Әр саланың өз жетістігі мен мәселесі бар. Жылан жылының аяқталуына байланысты облыстағы дін саласында атқарылған жұмыстарға да шолу жасадық. Биыл осы салада ең көп айтылған тақырып – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы. Бұл – еліміз үшін ең маңызды даталардың бірі болды.
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облысына бір рет іссапармен келіп, жамағатпен кездесіп, бірнеше ірі шараға қатысып қайтты. Атап айтсақ, Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Богатырь көмір» ЖШС жұмысшыларымен кездесу өткізіп, облыс орталығында отбасы құндылығы тақырыбында өткен конференцияға қатысып, сөз сөйледі.
Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының айтуынша, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттер төрт бағыт бойынша жұмыс атқарған. Олар – «Дін мен дәстүр», «Иқсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат ағымдардың алдын алу». Биыл облысқа қарасты ауылдарда екі мешіт ашылып, мұсылман жамағатының игілігіне берілді. Оның бірі – Ақсу қаласы ауылдық аймағына қарасты Құркөл ауылында, екіншісі – Баянауыл ауданының Мұса Шорманов ауылында бой көтерген «Қаныш ата – Ғабдулғани» мешіті. Қос мешітті де сол ауылдарда туып-өсіп, түрлі салада кәсіп істеп жүрген азаматтар мен ауыл тұрғындары бірлесіп салыпты.
– Соның нәтижесінде биыл облыстағы мешіттер саны 111-ге жетті. Одан бөлек, тағы 18 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. 9 ғибадат үйіне жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл облыс аумағындағы намазханалар саны 19-ға жетті. Яғни, жамағат үшін жол бойы намаз оқып, құлшылықтарын жасауға барлық жағдай жасалды. Осы жылы қолға алынған тағы бір үлкен жоба – медресеге қосымша ғимарат салу ісі. Жергілікті кәсіпкерлер мен жамағаттың қолдауының нәтижесінде жұмыстар соңына дейін жетіп, пайдаға берілуге жақын тұр, – деді Жолдас имам.
Діни басқарма әр жылды бір тақырыпқа арнап, жыл бойы сол бағытқа айрықша мән беріп, күшейтілген түрде жұмыс жүргізеді. Биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялап, осы тақырыпқа көп көңіл бөлінді.
– Неге десеңіз, қазір отбасы мәселесі өзекті болып тұр. Соның ішінде жаңа отау құрған ерлі-зайыптыларға көп кеңес берілуі керек деп санадық. Мысалы, олардың алғашқы некелесу рәсімінен бастап, өмір сүру бағыты, балаларға білім мен тәрбие беру, жас жеткіншектерді лудоманиядан сақтау сынды мәселелер бойынша нақты психологиялық кеңестер берілді. Сонымен қатар, ажырасудың алдын алу, отбасы құндылығы мен неке адалдығын сақтау мәселесі де тақырыптан түскен емес, – деді.
Биыл дін саласында болған басты жаңалықтардың бірі – имамдарды дуалды оқыту жобасы. Бұл еліміз бойынша жүргізілуде. Яғни, имамдар жұмыстарын істей жүріп медресе-колледждерінде және жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай туды.
– Медресе және университет бітірген жас мамандарды діни қызметке тарту жұмысы да күн тәртібінен түскен жоқ. Биыл медресе бітірген бірнеше түлекті қалалық және аудандық мешіттерге жұмысқа алдық. Сонымен қоса, ауқатты азаматтарды ел игілігі үшін уақып жасауға тарту, қонақасын бір жүйеге түсіру, адал өнім ұсынатын кәсіпорындарға сертификат беру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстың бас имамы.
Тілеуберді САХАБА.
