Астана қаласында Павлодар облысының әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында трамвай желісін жаңғырту жөніндегі жобаны қолдау туралы келісімшартқа, сондай-ақ «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ мен ЕҚДБ арасында несиелік келісімге қол қойылды.
Іс-шараға ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап жергілікті мемлекеттік органдар трамвай желісін жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін пысықтады.
Барлық шарттарды зерделеп, ЕҚДБ арқылы несие алу туралы шешім қабылданды. Банк 25 жаңа трамвай сатып алу үшін 5 млрд теңге қаражат бөледі. Вагондарды жеткізушілерге қойылатын міндетті шарт – трамвайлардың экология, қауіпсіздік және энергия үнемдеудің үздік салалық стандарттарына сәйкес болуы және вагондардың 20 шақырымға дейін автономды жүру мүмкіндігін қамтамасыз етуі.
Серік Барлыбайұлы қаржы институтының басшысына облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жөніндегі әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Бұл жолаушы тасымалының сапасын едәуір арттырып, трамвайлардың жүру аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.