнайы бұйрықпен бекітілген кесте бойынша кезекшілік етеді. Осы жұмысты биыл күшейттік. Күзетші мектеп ішінен бөлек, ауланы да айналып, бір қарап шығады, — дейді Қ.Қыдыралин. Мектеп тарапынан осындай жұмыстар бар. Бірақ, сақтық бір тараптан ғана емес, жан-жақтан болуы керектігін айтады құқық қорғау органдарының өкілі. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, ата-ана жауапкершілігін арттыру қажет.

— Бала бақылауда болғанда ғана қауіпсіз болады. Оқушының мектепке келуі мен үйге қайтуы қос тараппен келісіліп отыруы тиіс. Бейнебақылау камераларының әрдайым ақаусыз жұмыс істеп тұрғаны да қадағалануы керек. Жалпы, қоғам болып айналамызға бей-жай қарамауымыз қажет. Күдікті адам көрсе, полицияға хабарласу көп жайттың алдын алар еді. Сонымен қатар, өзгенің баласына қол тигізудің өзі заңбұзушылық екенін естен шығармаса деймін адамдар, — дейді Б.Қамзина. Сонымен қатар, әр мектептегі оқушылар мен қызметкерлер санына қарай бейнебақылау және басқа да дабыл қағу құрылғыларымен қамтамасыз етілудің нақты талабы барын айтты. Бұл талап ҚР Білім және ғылым министрлігінің 117-бұйрығымен бекітілген. Мәселен, оқушылар мен қызметкерлер саны 300-ге дейінгі мектептер міндетті түрде хабарландыру және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Ал екінші топқа жататын, яғни, шәкірттер мен бүкіл персоналының саны 300-700 аралығындағы білім мекемелерінде дабыл түймелері болуы шарт. Бұл түймелер аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімімен немесе күзет қызметінің бейнебақылау жүйесімен байланыста болуы керек. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларындағы жазбалар бірден полицияның жедел басқару орталығына тура жіберілетіндей күйде болуы қажет. Үшінші топқа кіретін, нақтысы, балалар мен барлық қызметкерлер саны 700-ден асатын мектептерде жоғарыдағы талаптардың барлығы болады. Оған қоса, мектепке кіріп-шығуды бақылау және басқарудың жүйесімен қамтылады. Яғни, турникеттер мен лицензияланған күзет қарастырылады. Түрлі техникалар мен жауапты мамандар бақылауды мектепте, ауласында жүргізер. Ал мектепке ересектерсіз барып-қайтатын балаларды ауладан тыс жерде қалай қорғаймыз? Барлық ата-ана баласын қолынан жетектеп мектепке кіргізіп, сабақтан соң күтіп алып кете алмайтыны рас. Әсіресе, қалалық елді мекенде бұл мәселе өте өткір. Осы ретте, облыстың психологтардың шығармашылық тобының жетекшісі Ирина Карпова кеңесімен бөлісті.

— Біз көбінде қандай да бір оқиға орын алғанда ғана балаға айтып, сақтанып жүр, дейміз. Одан кейін жарты жылдап есіне де салмаймыз. Ал мұндай жайсыз жайт дәл осы ескертпеген, бала әлдеқашан есінен шығарған сәтте орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан күнделікті құлағына құя берген абзал. Түрлі айла-тәсілдерді, мысалдарды келтіре түсіндіру қажет. Қазіргі кезде алаяқтар да, арам пиғылды адамдар да балаларды алдап-арбаудың жаңа тәсілдерін ойластырып отырады. Балаңызға бөгде адаммен ешқашан тілдеспеуін үйретіңіз. Кейде ондай адамдар балаға «жолды көрсетіп жіберші», қай жерде еді» деген сылтаумен ертіп әкеткісі келеді. Есі дұрыс адам көмекті баладан ешқашан сұрамайтынын ескертіңіз. Яғни, ондай көмекті өзге ересек адамдардан алуы тиіс екенін түсіндіріңіз. Ал баласын мектепке апарып-әкете алмайтын ата-аналар көршілес тұратын оқушылардың ата-аналарымен келісіп, кезектесуді жолға қойғаны жөн болар, — дейді психолог И.Карпова.

Түйін:

Қауіп қашан және қай уақытта келетінін ешкім болжап біле алмасы анық. Алаяқтардың, арам пиғылды адамдардың ойында не бары да байқалмайды. Демек, бала — қорғансыз. Сондықтан жауапкершілік — ересектердің мойнында. Мектеп қолда бар құрал-жабдықтары мен қызметкерлерінің көмегімен баланы барынша қорғауға міндетті. Ал ата-ана баланың бойында осындай қауіпке қарсы тұрар иммунитет қалыптасыруға, ақыл-кеңесін аракідік емес, әрдайым құюға жауапты. Яғни, бірлесу арқылы ғана теріс пиғылдыларға тойтарыс жасау мүмкін болмақ.