Трендке айналған «құбыжық» ойыншық

Там 7, 2025

«Лабубу» деп аталатын ойыншық аз уақыттың ішінде әлеуметтік желіні жаулап, балалар мен жасөспірімдерді тәнті етіп отыр. Түр-сипаты сүйкімсіз, қорқынышты көрінетін бұл ойыншыққа балабақшадағы сәбилерден бастап, оқушыларға дейін ерекше қызығады. Тіпті, шалбары мен сөмкесіне тағып, аксессуар ретінде пайдаланатын ересектер де бар.  Бағасы өте қымбат тұратын ұсқынсыз құбыжыққа құмарлық неден туындап отыр? Лабубу бала психологиясына қалай әсер етеді?

Бар қызық – қаптамада!

Қазір ойыншық дүкендерінде сұранысқа ие кейіпкер – Лабубу. Тек Қазақстанда ғана емес, әлемде танымалдыққа ие болған жұмсақ ойыншықты сұрамайтын бала жоқ. Лабубу – 2015 жылы гонконгтік суретші-иллюстратор Касинг Лунг ойлап тапқан персонаж. Құбыжық кейіпкердің құлағы үшкір, көзі үлкен, тоғыз тісі ақсиып күліп тұрады. Бірақ ойыншықтың атағы 2025 жылы кореялық танымал әнші, Blackpink тобының солисі Lisa аксессуар ретінде ұстап шыққаннан шықты. Кейін Лабубуды Риана, Ким Кардашьян, Дуа Липа сияқты  әлемдік жұлдыздар ұстап, танымалдығын арттырды.

Ойыншық көп жағдайда қаптамаға салынып сатылады.  Яғни, бала  ашқанда ішінде тосынсый күтеді. Қаптаманы ашып, түрлі түсті Лабубуларды түсірген видеолар әлеуметтік желіде тез тарап, балаларды қызықтырды. Бұл да ойыншықтың танымалдығына әсер еткен болуы керек. Маркетологтар Лабубуды тек ойыншық емес, образды толықтыратын аксессуарға, стиль түріне, хоббиге де айналдырып жіберген. Мәселен, сөмкеге аксессуар ретінде тағу, кілт қыстыратын брелок ретінде пайдалану, тіпті көліктің әйнегіне іліп қою арқылы трендке айналды.

Бағасы удай

Лабубу ойыншығының бағасы да арзан емес. Түпнұсқасы өте қымбат. Жасанды жұмсақ ойыншықтың да бағасы ұшып тұр. Мәселен, шетелден әкелінетін түпнұсқа түрлері 60 мың теңгеден басталып, 190 мың теңгеге дейін саудаланады. Жасанды түрлерін базарлардан ең кішкентайын 2  және 5 мың теңге көлемінде сатып алуға болады. Мына қызыққа зер салайық. Яндекстің мәліметінше, мамыр айында «Лабубу» кілт сөзін терген сұраулар саны бір миллионнан асқан. Ал маусым айында құбыжық ойыншық туралы ақпарат тәулігіне 100 мың рет сұралған.

Қазір ата-ананың басым көпшілігі балаларына қуаныш сыйлау үшін  ештеңе аямайды. Баланың серігі де, ермегі де – ойыншық. Сондықтан трендке айналған қуыршақты ұл-қызына сатып әпермеген әке-шеше жоқ шығар. Бәрі де бала қатарынан қалмаса екен дейді.

Өмірімізге енген

Павлодар қаласының тұрғыны  Гүлия Қылышбекқызы 3 қызына бірдей Лабубу сыйлағанын айтады.

— 4 жастағы кенже қызымның 3 және 5-сыныпта оқитын әпкелері бар. Демалыс күні шаһардағы «Miras» сауда үйіндегі  «Ғажайыптар әлемі» атты балалар ойын алаңына апардым. Әлгі алаңның маңайындағы дүңгіршек сөресі Лабубу ойыншығына толып тұр. Балаларым сатып әперуімді жалына сұрады. Сөйтіп, кіші қызыма қаптамадағы кішкентай түрін 15 мың теңгеге сатып әпердім. Ересек қыздарыма шағын дүкеннен кішкентайын 4 мың теңгеден сатып алдым. Балаларым қатты қуанды. Қазір Лабубудың түр-түрі шығып жатыр. Қыздарым әлі күнге дейін осы ойыншықтың өзге түрін сұрап жүр. Тіпті, топтамасын жинағылары келеді. Лабу-Лабубу деген танымал әнді де жатқа біледі, — дейді ата-ана.

3 баланы тәрбиелеп отырған Павлодар қаласының тұрғыны Дана Маратқызы балаларына Лабубуды сатып әпермеген. Себебі жолдасы құбыжық ойыншықты сатып алуға тыйым салған.

— Ұл-қызымның әкесі түрі ұсқынсыз ойыншықты сатып алуға қарсы. Балаларға ойлау қабілетін дамытатын  ойыншықтарды алғызады. Бірақ Лабубудың трендке айналғаны соншалық, толығымен бас тарта алмайтын жағдайға жеттік. Өйткені қазір балалар киімінде Лабубу бейнеленген. Мектепке қажетті дәптер, күнделік, сурет қағазы, қалам, қарындаш,  блокноттың бәрін осы кейіпкер жаулап алған. Балалардың сөмкесінде де – Лабубу. Қыз балалардың шашына арналған сәнді бантик, резинкаларда да — осы ойыншық. Қазір балалар әлеуметтік желіде Лабубуды күнде көретіндіктен сол кейіпкердің бейнесі бар затты алғысы келетіні рас. Тіпті, балалардың туған күн кешін өткізетін аниматорлар да Лабубу бейнесінде қатысады. Сондықтан бұл кейіпкерден бас тарту мүмкін емес, — дейді ата-ана.

Бала психикасын бұзады

Қорқынышты ойыншықпен ойнау алаңдата қоймайтын дүние секілді көрінгенімен баланың психологиясына қауіпті дейді мамандар. Құбыжық бейнесі баланың ішкі дүниесіне үрей салады.

Психолог Жанар Қалиева Лабубу бала психикасына қатты әсер ететінін айтады.

— Бала біткеннің жүрегін баурап алған Лабубу ойыншығына сұраныс күн сайын артуда. Лабубудың мимикасы, үрей тудыратын бейнесі, өткір тістері кішкентайлардың дамуына кері әсер етеді. Сондықтан ата-аналарға трендтің соңына ере бермеу керектігін айтқым келеді. Бала 5 жасқа дейін қоршаған ортадағы құбылыстарды тез қабылдайды. Мейірім, махаббат, жылулық сезімін тез ұғады.  Ал Лабубу ойыншығын алған кезде баланың дүниетанымы, әр нәрсені қабылдауы өзгеріп, мінез-құлқында агрессия пайда болуы мүмкін. Тіпті, сол бейнені қалыпты деп қабылдап, өзі де соған ұқсағысы келуі ықтимал. Сондықтан бала агрессияны қалыпты деп қабылдай бастайды. Құбыжықтың тістеніп тұрған бейнесі ішкі жан дүниесіне қорқыныш сыйлайды. Балалар Лабубуды күнде әлеуметтік желіден көргенімен қатар, қолында ойыншығын ұстағандықтан түнде шошынуы да мүмкін. Қымбат ойыншық болған соң бала өзін өзгелерден жоғары санайды. Сондықтан бала санасын улап жатқан кейіпкерден бас тартуды сұраймын, — дейді психолог.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда медицина қызметкерлері де бұл ойыншыққа қарсы шыққан болатын. Себебі құбыжық түріндегі қуыршақтың өзі де, құрамы да қауіпті дейді дәрігерлер. Эпидемиологтар ата-аналарға тауарды алмас бұрын сапасы мен таңбасын тексеріп алуға кеңес береді.

Қазіргі уақытта әлемдік трендке айналған Лабубудың сатылымына елде шектеу қойылмаған. Естеріңізде болса, Лабубу шыққанға дейін Куроми ойыншығы трендте болды. Түрі қорқынышты Хагги Вагги, Киси Мисилардың да дәуренін ұмытпаған болармыз. Бәрінің де түрі –
ұсқынсыз. Ал енді Лабубуды қандай ойыншық алмастырады екен?

Айдана ҚУАНЫШЕВА.